жер мәселесі жөніндегі сұрақтарға арналды
Шығыс өңірінде «Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын терең түсіндіру мақсатында облыстық «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерінің 500 мың дана арнайы шығарылымы жарық көрді. Аталған басылым өңірдегі әр қала мен ауданда кеңінен таратылуда.
Бұл арнайы шығарылымда баспагерлер жер реформасының ережелерін түсіндіріледі. Оқырмандардың назарына Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін енгізілген мораторий ұсынылған. Сондай-ақ, жалға берілген жер телімдерін сатып алу, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлердегі шектеулерді алу, шетелдік азаматтардың жерді пайдалануы туралы жағдайлар жан-жақты жазылған. Барлық жарияланымдармен бірге шығыс өңірінің жер ресурсы туралы инфографикалар, сызбалар, статистикалық сараптамалар берілген.
Арнайы шығарылым барлық қоғамдық орындарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде тегін таратылып жатыр. Бұдан өзге, жер реформасы мәселелері жөніндегі Call-орталыққа келіп түскен сауалдар мен оған берілген жауаптар да көрініс тапқан. Айта кеткен ләзім, жер мәселесі жөніндегі Call-орталыққа алғашқы он күннің өзінде 17 сауал келіп түскен болатын. Шығысқазақстандықтардың басым бөлігін жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімін алу тәртібі мазалайды. Халыққа жер заңнамасының нормаларын түсіндіруді көздейтін Call-орталық облыстық жер қатынастары басқармасының базасында құрылды. Басқарма басшысы Ернар Бексұлтановтың айтуынша, түсіп жатқан сауалдармен бірге ұсыныстар да бар. Тұрғындар аталған тақырыптағы сауалдарын 8(7232)701-657, 702-391, 701-805 телефон номерлеріне хабарласып, қоя алады. Орталық мамандары сұрақтарға күнделікті сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жеткілікті дәрежеде жауап береді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»