02 Маусым, 2016

Сыр бойының самбошылары – Азия чемпионы

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Түрікменстанның Ашхабад қаласында самбодан жас­өспі­рім­дер, жастар және ересектер арасында Азия чемпионаты өтті. Осы сында отандастарымыз екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Чемпионатта құрмет тұ­ғы­рының биік сатысына көтерілген бес саңлағымыздың барлығы Сыр бойының спортшылары болды. Бұл бәсекеде ауыр салмақта Мақсат Исақабыловқа (100 кг) тең келетін ешкім болмады. Ол ересектер арасында өткен белдесуде барлық қарсыластарының жаурынын жерге тигізіп, Азия чемпионы атанды.  Қазақстан құрамасындағы жастар жағы да бас жүлдеден тыс қалмады. Онда соңғы кездері көпшіліктің көзайымына айналып жүрген қызымыз Жәния Махмұдова (68 кг) жастар арасында Азия чемпио­ны атағын жеңіп алды. Жәния кілемде қарсыластарынан айласын асырып, көптен бері күткен жеңісіне жетті. Жарыста жасөспірімдер арасында өткен белдесулер де тартысты өтті. Бұл сында қазақ балуандарының алтын медаль алуға мүмкіндіктері бар еді. Мысалы, 60 кило салмақта кілемге шығып жүрген Дамир Әбдеков соңына дейін чемпиондық атаққа таласты. Оның чемпионатқа жақсы дайындалып келгені де көрініп тұрды. Алайда, бап пен бақ деген қатар жүрмесе алтын жүлдені алу оңай емес.  Дамир финалда ойламаған жерден қарсыласына есе жіберіп алды. Сөйтіп, күміс медальді қанағат тұтты. Қыздар арасында 75 килода Ләйлә Арыстанбек үшінші орын алды.  Бұл қызымыз үшін жартылай финалға шығып, қола медальді жеңіп алу үлкен жетістік. Сол сияқты әйелдер арасында 56 килода сынға түскен Жансая Мұрат үшінші орынды иеленді. Жарыста екеуі қола жүлдегер болғанымен жақсы қырынан көрінді. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»