Кеше Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XV отырысы өтті
Оған қатысушылар былтыр өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезінің және Хатшылықтың XIV отырысының қорытындылары бойынша пікір алмасты. Одан бөлек, күн тәртібінде тағы басқа бірқатар мәселе қаралды.
Отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр күні өткен «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция съезде қаралатын мәселелердің өте маңызды екенін тағы бір дәлелдегенін атап өтті. Сенат Төрағасының айтуынша, конференция барысында террорға қарсы әрекеттердің қатары толығып, аталған зұлымдықпен күресте парламент мүшелері мен рухани қайраткерлердің өзара ынтымақтастығының негізі қаланды.
Қ.Тоқаев Хатшылық мүшелерінің қолдауымен V Съездің Қорытынды декларациясына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес үндеуі» енгеніне назар аударды. «Бұл үндеулерде барлық әскери жанжалдарды тоқтату және бітім жариялау, кез келген саяси қарама-қайшылықты шешуде күш қолдануды батыл түрде теріске шығару, ірі державалар арасындағы сенімсіздік шыңырауының ұлғая түсуін жою, дінаралық араздықтарды тұтандыру үшін масс-медианы қолдану тәжірибесін тоқтату, сондай-ақ, кедейшілік, аштық, эпидемия, жұмыссыздық, табиғи зұлматтар мен техногендік апаттар проблемаларын шешу үшін діни және саяси күш-жігерді біріктіру мәселелері сөз болғаны белгілі. Аталған «Бес үндеу» лайықты қолдау тауып, Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселелерді БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында және «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде де көпшіліктің назарына ұсынды», – деді Қ.Тоқаев.
Осылайша, Сенат Төрағасы былтырғы V Съезді қорытындылап, оның табысты өткеніне тоқталды. Сондай-ақ, ол сол іс-шараға қатысқан БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның «тынышсыз кезеңде діни көшбасшылардың рөлі аса маңызды» деген сөзін еске алып: «Олар ортақ мәселелерді шешу мен бейбітшілікке қол жеткізуде жалпы негізді ұсына отырып, қоғамдастықтарды біріктіру жолында діни байланыстырушы қызметін атқарады. Себебі, қазіргі таңда діни көшбасшылардың съезі жаһандық «рухани дипломатияның» маңызды институтына айналып үлгерді», – деді.
Сонымен қатар, жиын барысында дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Құрмет медалінің тағайындалғаны, сондай-ақ, Бейбітшілік және келісім музейінің ашылатыны белгілі болды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов баяндады. «Аталған сыйлық пен медальді тағайындау туралы бастаманы алғаш болып былтырғы V съезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Осыдан кейін Хатшылық съезд наградалары мен мұражайдың тұжырымдамаларын әзірледі. Соның негізінде сыйлық пен медаль «дінаралық үнқатысуды нығайтуда көрнекті үлесі мойындалғаны үшін» анықтамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары мен белсенділеріне, қоғам және саяси қайраткерлер мен ұйымдарға берілуі тиіс деген бастамалар қолдауға ие болды. Марапаттау туралы шешімді Қазақстан Президентінің төрағалығымен діни көшбасшылар кеңесі қабылдайды», – деді ол.
Ал жаңа музей туралы М.Әзілханов: «Музей Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі мен оның тарихи рөлін насихаттауға бағытталған құжаттар мен артефактілерді және басқа да материалдарды жинақтау мақсатында құрылады. Сондай-ақ, ол жерде мәдениеттер мен діндер үнқатысуын дамыту мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Хатшылық мүшелері музейдің халықаралық болуы және әлем елдерінде көшпелі көрмелер өткізуі керектігі туралы ұсыныстарын жеткізді. Одан бөлек, жаңа нысанның арнайы веб-сайты іске қосылатынын атап өткен жөн», – деді. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, музей Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында орналаспақ.
Отырыс барысында қаралған келесі мәселе 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің тақырыбы болды. Қатысушылар соңғы жылдардағы лаңкестік сын-қатердің күшейгенін ескеріп, келесі жиынды осы мәселе төңірегінде өткізуді бірауыздан қолдады. Нәтижесінде «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» тақырыбы бекітілді. Осыған орай VI съезде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жаһандық қауіпсіздіктің тұжырымдамасы ретінде», «Ауыспалы геосаясаттағы дін. Адамзатты біріктіру үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын-қатерлер мен жауаптар», «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеруде» атты төрт секция жұмыс істейтін болды.
Іс-шара соңында Хатшылықтың XVI отырысы өтетін жер мен мерзімі белгіленді. Соған сәйкес, оның мүшелері келесі жылдың 9 тамызында Астанада бас қосатын болды.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»