тоғыз жылдан кейін табылды
Осыдан он жылдай бұрын аяқ астынан жоғалып кеткен азаматты ата-анасы аман-есен тауып, шексіз қуанып жатыр. Мұндай да болады екен.
Қарағандыдан 57 шақырым жердегі Ақтау кентіндегі цемент зауытында күзетші болып істеп жүрген Мейіржан Қалиакпаров 2007 жылғы сәуір айының соңында зым-зия жоғалып кеткен. Сол кезде оның жасы 26-да еді.
Жұмысынан қайтпаған жігітке ата-анасы көп кешіктірмей іздеу салады. Белгілі «Бармысың, бауырым?», «Жди меня» телехабарлары арқылы да зар иледі. Жақындары мен достары аяқ жеткен жердің бәріне хабарландыру ілді. Іздестіру еш нәтиже бермеген соң, полиция да шарасыздық танытып, атпалдай азаматты із-түзсіз кеткендер санатына жатқызып еді.
Сүйінші хабар да ойламаған жерден жетті. Жақында жоғалған жігіттің мектепте бірге оқыған достары бас қоса қалған екен. Сонда олардың бірі оның жоғалып кеткені туралы хабарды естіп: «Жоғалғаны несі, мен оны жақында ғана Теміртаудағы бір фирмадан көрдім», – деп қойып қалады.
Осы хабар жетісімен жоғалған жігіттің туғандары іргедегі Теміртауға жетіп барады. Сөйтсе, М.Қалиакпаров шынымен де әлгі жолдасы айтқан кәсіпорында жүр екен. Байғұс жігітке не болғанын қайдам, әйтеуір, 26 жасына дейінгі өмірі жадынан өшіп қалған. Тіпті, туған анасын да танымай қалыпты.
Не болса да жақсы нәрсе емес, құдай басқа бермесін дейтіндей жайт. Қазір азаматты анасы әрнені сұрап өзі де мазаламайды, өзгенің де қазбалағанын қаламайды. Оған қазір тыныштық керек, өткенін еске түсіріп, қалыпты өмірге қайтаратындай жағдай жасау қажет. Он екі мүшесі аман табылғанын айтыңыз. Өңгесі орнына келер...
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ