Мінез дегеннен шығады, АДАМНЫҢ мінезі өмірде көп нәрсені шешіп, өзгертіп, тіпті тағдырына, өміріне ерекше әсер етіп жататыны белгілі. Менің бір ескі танысым:
– Мен қанға сіңген тік мінезімнің тақсіретін тартып жүрмін. Тіпті одан осы күнге дейін «таяқ жеп жүрмін» десем де болады. Басқалар сияқты ойға келген пікірімді сыртқа шығармай, бүгіп қала алмаймын, бетке айтамын. Несін жасырам, оны өзің де білесің ғой, ақты – ақ, қараны қара деп тура айтудан еш тайынған емеспін. Ол мінезім біреуге жағады, ал біреуге жақпайды. Менімен қызметті қатар бастаған, мінездері жұртқа жайлы жігіттер еңбек сатысымен тез-ақ көтеріліп, қазір бір-бір мекеменің бастығы болып, айдарларынан жел есіп жүр. Ал мен болсам, баяғы қызметте тапжылмай ондаған жыл отырмын. Оған ренжисің бе, әлде ренжімейсің бе? Менің көңілге түйгенім, тік мінездік адамды алға сүйремейді екен. Тәңір сыйлаған, сүйекке сіңген мінезді өзгерту қиынның қиыны көрінеді. Сірә, енді оны өзгерте де алмаймын-ау... Өле-өлгенше сол мінез. Оған не амал бар? – деп ауыр күрсінген.
– Менің білуімше, өмірде мінездің «тақсіретін» көргендердің бірі бәріміз білетін майдангер-жазушы Баукең, Бауыржан Момышұлы емес пе еді?! Егер өзіне тән тік мінезі болмаса, ол баяғыда-ақ генерал, Кеңес Одағының Батыры болар еді ғой. Мінезімен, бірбеткейлігімен, намысшылдығымен кейбіреуге жақпай, өзіне тиісті жоғары лауазымды қызметтен, атақтан, марапаттан шет қалған жоқ па? Бірақ халқы оны сол өжеттігі, намысшылдығы, ешкімге басын имегені үшін, өз халқына, еліне деген ерекше махаббаты үшін сүйді, сыйлады, құрметтеді, ардақтады. Кеш болса да көптің тілегімен оған батыр атағы берілді. Бұл күндері оның есімімен мектептер, көшелер, әскери училище аталады, бірнеше қалаға (Астана, Тараз) ескерткіштер орнатылды. Оның дүниеге келіп, кіндік қаны тамған Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығы бұрынғы Боранды (Бурное) ауылы қазір Бауыржан Момышұлы атымен аталады. 2010 жылдың басында Ресейдің астанасы Мәскеу қаласындағы бір мектепке Баукеңнің аты беріліп, «Легендарный Батыр» деген кітап баспадан шықты. Бірбеткей, шәлкес мінезіне қарамай, атқарған ісі, халқына деген сүйіспеншілігі, отансүйгіштігі Баукеңді елге сыйлы етті, халқы оның атын көзі тірі кезінде-ақ аңызға айналдырды, – деп мен де әлгі танысыма мінез туралы өз пікірімді жеткіздім.
– Жұрттың бәрі Бауыржан емес қой. Әрі ол кісінің өмір сүрген заманы басқа болатын, – деген әлгі кісі енді жастар тәрбиесіндегі олқылыққа қарай ойысқан. Мұны қалай айтпайсың енді деді.
Онысы рас, қазіргі біраз жастардың білімнің қадірін бағалай алмай, дүние қууды алдарына мақсат етіп, ақша табуды мансапқа айналдырғаны қынжылтады. Шіркіндердің бәрі кәсіпкер, қаржыгер болса, сонда басқа жұмысты кім істейді? Олардың бар есіл-дерті бір теңгені екі теңгеге, жүз теңгені мың теңгеге айналдыру. Өмірдегі құндылықтың барлығы олар үшін ақшаға барып тіреледі. Рухани дүние олар үшін мүлдем керек емес. Ақша жүрген жерде арам пиғыл көп. Баюды ғана көздеу жақсылыққа апармайды. Соны сезінбейтіндері, құлқын құмар мінездері, ашқарақ пейілдері көпшілікке жұмбақ дүние. Тіпті, оларды түсіну қиын, кейде оларды шынымен-ақ аяйсың...
Бүкіл әлемге атақ-даңқы кең тараған Александр Македонский өлер алдында: «Менің екі қолымды табыттың екі жағына шығарып көміңдер. Халық менің о дүниеге ештеңе алмай, бос кетіп бара жатқанымды көрсін», депті дейді бір аңызда. Жиған-терген мол дүниең, қабат-қабат әсем үй-жайың, масайрап мінген сүліктей темір тұлпарың, сан жетпейтін ақшаң... барлығы, барлығы бұл жарық дүниенікі екенін ұққан жөн. Байлықты ешкім өзімен бірге алып кетпейді.
Өмірде болып жатқан сан түрлі өзгерістер мен қоғамдық құбылыстар жайлы жиі ой бөлісетін замандасым, тараздық жазушы Несіпбек Дәутайұлы жазған «Мінез» деген әңгіме есіме жиі түседі. Ағайынды екі жігіт қу тірліктің жетегінде жүріп, бірін-бірімен араға 4-5 жыл салып кездеседі. Дастарқан басында екеуінің арасындағы әңгіме желісі әр адамның жеке мінезі жайлы өрбіп, «Біздің түбімізге сол... мінез жетеді» деген ағасына Хакімжан інісі өзінше ақыл қоспақ болып, әңгімені әрі қарай тарқатып әкетеді. Мінездің өмірде пайдасы мен зияны жайлы пікір алмасады, өткен күндерді еске алады. Ымыраға, келісімге келмей қисайып, кертартпалыққа бой ұру кейде адамның болашағына едәуір әсер ететіні, яғни қырсығып, қасарысып алатын мінез, оның кесірі жайлы, шындықты айтам деп ағайынға жақпай, енді пәленбай уақыт жұмыссыз сенделіп жүрген ағасы туралы сөз болады.
«Тұрып терезеден сыртқа көз салып еді. Ағасы қораның алдында қаздың жүнін бұрқыратып жұлып жатыр. «Біздің ана өлген қаздан қанша айырмамыз бар», деп ойлады Хакімжан. Жабыла жүндей түтіп, жалаңаштап жатыр ғой. Құдайдың құдіреті: қия баспа, дауысыңды шығарма. Демек, көрсетпе кім екеніңді. Бұғасың ба, қашасың ба, әйтеуір, өзіңді өзіңе тығып қой. Сонда өзіңе-өзің тығып қойып та өмір сүре ала ма адам? Ол қандай өмір? Несі тірлік? «Емес!» – деп күбірлеп қалды Хакімжан. – Емес! Біздің сырымыз сол еместі айдай әлемге айғай салып айта алмай, өзімізді өзімізге тығып тастап, тірі жүре беретін мінезсіздігімізде. Солай...» дейді жазушының кейіпкері.
Иә, мінезсіздік, ойлап отырсаң, адам үшін үлкен қасірет. Адам болғаннан соң әркімнің өз ойы, өз пікірі, байламы, түйсігі болғаны жақсы. Ойсыз, пікірсіз, айтарға аузында сөзі жоқ адам айдауда жүрген тірі жанға, тек өзі үшін тіршілік етіп жатқан қауқарсыз жай пендеге айналады. Ойсыз, жігерсіз, білімсіз, мүләйімсіп өмір кешіп, қор болады. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, жалпылдап, жағымпазданып, біреуге қолжаулық болып тіршілік ету нағыз бейшаралық, тіпті, мүсәпірлік деп ұққанымыз жөн.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз.