Иә, бәрі де бір Алланың ісі дейміз... Дегенмен де, арамыздан шоқтығы биік тұлғалар, оның ішінде ғалымдар кеткенде... аларынан берері әлі де көп еді деп, жүрегіміз қарс айырылып, өкінетініміз рас!
Бүкіл саналы ғұмырын әскери ғылым жолына сарп еткен полковник Қанат Төлеңгітовті еске алғанда көз алдымызға тек оның жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі мен ағалық қамқорлығы келеді. Сұм ажалға кім араша болған?! Жазмыштан озмыш жоқ. Аяулы арысымыздың өмірден өткеніне де біраз уақыт болыпты. Қанат Файзрахманұлы тірі болғанда 45 деген кемел жасқа келіп, айналасын нұрға бөлеп отырар ма еді?! Әттең...
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп Абай дана айтқандай, келер ұрпаққа азбайтын асыл сөздерін мұра еткен адал азаматтың сұңғақ бойы мен қашан көрсең де күлімдеп жүретін қағылез бейнесі оны білетіндердің жүрегінде әрдайым сақталары даусыз.
Ол 1971 жылы 27 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келді. 1988-1993 жылдары Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтында инженер-педагог мамандығы бойынша білім алып, кейін осы оқу орнының аспирантурасын тәмамдады. Жаңашылдыққа жаны ынтық ғалым көп уақыт өтпей кандидаттығын қорғады. Ата-ананың ұлағатты ұстаздық жолын жалғастырып, студенттерге сабақ берді.
1998 жылдан бастап Қанекең сол тұстағы Қазақстан Республикасының Ішкі әскеріне, бүгінгі Ұлттық ұланға қызметке қабылданып, әскери ғылымға терең ден қойып, қарбалас қызметіне қарамастан, ізденімпаздығына, шығармашылық шабытына шабыт қосып, ғылыми жұмыстармен белсене айналысты. Кейін полковник Төлеңгітовке ІІМ Ішкі әскерлер комитетінің жауынгерлік даярлық басқармасында ғылыми жұмыстарды жолға қою сеніп тапсырылды. Шынтуайтында, Қанекеңнің арқасында атқарылған ғылыми істердің ауқымы да өте зор болды. Жауынгерлік даярлық басқармасында оқу және ғылыми жұмыстар бөлімінің іргесі оның маңдайтерімен қаланғаны анық. Оған ғалым өмірінің соңына дейін басшылық жасады. Ұлттық қорғаныс университетінде Ұлттық ұлан факультетінің ашылуына да өлшеусіз үлес қосты.
Қанат Файзрахманұлының бітім-болмысы нағыз қазаққа тән еді, табиғатында жалғандық, жағымпаздыққа бой алдырмайтын, жүрегі үнемі елім-жұртым деп соғатын өр рухты азамат-тын. Баспадан жарық көрген әрбір дүниесі үшін балаша қуанып, мәз-мейрам болушы еді.
Ол педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Әскери ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі сынды атағы мен абыройы аспандаған мәртебелі атақтар мен құрмет белгілерінің иегері болатын.
Қолға алған саласының үн-ұңғымасын терең зерттеуге талпыну, жыл оздырмай жаңа дүниелерді тудыру – шынайы ғалымға ғана тән қасиет. Қанат Файзрахманұлы әскери ғылымдар саласына арналған ондаған монография мен оқулықтардың авторы. Бұдан бөлек, ғалым жүзге жуық ғылыми мақала жазып, көптеген докторанттарды дайындады. Профессор Төлеңгітов Ресей, Түркия, Орталық Азия елдерінде өткен халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларға қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғап, әскери ғылымның тың тақырыптарына арқау болар мәнді де мазмұнды баяндамалар жасады.
Асыл азамат әулетінің асқар тауы болатын. Зайыбы Эра Мұхамеджанқызы да саналы ғұмырын құқық қорғау органдары саласына арнап, нәзік иығымен лейтенанттан полковникке дейінгі асқаралы асулы жолдың жүгін еңсерген қазақтың полковник шеніндегі санаулы қыздарының бірі. Бүгінде Ұлттық ұланның әскери полиция басқармасында абыройлы қызмет етіп келеді. «Орнында бар оңалар» дейді. Өткен жазда полковниктер отбасының тұңғышы, үш ұлдың үлкені, Әділет Түркияның Құрлық әскерлері академиясына оқуға түсті. Міне, ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан жауынгерлік жолдың сабақтастығы деген осы.
Тума талант, дарынды азамат, сүйікті ісіне аянбай қызмет еткен көрнекті ғалым Қанат Файзрахманұлының ғасырларға жалғасатын екінші ғұмыры енді басталды. Біртуар азаматтың еңбектерін зерделеп, зерттеу енді өскелең ұрпақ еншісінде. Асыл азаматтың рухы жәннатта, топырағы торқа, иманы салауат болсын!
Еске алушы Қазақстан Республикасы
Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының жеке құрамы