Жемқорлық саясаткерлердің түбіне жетуде
Бразилияның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі министрлігін басқарған Фабиано Сильвейра өз лауазымынан кетуге мәжбүр болды. ВВС-дің хабарлауынша, бұл оқиға оның Petrobras мұнай компаниясындағы сыбайлас жемқорлық туралы шулы іске жүргізілген тергеуге кедергі келтірмек болған әрекетінің бейнежазбасы жарияланып кеткеннен кейін орын алған.
Осылайша Фабиано Сильвейра атына нұқсан келтіретін бейнежазба жарияланған соң лауазымынан айырылған екінші министр болып отыр. Өткен аптада бейнежазбаның дәл осындай жолмен жария болуынан соң жоспарлау министрі отставкаға кеткен болатын. Айта кету керек, екі саясаткер де президент Дилма Русеф қызметінен ығыстырылғаннан кейін жоғары лауазымға тағайындалған шенеуніктер болып табылады. Жоғарыда айтқанымыздай, қызметтен кету Petrobras мемлекеттік мұнай компаниясы төңірегіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамайға байланысты орын алып отыр.
Теледидар арқылы көрсетілген жазбада Сильвейраның сенат спикерімен сөйлескені келтірілген көрінеді. Ол бойынша бұрынғы министр прокурорлық тергеуден қалай құтылу керектігі жөнінде оған кеңес берген сыңайлы. Осы бейнежазба жарияланғаннан кейін министрлік қызметкерлері ғимаратта символдық түрде тазалау жұмыстарын жүргізіп, министрдің отставкаға кетуін талап еткен.
Осыған дейін Бразилия үкіметінің елдегі қаржы жағдайын жақсарту жөніндегі төтенше жоспар шеңберінде мемлекеттік мұнай корпорациясы активтерінің айтарлықтай бөлігін сатуға дайындап жатқаны хабарланған болатын. Шетелдік инвесторларға түрлі мемлекеттік активтерді ұсыну үшін ел билігі роудшоу да дайындаған еді. Кейбір ақпарат көздері үкіметтің Petrobras-тың мемлекеттік акциялар пакетінің бір бөлігін сатуы мүмкін екенін, дегенмен оның бақылаушы акционері ретінде қала беретінін де хабарлаған болатын.
Қазіргі уақытта Бразилия мұнай компаниясының қарапайым акцияларының 50,3 пайызына тікелей иешілік етеді. Тағы 10 пайызына үкімет Бразилия даму банкі арқылы бақылау жасайды. Қалған 19 пайызы ADR түрінде америкалық биржаларда саудаланады.
Таяуда мұнай компаниясына жаңа басшы тағайындалды. Оның басты міндеті мұнайға әлемдік бағаның төмендеуіне байланысты туындаған дағдарыстан компанияны алып шығу және сыбайлас жемқорлық дау-жанжалдары аясында жойыла бастаған сенімді қайта қалпына келтіру болып табылады.
[caption id="attachment_43988" align="aligncenter" width="566"]
NORTHKOREA-NUCLEAR/[/caption]
Бір-бірін кінәлаушылық тыйылар емес
Солтүстік Корея сейсенбі күні шығыс жағалаудан зымыран ұшыруға талпыныс жасаған. Оңтүстік Кореяның штабтар бастықтарының біріккен комитетіне сілтеме жасай отырып, осы елдің Йонхап агенттігінің хабарлауынша, зымыран ұшыру сәтсіз аяқталған сияқты.
Соған қарамастан, әскерилер ұшырудың барысын егжей-тегжейлі зерттеп, жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін сақтап отыр. Агенттіктің ақпараттарына қарағанда, ұшырылған зымыран орта қашықтықтағы «Мусудан» баллистикалық ракетасы болуы мүмкін. Пхеньян үстіміздегі жылдың сәуір айында да осы аттас зымырандарды ұшырып, олардың бәрі де сәтсіз аяқталған болатын.
Осы орайда КХДР армиясы бас штабының оңтүстіккореялық кемелер теңіз шекарасын сәл ғана бұзған жағдайдың өзінде солтүстіккореялық әскерилердің оларға дереу оқ ататынын айтып, Оңтүстік Кореяға ескерту жасағаны белгілі болып отыр.
Сонымен бірге, Пхеньян Сеулге Солтүстік Кореяның олармен үнқатысуды бастау талпынысына «ессіз әскери арандатумен» жауап берді деген айып та тағуда. Батыстық БАҚ-тардың хабарлауынша, таяуда оңтүстіккореялық кеме КХДР-дың патрульдік катері мен балықшылар кемесі Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы демаркациялық сызықты кесіп өткеннен кейін ескерту түрінде оқ атқан. Осыдан кейін КХДР кемелері Солтүстік Корея суларына кері қайтқан көрінеді.
Ал Жапонияның сыртқы істер министрі Фумио Кисида Солтүстік Кореяның сәтсіз аяқталған зымыран ұшыруға деген талпынысын арандату әрекеті деп атап отыр.
Кезекті рет зымыран ұшыру Жапонияны қоса алғанда, бүкіл әлем қоғамдастығына қарсы жасалған арандату әрекеті болып табылады, деп атап көрсетілген жапониялық министрдің мәлімдемесінде.
Содырлар сойқан салуын жалғастыра бермек
Ауғанстанның солтүстігінде 500 содырдың Талибан экстремистік қозғалысының жаңа көсеміне адал қызмет ету жөнінде ант бергені белгілі болып отыр.
Таяуда ұшқышсыз ұшу құралының шабуылы барысында Талибан қозғалысының көсемі молда Ахтар Мансур қаза тапқаннан кейін оның бұрынғы орынбасары Хайбатулла Ахундзада қозғалыстың жаңа жетекшісі болып сайланды.
Жаңа көсемге адал қызмет ету бойынша ант қабылдау рәсімінің бейнекөрінісі ауғандық Ариана-ТВ телеарнасы арқылы көрсетілген көрінеді. Орталық және жергілікті биліктің мұндай әрекетсіздігі провинциялық кеңес мүшелерінің ашу-ызасын тудырған. Олардың айтуларына қарағанда, Данди-Гури уезі терроршылар үшін бас сауғалайтын орынға айналған.
Ал Баглан провинциясының губернаторы Абдулсаттар Бориз болса, журналистерге провинция билігінің осымен үшінші рет Баглани-Маркази және Данди-Шахобиддин уездерінің аумақтарын содырлардан тазартып отырғандығын хабарлаған.
Оның айтуынша, ұлттық армия бөлімшелері мен полицияның әскери операциялары барысында 30 содыр ажал құшып, 25-і жараланған. Қаза тапқан содырлардың арасында олардың командирлері Мавлави Кадир мен Касим де бар көрінеді. Губернатор провинция аумағын содырлардан толық тазартқанға дейін үкімет күштері операцияны жалғастыра беретінін мәлімдеген.
Ал АҚШ-тың Ауғанстандағы дипломатиялық өкілдігі өз азаматтарына содырлар тарапынан орын алуы мүмкін шабуылдардан сақ болу жөнінде ескерту жасауда.
Кабулдегі АҚШ елшілігіне содырлар Кабулде және Ауғанстанның өзге де аудандарында шабуылдар жасауды жоспарлап отыр деген хабарлар келіп түсуде, делінген америкалық дипломатиялық миссия таратқан ақпаратта. Елшіліктің атап көрсетуінше, ауғандық үкіметтік мекемелер, АҚШ нысандары, шетелдік елшіліктер, шетелдік қонақтарға арналған үйлер, ресторандар, әуежайлар, азаматтық институттар мен оқу орталықтары шабуыл нысандарына айналуы мүмкін.
Айта кету керек, 25 мамырда Кабул провинциясында орын алған террорлық акт салдарынан 11 адамның қаза тауып, тағы 10 адамның дене жарақаттарын алғаны хабарланған еді. Онда жанкешті-терроршы Майдан Вардак провинциясынан қызметкерлерді алып келе жатқан микроавтобустың жанында өзін-өзі жарып жіберген болатын.
[caption id="attachment_43990" align="aligncenter" width="531"]
16018_Gotthardbasistunnel[/caption]
Жер бетіндегі ең ұзын теміржол туннелі
Швейцарияда әлемдегі ең ұзын теміржол туннелі ашылды. Альпі тауын тесіп өтетін бұл туннельді салуға 17 жыл уақыт кетті.
Жаңа Готард туннелі Альпі тауы арқылы 2,3 шақырым тереңдікте жалпы ұзындығы 57 шақырымға созылған. Бұл жобаны іс жүзіне асыруға 17 миллиард еуро жұмсалыпты. Теміржол-туннельдің ашылу салтанатына арналған жиында сөйлеген сөзінде Швейцария президенті Йохан Шнайдер-Амман «Бұл жобаның Швейцария үшін де және оның кәрі құрлықтағы басқа әріптестері үшін де аса ірі жетістік болып табылатындығын» атап көрсетті.
Мамандардың пікірінше, бұл теміржол туннелі Рейн-Альпі атты орталық дәлізді құрай отырып, Нидерландының Роттердам және Андверпена атты теңіз айлақтарынан Германияның өнеркәсіптік орталығына және Италияның Генуи айлағына тікелей жол ашады. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында теміржол туннелі толық қуатында пайдалануға берілген кезде бұл туннель арқылы күніне 260 жүк және 65 жолаушы пойызы қатынайтын болады. Туннель арқылы өтетін жолаушылар пойызы сағатына 260 шақырым жылдамдықпен жүре алады екен.
Бұған дейін әлемдегі ең ұзын теміржол туннелі Жапониядағы Сейкан туннелі болып келген. Оның ұзындығы 53,9 шақырымды құрайды. Енді Ла-Манш арқылы өтетін Еуротуннель ұзындығы бойынша үшінші орынды иеленеді.
Топтаманы дайындаған Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»