Қазір ақша төлеп шығуға болатын басылымдар, кез келген орынды жұлып әперетін ақылы коммерциялық конкурстар мен жобалар жұртты шаршатты. Ал шынайы таланттар қашанда қолдауға зәру. Әрине оның ішінде дарынды балалар да бар.
Ал енді әнші болғым келеді, әнші болсам деп армандамайтын бала кемде-кем. Әрбір баланың кеудесінен жарып шыққан тілегі оларды қанаттандырып, сахнаға жетелейтіні анық. Сондықтан осындай үлкен армандардың куәсі болып жүргеніне 15 жыл болған Алтын Маханбетова ешқандай демеушісіз «Әнші болғым келеді» журналының алғашқы нөмірлерін шығарып үлгерді.
– Алғашқы авторлық жобам «Әнші болғым келеді» телевизиялық ән байқауы 2002 жылы наурыз айында эфирге шыққан сәттен бастап, жүздеген балақандар жүздері бал-бұл жанып, бірінші қадамдарын жасаған еді. Олардың алды қазір эстрада жұлдыздары. Қаншама ақын-сазгерлер осы «Әнші болғым келедінің» аясында бақытты балалық шақ әуендерін жазып, өз үлестерін қоса білді. Ендігі қуанатыным балалар әндері көптеп дүниеге келе бастады, алайда сол әндердің насихаты әлі күнге дейін кемшін. Әрине, әндердің бәрі бірдей сапалы, бала жасына лайықты болмауы мүмкін. Бірақ, саралай келгенде, небір әдемі, жеңіл, ойнақы, мазмұнды әндері жетіп артылады. Осындай мәселелерді ойлай келе, балаларға арналған музыкалық-танымдық журнал шығару көптен көкейімде жүр еді, – дейді жоба жетекшісі Алтын Маханбетова.
– Елімізде балаларға арналған мерзімді баспасөз жоқ емес, жеткілікті. Бірақ музыкалық журнал алғаш рет балалар игілігіне ұсынылды. Тағы бір өзгешелік, әр нөмір сайын журналмен бірге үнтаспасы да қатар шығып отырады. Әнжинақта елімізге танымал композиторлардың балаларға арнаған 10 әні өнерлі өрендер мен эстрада өкілдерінің орындауында тұрақты түрде берілуде. Сондай-ақ, сол 10 әннің әуені (минусовка) қоса беріледі. Бұл кәсіби әрлеушілерге (аранжировкашы) мұқтаж, минусовкаға зәру ауыл балалары үшін үлкен көмек. Мәселен, әнші болғысы келетін балапандар ендігі жерде минусовка іздеп әуре болмайды, журналды жаздырып алса, алты айда 60 түрлі ән мен минусовкасы қолдарына тиеді, – дейді журналдың бас редакторы Қаншайым Байдәулет.
Қысқасы, балаға өз жасына лайықты ән айтқызып, өлең жаттатуды мақсат тұтқан идея авторлары бұл журналдың коммерциялық жоба еместігін, ұлттық музыкалық мұраларды да жандандыруға құрылғанын және келешекте көбінесе жазылымға иек артатындығын айтады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы