Ақтөбе – болашақта үлкен агломерациялық орталық болатын қала. Сондықтан да, қаланың келбеті келген-кеткенді сүйсіндіретіндей көрікті де көркем болуы керек. Бұл бағытта қала тазалығын қалыпты ұстау маңызды. Осы мақсатта жақында облыс орталығын абаттандыру, көгалдандыру және безендіру бойынша мобильді штаб құрылды. Штаб құрамына кәсіпкерлік, сәулет және құрылыс, ішкі істер, төтенше жағдайлар бөлімдерінің өкілдері, сонымен бірге, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері кірді. Оған Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов төрағалық етеді.
Мобильді шатаб жұмысқа кірісіп те кетті. Штаб мүшелері К.Нокин көшесіне рейд жүргізіп, «MirCom», «West Oil», «БатысҚазЖәрмеңке», «Сұлтан» СҮ, «Ғалым» мейрамханасы, бірнеше техникалық қызмет көрсету бекеттері мен автожуу орталықтарының аумақтарын қарап шықты. Сауда нысандарының иелеріне ондаған ескерту жасалып, он күн мерзімде олқылықтарды қалпына келтіруге тапсырма берілді.
«MirCom» ЖШС директоры Әзиз Адайбековке тал егіп, көшеттерді ретке келтіру, сонымен бірге, жасанды гүлдердің орнына гүлзарларға тірі гүл егуге ұсыныстар жасалды. Ғимараттың маңдайындағы жарнамалық баннерлерге қатысты да сын айтылды. Жарнама орналастыруға рұқсат тек бір жылға берілетіні белгілі, алайда, аталған серіктестік маңындағы баннерге қарап, күн жеп, желшайған жарнаманың бірнеше жыл қатарынан ілініп тұрғанын аңғаруға болады.
Өзге сауда нысандарының өкілдеріне де жарықтандыру, ғимараттардың қасбеттерін қалпына келтіру, аумақтарын көгалдандыру ұсынылды.
Штаб қаланы абаттандыру, көгалдандыру және безендіру бойынша жыл бойы рейдтер ұйымдастырады. Қала әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырхановтың айтуынша, тексерілген әрбір шаршы метр назардан тыс қалмайды. Мобильді топтар қала көшелеріне күн сайын шығып, шағын және орта бизнес нысандарын, сондай-ақ, банктердің қаладағы филиалдары мен мемлекеттік мекемелерді де тексеріп отырмақ.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы