03 Маусым, 2016

Ел айбынын асырған көрме

494 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
01Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты Мемлекет басшысы іс-шара бас­талар алдында қару-жарақ, отан­дық және шетелдік өндіруші­лердің әскери техникалары назарға ұсынылған бірқатар павильондарды көріп шықты. Қазақстан Президенті ашылуы­на қатысқан көрме барысында ТМД-дағы бірден-бір таулы-егерь полкінің, Қарулы Күштердің 36-шы десанттық-шабуыл бригадасының әскери қызметшілері, каскадерлер тобы мен ұрыс көріністерін қоя­тын мектеп оқушылары өз шебер­ліктерін көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев бұқа­ра­лық ақпарат құралдарына ар­налған брифинг барысында тәуел­­сіздік жылдары Қазақстан өз Қа­рулы Күштерін дамыту бағы­тында ауқымды жұмыс атқар­ғанын, қазақстандық әскери қыз­метшілерді Қорғаныс министр­лігінің оқу орындарында оқытуға зор көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан армиясын мате­риалдық тұрғыдан жабдықтау жүйесін бұдан әрі дамыта түсудің маңыздылығына тоқталды. – Негізінен, біз өзімізде бар және кеңестік әскери-өнеркәсіптік кешенмен байланысты әскери техниканы қолданамыз. Сонымен бірге, өзге елдермен ықпалдастықтың, атап айтқанда, ҰҚШҰ аясындағы техникалық ынтымақтастықтың кешенді шаралары жүзеге асырылып жатыр. Ресей Федерациясымен қару-жарақ шығару және кейбір кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру үшін бірлесіп жұмыс жүргізу жөнінде келісім бар. Еуропаның көптеген елдерімен де уағдаластыққа қол жеткізілген. Біз Қазақстанда ең тәуір құрал-жабдықтарды қолдана отырып, өзіміздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімізді дамытудамыз. Бір жағынан, бұл айтарлықтай шы­ғын әкеледі. Екінші жағынан, әскери өнеркәсіп елді индустрия­лан­дырудың ішкі жалпы өнім өсіміне үлес қосатын бір саласы болып саналады. Жалпы, бұл көр­ме бізге әлемнің ең заманауи қару-жарақтарын көруге мүмкіндік тудырады. Біздің әскерилеріміз үшін, жалпы Қазақстан үшін бұл іс-ша­раның маңызы зор деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті. Енді «KADEX-2016» көрмесі жөнінде кеңірек айтып өтейік. 3-13 03 05-4Бұл күні таңсәріден бастап Қарулы Күштердің авиациялық база­сының 8 павильонында отан­дық және шетелдік өндіру­шілердің қару-жарағын, әскери және авиациялық техникасын көр­сету басталды. Биылғы көрме сек­цияларының саны 7-ге дейін кеңейтілген екен. Бұл секция­лар авиациялық техникалар, ұшқыш­сыз ұшу аппараттары және ға­рыштық технологиялар, Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күш­терінің қару-жарағы мен әскери техникасы, ӘШҚҚ жүйелері мен құралдары, әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету мүлкі, IT-технологиялар, байланыс жүйелері мен құралдары, әскери саладағы роботты техника, әскери салада қолданылуы ықтимал баламалы қуат көздері бағытындағы соны жаңалықтарға арналған. Көрменің жалпы ауданы 90 мың шаршы метрден астам ау­мақты алып жатыр. Оған 350-дей қазақстандық және шетелдік компания, 40-тан астам ел, 3,5 мың адам қатысып, 50 мың адам келіп көретін болады. Нақтылай айтқанда, KA­DEX-2016 көрмесінің мәні мен маз­мұны жыл сайын жоғарылап келеді. Мәселен, 2010 жылы көрмеге Қазақстан мен шетелдерден 156 кәсіпорын, 2012 жылы 253, 2014 жылы 300 әскери өнім шыға­ратын кәсіпорын қатысқан. Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, көрмеде алғаш рет Қазақ­станда құрастырылған «Ар­лан» атты бронды машина мен «Барыс» бронды транспортері көрсетілді. Бұл ұрыс машиналары Қазақстан Қарулы Күштерінің қажеттілігін өтеу үшін отандық кәсіпорында шығарылған болатын. Бүгінде республикамыздың Қарулы Күштерінде мұндай техни­ка­лардың баламалары жоқтың қасы. Бұл ұрыс машиналары Қа­рулы Күштердің мұқтаждығы үшін отандық кәсіпорында шыға­рылады. Көрменің ашылуы барысында өз экспозицияларын ұсынатын павильондармен таныстыру өтті. Бұған қоса, іскерлік бағдарлама, яғни халықаралық әскери ғылыми-техникалық конференция, тұсау­кесер, дөңгелек үстелдер болды. Демонстрациялық және іскерлік бағдарламалар негізгі міндетке қол жеткізуге, яғни қорғаныс-өнеркәсібі кешенінің үдемелі, қарқынды дамуына, инвестицияны тартуға, жетекші халықаралық өндірушілермен әскери-техни­калық ынтымақтастықты нығай­туға бағытталған. Мәселен, Ита­лияның «Beretta» компаниясы өз өнімін – ARX160A3, ARX300 ша­буылдау винтовкаларын, APX тапан­шасы мен өзге де атыс қару-жарағы және жеке қорғаныс құ­рал­дарын көрсетті. Сондай-ақ, Sako (Tikka TRG 22/42 TRG -M10) мерген винтовкалары мен оған қоса берілетін өзге де керек-жарақтар ұсынылды. Ашық алаңдарда әскери техниканың ең соңғы үлгілері назарға ұсынылды. Меймандар мен қатысушылар дүркін-дүркін ататын зымыран жүйелерінің ең соңғы үлгілерін, заманауи радиоэлектрондық күрес және авиациялық техниканың әртүрлі типтерін тамашалады. «Бүгін біз «Град» ҰМ-21 ДАЗЖ жаңғыртылған ұрыс машина­сын ұсындық. Ол барлық зама­науи стандарттарға сай келеді. Жаңғырту барысында қа­зіргі заманғы технология қол­данылған. Толыққанды автоматтан­дырылған, оқ атудың дәлдігі жоғар­латылған, спутниктік және авто­маттандырылған жүйесі де бар. Ұрыс алаңындағы төзімділігі ал­дыңғы маркаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сынамадан өткізген соң біз оны еліміздің Қарулы Күштері ұрыс машиналарының сериясына кіреді деп күтудеміз. Көрме өңірлерге және өзге де елдерге шығу мүмкіндігін береді. Мұндай іс-шаралар өте пайдалы. Бұл жерде өзге елдердің әскери өнімінің жаңа үлгілерімен танысып, олардан тәжірибе жинақтап, нәтижесінде өз мүмкіндіктерімізді арттыруға әбден болады», – деді бізбен әңгімесінде «Қазтехнологиялар» ком­паниясының бас маманы Андрей Карыпов. Көрмеге, сондай-ақ, шетелдік серіктестер мен еншілес ұйым­дардың шығарған әскери өнімдері, атап айтсақ, әртүрлі мо­дификациядағы МИ-17 тік­ұшағы, Т-72A, T-72Б танктері қойылыпты. Көрменің бағдарламасы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің арнайы бөлімшелері және әскери бөлімдердің жарақтандыруында тұрған жауынгерлік тех­ни­ка­лар- дың қатысуымен көрсе­тілімдер болды. Ал KADEX-2016 көр­месінің маңызын арттыра түс­кен көрсетілімдер көпшіліктің көңі­лінен шыққаны сөзсіз. Өйткені, бұл күні көптеген әскери шоулар ұсынылды. Осы жылы осынау ғаламат қор­ғаныс-өнеркәсібі кешенінің мүм­кіндіктерін тамашалаудың ерек­шелігі ұсынылып отырған тех­никаның алуан түрлілігі ғана емес, сонымен бірге, көрмеге орайластырылған қызықты біре­гей акциялар болып табылады. Қазақстан армиясының әске­ри қызметшілері әскери автомобиль­дерде өздерінің кәсіби шеберлік­терін көрсетті. «Хаммер» атты 30 автокөлікті тізгіндеген әскери қыз­метші­лер алаңда «KADEX» жазуын «жазды». Осылайша, қазақстан­дықтарды KADEX-2016 көрме­сінің басталуымен құттықтап, жа­рақтандыруымызда тұрған тех­никаның қуаттылығын паш етті. Сондай-ақ, дәстүрлі «KADEX» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі қо­нақтар мен қатысушыларды авиа­шоумен де таңғалдыра білді. Дәлірегі, әлемдегі ең салмақты екі қозғалтқышы бар тікұшақ бо­лып табылатын, сондай-ақ, авиа­ция тарихындағы салмақты тік­ұшақтардың тізіміне кіретін Ми-8 әскери жаңғыртылған тікұшағы өзінің жауынгерлік қасиеттерін паш етті. Сонымен қатар, көк ас­панда тарихи бояуы бар Як-130 оқу-жауынгерлік ұшағын бай­қамау мүмкін емес еді. Бұл маши­на көп функциялы, онда Қазақ­стан Қарулы Күштері әуе авиа­ция­сының ұшқыштарын дайындайды. KADEX-2016 көрмесіндегі авиашоуға қатысып жатқан техника қазақстандық өндірістің авиа­циялық керосинінде аспанға көтерілетінін айта кетейік. Пило­таж топтарының қатысуымен авиашоуды қамтамасыз ету үшін Қазақстанның мұнай өндіру зауытымен барлығы 405 тонна авиа­отын және 670 килограмм арнайы сұйықтық жеткізіледі. KADEX-2016 көрмесіне мұндай демеушілік қолдауды ал­ғаш рет авиаотынмен қамта­масыз ету саласындағы маман­дан­ды­рыл­ған отандық компания «Қаз­мұнай­Газ-Аэро» ЖШС көр­сетіп отыр. Барлық өнім көрмеге қатысу­шы­ларға ақысыз негізде ұсынылады. «KADEX-2016» көрмесі аясында авиашоудың өткізілуіне байла­нысты халықаралық әуежайда ұшу­­лардың уақыттық режімі енгі­зілді. Ұшулар келісіліп, үйлес­тірі­луде, ал әуежай әдеттегі күн тәр­тібі бойынша жұмыс жасап тұр. Көрменің алғашқы күні іскерлік бағдарлама бойынша шетелдердің қорғаныс ведомстволарымен бірқатар маңызды шарттарға қол қойылды. Тарата айтар болсақ, биылғы жылы «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ Украина және Беларусь елдерімен 3 маңызды келісімшарт жасасты. Сонымен, қазақстандық жы­л­у визиялық камераларды Бела­руське экспорттау жоспарлануда. «КАЕ» қазақстандық компания­сы белоруссиялық «Пеленгке» оларды әрі қарай көздеуіш кешендеріне орнату үшін жылу визиялық камераларын жеткізуге ниет білдіріп отыр. «КАЕ» ЖШС бас директорының орынбасары Ә.Алшымбаев пен «Пеленг» ААҚ бас директорының орынбасары С.Литвяков «KADEX-2016» халық­аралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің алаңында өзара түсіністік туралы тиісті меморандумға қол қойды. Украиналық «Мотор Сич» АҚ «Қазақстан авиациялық индустрия­сы» (ҚАИ) ЖШС-іне Ми-20 және Ми-8 тікұшақтарын жаңғырту және Ми-8 тікұшақтарына арналған қозғалтқыштарды күрделі жөндеу бойынша технологияларды береді. Тиісті лицензиялық келісімге «Мотор Сич» АҚ президенті В.Богуслаев пен «ҚАИ» ЖШС бас директоры Қ.Жауханов қол қойды. Бұдан басқа, бейсенбі күні «ҚАИ» ЖШС келешекте мұн­дай жұмыстарды АТО-да ұйым­дас­­тырумен белоруссиялық «558-авиа­­жөндеу зауыты» АҚ-та Су-25 үл­гі­­сіндегі ұшақты күрделі жөн­деу жә­не жаңғырту үшін келі­сім­ге келді. Қазақстанның «Қазтех­но­ло­гиялар» компаниясы патрон зауы­тының болашақ өнімін жеткізу жөнінде Біріккен Араб Әмір­лік­тері, Ұлыбритания және Болга­риямен 3 меморандумға қол қойды.06-3 Сонымен қатар, артиллериялық оқ-дәрілерді – Д-30 гаубицасына жарықшақты-фугасты снаряды бар 122 мм оқ ату жөнінде «Қалқан 7» ЖШС-мен бірлескен кәсіпорын құру туралы құрылтай шартына, Ресей Федерациясымен «Град» ҰМ-21 АЗЖ құрылғысын жаңғырту мәселелері бойынша шарт түзілді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштеріне арналған зымыран-артиллериялық корабльді сатып алу жөнінде «Диарсан» түрік компаниясымен меморандум бекітілді. Бұдан бөлек, «Қазақстан ASELSAN инжиниринг» ЖШС-пен Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университеті өзара ық­палдастық жөніндегі мемо­ран­думға қол қойды. Айта кетейік, Қорғаныс ми­нистрлігі ұйымдастырып жат­қан төртінші халықаралық KADEX-2016 көрмесі ағымдағы жыл­дың 5 маусымына дейін жал­ғасады. Соңғы екі күнде, яғни 4 және 5 маусымда көрме барлық ке­лушілер үшін есігін айқара ашады. Елорда тұрғындары мен қонақтары көрме павильондарында болып, ақысыз негізде авиациялық және өзге де әскери техниканың жауын­герлік мүмкіндіктерінің көрсе­тілімдерін тамашалай алады. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, Ә.Деңгелбаева