Еліміздің бас қаласының тұрғыны Әнуар Шаймергенов кәсіптің көзін таба білген жігіт. Ол гаражында түрлі күймелер жасап шығарып, қалаға келген туристерді қыдыртады. Айтуынша, тек туристерден ғана емес, кәсіпкерлерден де көп табыс түседі екен.
Алғашқы күймесін 2012 жылы құрап шығарған. Бүгінге дейін осындайдың тоғызын жасапты.
– Бұл іске кіріспес бұрын жеке бизнесімді бастауым керек болды. Астанада жылқы ұстайтын таныстарымыз бар. Ойлана келе сәнделген арба жасау туралы шешімге тоқталдым. Себебі, үйлену тойларында лимузиндер жалдап жатады ғой, күймелерге де ұсыныс түсер деген ой келді. Ең біріншісін отбасыммен бірігіп жасадық. Интернет беттерінен түрлі мәліметтерді қарап шықтым. Бірақ жай ғана қарап отырып ешнәрсені түсінбейді екенсің. «Шешінген судан тайынбас» деп, екі білегімді сыбана кірісіп кеттім. Алғашқыда әрине, жіберген қателіктерім болды. Бірақ сол кемшіліктерімді түзей жүріп, көп нәрсені үйрендім. Күйменің түр-түрін жасап көрдік. Соңында көңілімізден шыққан нұсқаға тоқталдық. Осылайша, уақыт өте келе осы істің қыр-сырын жетік меңгеріп алдым, – деді талантты жігіт.
Бір күймені дайындау үшін оның кем дегенде екі ай уақыты кетеді екен. Алайда, «Еңбегіне қарай – өнбегі» дегендей, бір арбаның құны шамамен үш миллион теңгеге сатылады. Осыған дейін Алматыдан, Балқаштан, Қарағандыдан, Шымкенттен келген кәсіпкерлерге сатылыпты. Арасында Ресейге де жіберілгені бар екен.
Дайындау барысында ол көбіне ағаш пен металл пайдаланады. Ал қазір «король күймесін» жасамақшы болып жүр.
– Шыны керек, бұл үлкен жоба болғалы тұр. Мен оны сатпауым да мүмкін. Ол осыған дейін дайындағандарымның ішінде көбірек уақыт алайын деп тұр. Іші-сырты да өзгешелеу болары анық. Өзім алтын түстес болғанын қалап отырмын. Әрине, бұл жөнінде отбасыммен де ақылдасып барып шешім қабылдаймын, – деді Әнуар Шаймергенов.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»