Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі.
* * *
ЕШҚАШАН КЕУДЕ ҚАҚҚАН ЕМЕС
Өнер тарихында Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева ойнаған Шекспирдің «Асауға тұсау» шығармасы үлкен жаңалық болды. Студент кезімде театрға сол екеуін көруге баратынмын. Екеуі де жалындап ойнайтын. Олар өздерін Шекспир заманының адамдары секілді сезінетін. Ол екеуі шыққан биікке кейінгі буын жетті ме, жете алмады ма, бұл үлкен сұрақ. Кейін өзім де драматург болып, алғашқы драматургиялық шығармам 1967 жылы Мұхтар Әуезов атындағы әкемтеатр сахнасына шыққанда апаймен таныстым. Өте биязы, адам сыйлай білетін, тәрбиелі жан еді. «Мен таланттымын, маған атақ беріңдер» деп кеуде қақпайтын. Тіпті атақ-даңқ ол кісіні өзі іздеп келетін. «Күлмейтін комедияда» Хадиша деген кейіпкерді Хадиша апай ойнады. Қойылымның негізгі ұйытқысы өзі болып, қалай ойнау керектігін, жас авторларды қалай сыйлау керектігін басқаларға үйретіп жүретін. М.Бегалин қойған менің алғашқы фильмім «Тұлпардың ізінде» төрт ұлы актер ойнайтын. Фарида Шәріпова, Хадиша Бөкеева, Кәукен Кенжетаев және Асанәлі Әшімов. Сол төртеуі өлмес мұра қалдырды. Хадиша апай қапысыз ұзақ өмір сүрді. Бірақ ол кісінің ішінде жарасы бітпейтін арман кетті. Соңғы он-он бес жылда серігі, мұңдасы, сырласы Жалғыздық деген қатыгез шындық қана болды. Енді ол кісінің жаны жәннатта болады деп ойлаймын. Өзі дүниеден өткенімен ол кісі жасаған образдар ертеңгі жас ұрпақпен ылғи да сырласып жүретініне сенімдімін. Әмин!Әкім ТАРАЗИ, жазушы.
* * *
ОЛ ҰЛЫ АКТРИСА ЕДІ
Хадиша Бөкееваның қазасы жалпы қазақ өнері, оның ішінде М.Әуезов атындағы театр үшін үлкен қайғы. Өйткені, қазақ театр өнерінің негізін салушылардың бірі дүние салды. Ол қазақ актрисаларының ішінде парасаты, мәдениеті жоғары, болмысы ерекше тұлға болды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол Оралда, тарихы терең, мәдениеті жоғары ортада өсті. Екіншіден, Ленинградтағы Театр-кино, музыка институтында білім алды, В.Мейерхольдтің шәкірті В.Меркурьев сынды шебердің дәрісін тыңдады, тәлімін көрді. Үшіншіден, сонау жас кезінде ұлылар: Қалибек, Елубай, Серке, Шәкен, Нұрмұхан, Ыдырыстардың ортасына түсті, олармен сахнада серіктес болды, қазақ театр өнерін өрге сүйреді. Актрисаның табиғи талант, ерекше зеректігі, еңбекқорлығы, өзіне деген талапшылдығымен ұштала түсті. Актердің сахнада соншалықты көп рөл орындауы шарт та емес болуы керек. Ал, солардың ішінен үш-төртеуі сахна өнерінің бүкіләлемдік деңгейіне жетсе – нағыз бақыт. Осындай биікке жеткен рөлдерінің қатарында Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Катарина, А.Островскийдің «Найзағайындағы» Катерина, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Мехменебану, Т.Ахтановтың «Сәулесіндегі» Сәулені, сондай-ақ кинодағы бірнеше рөлін айтамыз. Хадиша Бөкеева мен үшін ұлы актриса. Сонау 1974 жылы Әшірбек (Сығаев) екеуі қарлы қыста Семей театрына келіп, жұмысымызбен танысқаны, шәкірттерінің ойынын тамашалағаны, айтқан тілек-пікірлері естен кетпейді. Өкінішім сол – Хадиша апамен спектакль қоя алмадым. Өйткені, мен М.Әуезов театрына басшылыққа келгенде актриса сахнаға көп шықпайтын кез еді. Дегенмен де 90 жылдығын керемет етіп өткіздік. Ұлы актриса көрерменіне сол жолы соңғы рет тағзым еткен-ді. Хадиша апамыздың ең жақсы қасиеті – соншалықты сабырлылығы, нәзіктігі еді. Бәрін іштей біліп, ішкі бір парасатымен елеп-екшеп отыратын. Адами таза, бала сияқты еді. Өзі «Көктөбедегі кездесу» спектаклінде Айша апай рөлінде айтатындай: «Қайткенде адам қалады адам болып...» өмірлік девизі болды. Оның соңында хас рөлдері, тағылымы, ұрпағы, мықты шәкірттері қалды. Иә, қазақ өнері барда Хадиша Бөкееваның есімі ұмытылмайды. Жаныңыз жаннатта болсын, қадірлі апа, ұлы актриса!Есмұхан ОБАЕВ, М.Әуезов театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі.
* * *
МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕКТЕЙ САЯЛАДЫҚ
Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. Ұлттық сахна өнерінің корифейі, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкеева дүниеден озды. Ғасырда бір туатын талант иесі Хадиша Бөкеева жасаған ғажайып образдар галереясы әрқашан халық жадында. Әлемдік және төл драматургиямыздың інжу-маржандары У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Катарина, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» – Мехменебану, А.Островскийдің «Найзағайында» – Катерина, М.Әуезовтың «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Қарлыға, Т.Ахтановтың «Сәулесінде» – Сәуле және т.б. тағдыры қым-қуаты нәзік жандардың бейнелерін жасаған актриса, Жаратқанның жұмбақ заты – әйелдер әлемін әдемі әспеттеп кетті. Қазақ актерлік өнерінің алтын қорын қайталанбас шеберлігімен байытқан Хадиша апамыз Батыс мәдениетінің үздік үлгісін ұлттық сахна төріне әкелген кәсіби актриса. Өзінің тұла бойындағы таңғалдырар тамаша талантын республикамыздағы театр ұжымдарында еңбек етіп жүрген шәкірттеріне жомарттықпен сыйлай білген ұлағатты ұстаз өнеріміздің мәуелі бәйтерегі іспетті. Сол бәйтеректің көлеңкесін саялап жүрген ізбасарлары, бүгінгі ұрпақ жетімсіреп қалдық. Сахнаның сиқырлы әлемі арқылы көрерменнің көкірегіне иман, жүрегіне адамгершілік, жанына махаббат нұрын ұялатқан ұлы Хадишамен қоштасу қиын-ақ. Қош бол, қазақ сахнасының падишасы! Жатқан жерің жайлы, иманың серік болсын!Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы.
* * *
ӘР ІСІ ӨНЕГЕ БОЛАТЫН
Хадиша апай тумысынан бөлек жаратылған, табиғаты текті жандардың бірі еді. Көзіме ерекше парасат пен мәдениеттің үлгісіндей көрінетін. Оның кез-келген жанмен аралас-құраластығында бөлекше сырбаздық байқалып тұратын. Көпсөзділікке, оның ішінде көпірме сөзге, жасандылыққа жаны қас адамдардың бірі де осы Хадиша апай еді. Бірдеңені ұнатпаса, дауыс көтермей, ешкімнің жанына тиетін сөз айтпай, үстелді оң қолының саусақтарымен тықылдатып отыратын бір қасиеті болатын. «Ей, әй, өй» деген сөздерді естісе, қабағы түсіп кететін. Қай жерде болмасын осы сөздерге абай болу керектігін лездемелерде айтып отыратын. «Халқымыздың мәдениетіне сын болады» деп қоятыны бар еді. Ол үшін ең киелі орын сахна болды. Ең алғаш театрға келгенімде апайдың маған «Балақай, сахнада өкшемен емес, аяқтың ұшымен жүру керек» деп айтқаны әлі жадымда. Мен ол сөзді екі мағынада түсіндім. Біріншіден, шын мәнінде сахнада өкшемен жүруге болмайды, екіншіден, «сахнаның киесі бар, оны құрметтеу қажет» дегені шығар деп түсіндім. Хадиша апайдың тағы бір ерекше қасиеті ретінде ұстамдылығын, сабырлылығын айтуға болады. Көңіл-күйін жасырын ұстайтын. Өмірде бірде-бір рет көз жасын көрсеткен емес. Тек 80-жылдары болған оқиға ғана апайдың жан дүниесін қатты қозғады-ау деп ойлаймын. Батыс Қазақстан облысында гастрольдік сапарда жүргенбіз. Апай бізді бір ауданның орталығындағы ескі үйге ертіп апарды. Сол үйге жақындап барып, босағасын ұстап егіліп жылап тұрғаны көз алдымда сурет боп қалып кетіпті. Сөйтсем, ол Хадиша Бөкеева туған үй екен. Содан кейін ол кісінің ешқашан жылағанын көрмеппін. Өзіндік бет-бейнесі, өзіне тән ерекше мінезі бар осындай кісінің о дүниелік болуы қабырғамды қайыстырады. Амал не, бәрімізге ортақ ажал ғой. Топырағы торқа болсын!Тілектес МЕЙРАМОВ, Қазақстанның халық әртісі.
* * *
ТЕКТІ ЖАН БОЛАТЫН
Хадиша апайдың бойында Жаратушыдан берілген асыл қасиеттердің барлығы бар еді. Оның ойнаған қойылымдарын біз қызыға көретінбіз. Біз ғана емес, барша жұртқа ұнайтын. Мысалы, оның Катаринасы бүкіл Мәскеу мойындаған бейне. Сондағы әрбір қимыл-қозғалысы әлі күнге көз алдымда десем, апамыз біз үшін нағыз ұстаз болды. Оның тәрбиесін көрген көптеген әртістер бүгінгі таңда қазақ сахнасының жарық жұлдыздары болып жүр. Менің өзім де Хадиша апаймен талай рет сахналас болдым. Сол үшін де бақыттымын! Ол кісіден көп нәрсе үйрендік. Театр өнеріне 20 жасымда келген болсам, бүгінде сахнада жүргеніме 45 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыттың 34 жылын Хадиша апаймен бірге өткіздім. Театрдағы барша қыз-келіншектерге киім кию, әшекей бұйымдарды жарастырып тағыну мәдениетін, тамақтану әдебін, тіпті жүріп-тұрып, өз орнымен сөйлеудің өзін осы Хадиша апай үйретті десем де болады. Қазақ талантты халық қой. Әлі де, талай Хадишалар келеді өмірге. Бірақ, ол кісінің орны бөлек. Жақсыны адам қия ма?! Алды жарық болсын!Гүлжан ӘСПЕТОВА, Қазақстанның халық әртісі.
* * *
ӨЛМЕС БЕЙНЕЛЕР ЖАСАДЫ
Хадиша апайдың театр өнеріндегі алар орны орасан, ұлы актриса болғанын көрермен қауым жақсы біледі. Ол – қазақ сахнасына еуропалық үлгідегі аристократизмді алып келіп, қазақы тектілікпен ұштастыра білді. Оның сомдаған кейіпкерлері ақсүйектерге тән кірпияздығымен, өзіндік өмір сүру мәнерімен ерекшеленді. Әлемдік классикалардағы маңдайалды бейнелерді жасап, қазақ театр өнерінің жаңа бір белеске көтерілуіне зор үлес қосты. У.Шекспирдің 400 жылдық торқалы тойында Англияда өткен театр мерекесіне әріптесі Шәкен аға Аймановпен бірге біздің театр өнерімізді алғаш рет әлемге танытты. Танытып ғана қоймай, қазақ деген қасиетті халықтың дарынына тамсандырып, өзгелерді тәнті етті. Хадиша апай қазақ киносының кемелдену кезеңіне де аянбай тер төкті. Шығыс халықтарының: «Артыңда қалар шәкірт тәрбиелемесең, бұл өмірді босқа өткізгенің» деген фәлсафасын да алдына мақсат етіп қоя білген ұлағатты ұстаз өнерге деген адалдығынан айныған емес. Қадірлі Хадиша апай! Енді, міне, өнерсүйер қауым мен әріптестеріңізді өкіндіріп, ғайыптың кемесіне мініп, фәниден бақилыққа көшіп барасыз... Алла иман байлығыңызды беріп, алдыңыздан жарылқасын! Адалдыққа толы жаныңызды жәннаттың төріне көтерсін! Сүйінгенде де, күйінгенде де айтар «Балақай!..» – деген сөзіңізді сағынар шәкірттеріңіз қалды. Ел барда өнер өшпек емес! Сол өнермен бірге Сіздің есіміңіз де мәңгі жасай бермек! Бақұл болыңыз, қазақ сахнасының ақсүйек актрисасы – Хадиша апай!Әубәкір РАХИМОВ, М.Әуезов театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
* * *
ҮЛГІ-ӨНЕГЕ АЛДЫҚ
Хадиша Бөкеева қазақ актрисаларының ішіндегі ең текті де сұлу, баладай аңғал да ерекше таза апамыз еді. Оның өнерінен де, өмір сүру салтынан да үлгі-өнеге алып өстік. Біздер 1958 жылы М.Әуезов театрының студиясына келгенде емтихан қабылдағандардың ішінде Хадиша апа да болды, сонсоң студиялықтарға сабақ берді. Нағыз ұстаз болды. Ол кісінің рөлді қалай жетілдіру керектігі туралы әңгімелері өз алдына, оқуға жаңа келген жастарға қалай киініп, қалай жүру, қалай сөйлеу, тіпті қасық пен шанышқыны қалай ұстауға дейін үйрететіні бүгінде аңыз. Ол көптеген жасқа, оның ішінде Есболған (Жайсаңбаев) екеумізге де үлкен ұстаз, анамыздай болды. Өзі қатаң да талапшыл, бірақ жүрегі соншалықты жұмсақ, жаны нәзік еді. Хадиша апа Мехменебануды, Шәкен аға екеуі жұптасып Катарина мен Петручионы ойнағанда біздер сахна артында тұрып қызықтайтынбыз, таң қалып, рахатқа бөленетінбіз. Хадиша апаның еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі, мысалы «Соқырлар», «Кебенек киген арулар», «Қылкөпір» қойылымдарындағы рөлдері де қыртысты болды. Онымен сахнада бірге болу үлкен бақыт еді. Хадиша апада қызғаныш, іштарлық деген ешқашан болған емес. Бір рөлге бірге түскенде барынша қамқорлық көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып жүретін. Ешбір артық сөзі жоқ, соншалықты кішіпейіл, мәдениеті өте жоғары адам еді. Хадиша апа ұлы актриса ғана емес, жақсы да сүйікті жар болды. Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы Байғали аға екеуі соншалықты бақытты да аяулы ғұмыр кешті. Олардың отбасылық өмірі, бірін-бірі аялауы да жастарға үлгі, ал Хадиша апаның актрисалығы, әйел, ана бола алу құдіреті біздерге өнеге. Топырағыңыз торқа, иманыңыз саламат болсын, қадірлі апа!Салиха ҚОЖАҚОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.