03 Маусым, 2016

Бақ пен бап шабар сәт

533 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Z09B5189Кеше мектеп бітірушілердің білім сынағы – Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды Мектеп бітіруші түлектердің 11 жыл бойы жиған білімін саралап, сынға салатын, ұстаздардың еңбегін, ата-ананың үмітін безбендейтін уақыт та келіп жетті. Кеше елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ол биыл 15 маусымға дейін созылады. Білім және ғылым мин­ис­тр­лігі 121 092 оқушы мектеп бітіретінін мәлімдеді. Олар­дың 83 330-ы – қазақ тілін­де, қалған 37 762-сі орыс тілінде мектеп бітіретіндер болып отыр. Ал сынақ тап­сы­руға барлығы 86 991 түлек қатысады. Бұл барлық түлектің 72 пайызын құрайды. Осы көрсеткіш бойынша 63 021 түлек мемлекеттік тілде, ал 23 970 түлек орыс тілінде тапсырады. Ұлттық бірыңғай тестілеу барлығы 166 пунктте өтеді. Оның 116-сы аудан, 50-і облыстық орталықтарда, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының жоғары оқу орындарының ғимарат­тарын­да орналасқан. Бұл орындарда сынақ тапсыратындардың саны бір күнде 600 түлек болады. Тест өтетін ғимараттардағы тәртіп те, тексеріс те бұрынғыдай. Ұялы телефон, «шпаргалка» сынды заттардың бар-жоғы қатаң тексеріледі. Сонымен қатар, бұл жылғы талап та өзгерген жоқ. Оқушылар барлығы 5 пән бойынша тест тапсырады. Бас-аяғы 3,5 сағат ішінде 125 сұрақтың жауабын белгілеуі тиіс. Жоғары оқу орнына түсемін деген түлектер кемінде 50 балл жинауы қажет. Ал ұлттық университеттерде білім алғысы келетіндердің көрсеткіші 70 балдан төмен болмағаны жөн. Айта кетерлігі, биыл аздаған өзге­рістер енгізілді. Сынақтан сүрініп, 50 балл жинай алмағандарға ұлттық бірыңғай тестілеуді екінші рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл түлектердің жоғары білім алуға қолжетімділігін арттыру үшін жасалып отыр. Алайда, сынақтан екінші мәрте өткендер білім грантына ие бола алмайды. Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»