02 Маусым, 2016

Жол торыған қарақшы

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
aliment20 жылға сотталуы керек Студент Әйгерім Оспанбекованы өлтіргені үшін күдікті ретінде ұсталған Әлішер Арғынбаевқа қатысты алғашқы сот отырысы Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында өтті. Арғынбаевтың қылмысы толық дәлелденген жағдайда ол 20 жылға дейін сотталуы әбден мүмкін. Ал күдіктінің адвокаты оның екі жас баласы бар екендігін ескеріп, үй қамағына алуды ұсынған еді. Бірақ судья Ғани Байарыстан күдіктінің аса ауыр қылмыс жасағанын алға тартып, адвокаттың өтінішін қабылдамай тастады. Әйгерім мамыр айының 10-ы күні Сарыағаш ауданынан Шымкентке жол тартып, із-түзсіз жоғалды. Қаладағы «Халықтар достығы» университетінде оқитын қызының хабарсыз кеткеніне мазасызданған әкесі полицияға шағым­данған. Студенттің із-түзсіз жоғалуы ата-ана, туған-туысқанының ғана қабыр­ғасына аяздай батқан жоқ. Оны іздеушілердің қатарында полициядан бөлек, еріктілердің қатары мол болды. Жастық жалыны лапылдап, арманы ішінде кеткен қаршадай қыздың денесі арада 14 күн өткеннен кейін табылды. ОҚО ІІД қылмысты іздестіру бас­қармасының басшысы Нұриддин Дауыл­баев Әйгерім Оспанбекованың де­несі Сарыағаш – Шымкент бағытындағы тас жолдың оң жағындағы Бағыс ауылына бас­тайтын жол жағасынан жүз отыз метр жерден табылғанын айтады. Сараптама анықтағандай, Әйгерім кеудесі мен ішіне сұғылған өткір заттан көз жұмған. Кейінірек белгілі болғандай, қанішер отвертка сұққан екен. Осылайша, өрімдей жас қыздың өмірі үзілді. Бейкүнә, қорғансыз қыздың Алла алдындағы аманатын қиған қанішер екі жас баласының барлығын алға тартып, үйқамаққа шығуға ниетті, кеші­рім өтінеді. Кейін белгілі болғандай, Әйгерім өзі мінген такси жүргізушісінен қауіптеніп, жатақханадағы құрбысына Шымкенттегі кіре берістегі аялдамадан күтіп алуын өтініп, қалта телефонымен хабар берген екен. Енді, міне, таразының бір басында қызынан айырылып аңырап қалған ата-ана, екінші басында оң мен солын танымай жатып қамқорсыз қалған шиеттей екі жас бала. Екі жаққа да оңай емес. Бірақ, өзі ардақтайтын отбасы барын қолы қалтырамай жас қызды өлтіріп жатқанда ойламағандығы қанішердің қанды қолын жуа алмақ емес. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы