02 Маусым, 2016

Қамкөңіл балалардың қиялы аспанда қалықтаған күн

537 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
VAK_74501 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген қайырымдылық акциясы аясында Астана SOS Балалар ауылының тәрбиеленушілері өз қолдарымен батпырауық жасауды үйреніп, өздері жасаған ондаған батпырауықты ұшырып көрді. Еуразиялық Топ (ERG) ұйымдастырған ұшу аппараттарын жасауды үйрететін шеберлік сабағы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Балалардың мерейлі мерекесінде әуезді ән мен күмбірлеген күй шалқыды. Өйткені, балалар ауылының тәрбиеленушілеріне ерекше қуаныш сыйлайтын ескі достары келді. Балғындар осы достарымен қанаттаса, қатар жүріп ауыл аумағында спорт алаңын салып, жеміс-жидектер аллеясын да бірлесе отырғызған болатын. Ерте көктемде егілген сол мәуелі ағаштар бүгінде гүлдеп, көп өтпей жеміс түйіп, алғаш рет өнім бермек. Шараны SOS Балалар ауылының директоры Зәуреш Арыстанова ашып берді. «Біздің бұрыннан келе жатқан достарымыз – Еуразиялық Топ өздері бүгінгі акцияны өткізу туралы бастама көтеріп, оны жүзеге асырып отыр. Олар бізбен ұзақ мерзімді әріптестік орнатумен шектелмей, әрбір мереке сайын қасымыздан табылады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жәрдемдесуден бөлек, компания ең сенімді арқасүйер дос ретінде біздің туындаған кез келген түйткілдерімізді шешуге барынша күш салып келеді», – деді ол. Балалар ауылы биыл басты мерекені жылдағыдан ерекше сипатта атап өтуді ұйғарыпты. Бұған дейін түрлі флэшмобтар бірнеше рет ұйымдастырылғанымен, бұл жолғы шараның мәні бөлек. Кішкентай бүлдіршіндер аниматорлармен көңіл көтеріп жүрген шақта, ересек балалар арнайы ұйымдастырылған шеберлік сабағына қатысып, батпырауық жасауды үйренді. Сөйтіп, шараға қатысушылардың қызу қолдауымен балалар қолынан шыққан ондаған батпырауық пен әуе шарлары көкке көтеріліп, аспанда қалықтады. Шараға қатысушылардың айтуынша, аспанда қалықтаған батпырауықтар туған елдің қарқынды дамып, қанат жаюының белгісіндей болып көрініпті. Қосымша тосын сый ретінде Еуразиялық Топ атынан балалар үйіне 5 млн. теңгелік чек табыс етілді. Еуразиялық Топтың аппарат жетекшісі Сейітқали Рахымов табыс еткен сыйлық SOS Балалар ауылы тәрбиеленушілерінің жазғы демалысын ұйымдастырып, қоғамдық шараларға белсене қатысуына және спорттық жабдықтар сатып алуға жұмсалмақ. Қайырымдылық – асыл қасиет, ізгіліктің көрінісі. Ол көмекке мұқтаж жандарға сүйіспеншілікпен берілетін көмек. Сондай-ақ, кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен адамгершілік қарым-қатынасы. Қабағына қарап халін, жүзіне қарап жанын түсінетін халық емеспіз бе, мұндай шарапаты мол сауапты істі, бақыттан бастары айналған бала жүрегі де сезгендей әсер қалдырды. Кім біледі, бәлкім балғын бүлдіршіндер осындай мерекенің күнде өтуін іштей армандап та отырған болар. Бұл сәт ондағы балалар үшін шат-шадыман бақытқа кенелген күндердің бірі болып мәңгі естерінде қалмақ. – Балалардың басым бөлігі асыға күткен жазғы демалыс басталды. Енді сабаққа дайындалу қамына алаңдамай еркін демалуға болады. Мен сендердің алдағы уақытты көңілді өткізіп, жақсылап демалып, күш-қуат жинап қайтуларыңа тілектеспін. Біздің дәстүрлі сыйлығымыз осыған сеп болады деп сенемін. Бізді сендердің жазғы демалыстарыңның жақсы, көңілді әрі пайдалы өтуіне қолғабыс ете алғанымыз қуантады. Демалыс аяқталып, сабақ басталған кезде «Жазды қалай өткіздім» атты тақырыпқа шығарма жазудан тосылмайсыңдар деген үміттеміз», – деді С. Рахымов. ERG мен SOS Балалар ауылы ертеден ерекше ықыласты әрі сенімді достар. Топтың «ERG Көмек» корпоративтік қоры осы балалар ауылының тәрбиеленушілерін 2007 жылдан бері тұрақты қолдап келеді. Бүгінде қаржыландырудың жалпы сомасы 34 млн. теңгеге жетті. Бұл қаражат мекеменің Астанадағы аумағына спорт алаңын салуға, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға, Қазақстандағы SOS Балалар ауылының тәрбиеленушілеріне VІІ қысқы Азия ойындары ашылу салтанатының билеттерін сатып алуға, балалар суреттерінің байқаулары мен өзге де көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалды. Еуразиялық Топ тек SOS Балалар ауылына көмек көрсетумен ғана шектеліп қалмай, компанияның өндірістік кәсіпорындары орналасқан өңірлер – Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарындағы балалар үйлеріне тұрақты қамқорлық көрсетіп келеді. Соңғы жылдары ERG демеушілік пен қайырымдылық шараларына 70 млрд. теңгеге жуық қаражат бағыттаған. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»