03 Маусым, 2016

Мүдде ортақ жерде мүмкіндік мол болады

359 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Egyptian presidential hopeful Abdel Fattah al-SissiМысыр Араб Республикасының Президенті Әбдел Фаттах Ас-СИСИДІҢ «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбаты – Президент мырза, сіз­дің Қазақстанға жасаған са­парыңыз­дың басты қорытын­дылары қандай? – Біріншіден, менің ағымдағы жылдың ақпан айында Астанаға жасаған бірінші ресми сапарымды ұйымдастырғандары үшін Қазақстан тарапына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осы сапар барысында екі ел арасындағы қарым-қа­ты­настардың жоғары деңгейін бай­қадым, сондай-ақ, Мысыр хал­қының атынан Қазақстанды тәуел­сіздігінің 25 жылдығымен құттықтадым және Президент Нұрсұлтан Назарбаевты екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 25 жылдығына орай Мысырға сапармен келуге шақырдым. Бұл ретте, Мысырдың мәртебелі қонақты ресми және халқымыздың тара­пы­нан лайықты деңгейде қабыл­дауға дайын екендігін атап өттім. Менің достас Қазақстанға жа­саған сапарым екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылау үшін, сондай-ақ, бірлескен ынтымақтастықтың жа­ңа перспективаларын іздеу үшін жақсы мүмкіндік ұсын­ды. Тараптар көптеген салалар­дағы, соның ішінде дәрі-дәр­мек өндірісі және астық сақтау­дағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді талқылау мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында Каирде өтетін Мысыр-Қа­зақстан үкіметаралық комис­сия­ның бірлескен бесінші отыры­сына тиісті дайындықты өткізуге келісті. Бұдан бөлек, «Алматы – Шарм аш-Шейх – Алматы» бағыты бойынша тікелей авиақатынасты жаңғырту туралы уағдаластыққа қол жетікізілді. Бұл рейстер бүгінгі күні жаңғыртылған және қазіргі уақытта «Астана – Шарм аш-Шейх – Астана» тікелей авиақатынасын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келіссөздер барысында Қа­зақ­стан тарапынан терроризмге қарсы күрес тақырыбына, әсіресе, оның идеологиялық және діни аспектілеріне үлкен назар аударылды. Осыны негізге ала оты­рып, Мысыр үстіміздегі жылы тиісті басқосуларға белсен­ді түрде қатысуды жоспарлап отыр. Бұл орайда, Президент Н.Назар­баевтың Исламның әлемдік және құраушы дін ретінде шынайы мәнін түсіндіруге бағытталған БҰҰ қамқорлығындағы Терро­ризм­ге қарсы коалиция құру жөнін­дегі және БҰҰ штаб-пә­теріндегі «Діндер бейбітшілік үшін» форумын ұйымдастыру бойынша бастамаларына Мысыр нақты қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. – Біздің елдер арасындағы тауар айналымы 50 миллион АҚШ доллары көрсеткішінен сәл ғана асады. Бұл жайт сау­да-экономикалық ынтымақ­тастық әлеуетімізге сәйкес кел­мейді. Оны өсіру үшін не істеу керек? Жаңа Суэц арнасы мен нарықты, сондай-ақ, Еура­зиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүмкіндіктерін пайдалану бойынша жоспарларды қалай біріктіруге болады? Қазақстан астығы Мысыр нарығына жете ме? – Біздің елдер осы бағытта ма­ңызды қадамдар жасап үлгерді. Қазақстан басшылығына тағы да бір алғыс айтып, Қазақстанның Мысыр мен ЕАЭО арасындағы ер­кін сауда келісіміне қол қою­ды қолдағандығы үшін ризашы­лығымды білдіремін. Біз таяу уақытта экономикалық ынты­мақ­тастықты нығайта алатынымызға сенеміз. Бұдан бөлек, біз екі елдің сау­да және транзит саласындағы ынты­мақтастық келешегін, сондай-ақ, Мысыр мен Қазақстан кәсіп­керлері арасындағы байланыстарды нығайтуға және ел­деріміз арасында инвестиция алмасу мен сауда жасау мүм­кін­діктерін анықтауға бағытталған бірлескен Іскерлік кеңес қызметін белсенді етуді талқылауға да­йынбыз. Екі ел арасында тек өзара сау­­даны ғана емес, сонымен қа­тар, бірлескен инвестициялар­ды да­мытуда да келешек бар екен­дігін атап өткім келеді. Суэц ар­насы аймағын дамыту жо­ба­сына, атап айтқанда, энер­ге­тика, фармацевтика, ас­тық да­қылдарын сақтау және са­ту, ту­ризм, инфрақұрылым, то­қыма өнімдері, жиһаз және құ­рылыс материалдары салаларына ин­вестиция тарту ерекше қызы­ғу­шылық туғызуы мүмкін. Осының барлығына Мысырдың географиялық орналасуының арқасында қол жеткізілуі ықтимал. Біздің де еліміз еркін сау­да туралы көптеген келісімдерге қол қойған, сондай-ақ, Африка, Еуропа және Парсы шығанағы елдерімен қарым-қатынастарда жоғары мәр­те­беге ие. Осы факторлар Мысырды қазақстандық бидайды Аф­рика мен Таяу Шығыс елдері­не өткізудің орталығына айналдыруы мүмкін. Мысырдың таяу арада Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) Азық-түлік қауіпсіздігі жө­нін­дегі ислам ұйымына қосы­луы тұсында аталған салада әрекет­тестікті ілгерілету жөнін­дегі Қа­зақстанның ұсы­нысын Мысыр­дың құптайтындығын атап өткен жөн. Аталған мән­мә­тінде, Мысыр үстіміздегі жы­лы Астанада өтетін Азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруа­шы­лығын дамыту жөніндегі ИЫҰ министрлерінің 7-ші конференция­сына қатысуды жоспарлап отыр. – Сіз Мысыр астанасын ауыс­тыру және жаңа әкімшілік орталық құру туралы жоспар­ларды жария еткенсіз. Қазақ­стан тәжірибесі сіздің тара­пыңыздан қызығушылық тудырып отырғаны ғой бұл сонда? Және сіз осы жерде Астанада болған кезіңізде алған әсеріңіз туралы айта кетсеңіз. – Әрине, бізге Қазақстан тәжірибесі қызықты. Ол мұқият зерттеуге тұрарлық және біз жаңа әкімшілік орталық салу барысында Қазақстан тәжірибесін пайдалануға мүдделіміз. Жалпы өз басым Астанада көрген сауатты жоспарлауды жоғары бағалаймын. Мен үшін, сондай-ақ, қаланың көркем заманауи сәулеті, көшелер жүйесі мен дамыған инфрақұрылымы ерекше қызығушылық тудырды. Қазақстанға жасаған сапарымнан кейін, Мысырда жаңа әкімшілік астана құрылысын салу барысында қолдануға мүм­кін болатын осы тәжірибемен ег­жей-тегжейлі танысу үшін, мысырлық делегацияға Астанаға жоғары деңгейде сапар жасауды тапсырдым. Осы орайда, мен Қазақстан басшылығына және бүкіл Қазақстан халқына Аста­наны салудағы орасан жетіс­тік­тері үшін лайықты баға бергім келеді. Мен бүгінде Астана өзінің сәулет өнерімен әлемнің аса ірі қалаларымен жарысатынына сенімдімін. – Келесі жылы Астана ЭКСПО халықаралық көрмесін қа­былдайды. Осы көрмеге келу­ші­лердің Мысырдың қаты­суы­нан не күтулеріне болады? – Біріншіден, мен Қазақ­стан басшылығын және бүкіл Қа­зақ­стан халқын осы ма­ңыз­ды ха­лық­аралық іс-шара­ны ұйым­дастыруларымен құттық­тағым келеді. Мысыр «Болашақ энергиясы» тақырыбында Ас­та­нада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді қатысуға мүд­­делі, сондай-ақ, күн, жел және гидроэнергия тәрізді жаң­ғыр­тылатын энергия көздерін қол­дану са­ласындағы ең озық тех­но­ло­­гия­ларды ұсынуды көздеп отыр. ЭКСПО-2017 көрмесі Мы­сырдың таза энергия саласындағы жетістіктерін көрсету үшін тамаша алаң болып табылады. Бүгінде Мысырда энергияның 30%-ы жел энергиясынан өндіріледі және оны 2020 жылға қарай 70%-ға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта күн сәулесі арқылы қуат өндіретін жылу-электр стансаларының жергілікті үлесі 50%-ды құрайды, оған мұнаралар, айналар және қабылдағыштар, сондай-ақ, кабельдер, жабдықтар, механикалық және электр жұмыстары кіреді. Көрме Парижде өткен Климат­ты өзгерту жөніндегі конференцияда қол жеткізілген дамушы елдер­дің өз міндеттемелерін орындау­лары тұсында таза энергия сала­сында дамыған және дамушы елдер арасындағы іс-қимыл­дарды үйлестіру мен олар­дың ынтымақтастығы үшін жақсы мүмкіндік береді деп санаймын. – Сізді қазіргі таңда халық­аралық сипатқа ие болып отыр­ған терроризмге қарсы күрес­кер ретінде білеміз. Осы індет­пен күресудің жолдары қандай? – Терроризмнің діні де, отаны да жоқ. Әрине, бұл аса қауіпті халықаралық проблема болып табылады. Оның географиялық шекарасы жоқ – Еуропа, Африка, Таяу Шығыс және, тұтастай алғанда, бүкіл әлем террорлық іс-әрекеттерден жапа шегіп отыр. Сондықтан, террормен күресу үшін баршаға ортақ халықаралық бағдарлама қабылдау маңызды. Ол тек әскери қарсы қимылдармен шектелмеуі керек. Зияткерлік және діни орталарды белсенді қатыстыру қажет. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашар болуы терроризмнің таралуына және терроршылардың өз қатарларын жаңа жақтау­шы­лармен толықтыруына жағдай жасайтындығын ескере отырып, экономикалық және әлеуметтік жағдайда жақсартуға күш салған абзал. Сонымен қатар, терроршыл ұйымдардың кейбіреулерін онша қауіпті емес деп есептеп және олардың тек белгілі бір тобына ғана жұмылып, бұл жұмысты іріктеп жүргізбей, терроршыл ұйымдардың барлы­ғымен күресу қажет. Терроризмге қарсы күрес мәсе­ле­сінде мен, террорға қарсы күреске шақыратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін ұйымдастыру бойынша Қазақстан үлесін қоса алғанда, Президент Н.Назарбаевтың халықаралық форумдарда көтеріп жүрген бас­тамаларын жоғары бағалаймын. – Мысырдың өркениеті – әлемдегі ең көнелерінің бірі. Перғауындардың көне пирамидалары өздерінің орасан үлкендігімен таңғалдырады. Бүгінгі күні перғауындар құ­пияларының барлығы ашылды деп айтуға бола ма? – Мысыр өркениеті шынымен де әлемдегі ең көнелерінің бірі, тіпті, ең көнесі десе де болады. Адамзат тарихында ол ғылым мен прогрестің, әдебиет пен өнердің, медицина мен астрономияның, ауыл шаруашылығының және көптеген басқа да өмір сала­лары­ның байып өркендеуіне орасан зор үлес қосты. Көне мысырлық өркениет осы күнге дейін адамзатты өзінің мәңгілік мұрасымен байыта отырып, уақыт өткен са­йын өз құпияларын да аша түсуде. Археологиялық миссиялар осы күнге дейін әлемнің ірі мұ­ра­жайларына көрік беретін көне заман ескерткіштерін табуда. Мен ұлы мысырлық өркениет құпияларының барлығы бүгінгі күні толығымен ашылды деп ойламаймын. Себебі, ол адамзат тіршілігінің түрлі саласында белгілі бір прогреске қол жет­кіз­ген көне мысырлықтардың өмірі туралы құпияларымен бізді осы күнге дейін таңғалдырып келеді. – Сізді тарихпен әуестенеді деп естідік. Біздің елдер ара­сындағы екіжақты қатынаста қазақтың Ұлы Даласында дүниеге келген Мысыр мен Шам елінің XIII ғасырдағы әйгі­лі әміршісі Сұлтан Аз-Захир Бей­барыстың тарихи мұрасы тақырыбы ерекше орын алады. Мысырда осы тарихи фактіге қаншалықты мән беріледі? – Бұл тарихи факт екіжақты қатынастың нығаюына ықпал етеді және біздің тарихи байланысымызды бейнелі түрде айғақтай алады. Жалпы, Аз-Захир Бейбарыстың Франция королі Людовик IX тұтқынға түскен Мансұр тұсындағы шайқастағы тарихи маңыздылығы мен рөлін айрықша атап өткім келеді. Бейбарыстың әскери жос­парлауы Мансұр тұсындағы шайқаста кресшілерді жеңуге қол жеткізуде орасан зор рөл атқарды. Бұл тұрғыда, мен, еліміздің тарихының маңызды кезеңін куәландыратын маңызды ислам ескерткіштерінің бірі болып табылатын Мысырдағы Аз-Захир Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге бағытталған Қазақстан тарапының күш-жігерін жоғары бағалаймын. – Мысырдың әлемге әйгілі тарихына қазақ даласынан шыққан өзге де мәмлүктер өз үлестерін қосты. Өкінішке қарай, Қазақстанда осы тарихи тұлғалар аса танымал емес. Сондықтан олардың өмірі туралы өзіңіз білетін қызықты фактілермен бөліссеңіз. – Мәмлүк мемлекеті Мысырда 1250 жылы құрылды және 1517 жылға дейін өмір сүрді. Осы үш ғасыр ішінде Мысырға көптеген сұлтан-мәмлүктер әмірлік етті. Аз-Захир Бейбарысқа қоса, әйгілі әміршілердің бірі Сұлтан Сайфуддин Кутуз болды. Ол 1260 жылы Айн-Джалут тұсындағы шайқаста моңғолдарды жеңіліске ұшыратқан. Әл-Мансұр Калаун, Канзуль-Әл-Гори сұлтандарын атап өту керек. Кресшілерді өңір­ден біржола қуып шыққан Әл-Мәлік Әл-Ашраф Салах ад-Дин Халил ибн Калаун сұлтан туралы әңгіменің жөні мүлдем бөлек. – Мысыр, мәселен, Шарм-аш-Шейхте немесе Хургадада демалуға ниетті қазақстандық туристер үшін визалық режімді жеңілдетуді жоспарлай ма? – Мысыр екі ел халқы ара­сын­дағы тарихи және мәдени бай­ланыстарды ескере отырып, қазақстандық туристерге әр­дайым жылы қабақ танытып келеді. Қазіргі уақытта Мысыр турис­тер үшін қолайлылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті барлық қолынан келген шараларды қабылдап жатқанын атап өтсем деймін. Қазақстан азаматтарының Мы­сыр әуежайларына келген бетте алдын ала жүгінусіз визалар ала алатындығына назар ау­дарғым келеді. Мысыр тартым­ды туристік бағыт болып та­былады, себебі, біздің ел жұмсақ климатымен және ай­рықша географиялық орналасуы­мен ерекшеленеді. Бұдан бөлек, Мысыр археологиялық, мәдени, діни және ойын-сауықтық көрікті жерлерінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Бүгінде Мысыр жо­ғары сападағы туризмді ұсы­нуда. Түрлі акциялар мен бағдар­ламаларды қамтитын жарнала­малық туристік науқандар өткі­зілуде. Менің биыл ақпанда Астанаға жасаған сапарым барысында біз Президент Н.Назарбаевпен Алматыдан Шарм-аш-Шейхке тұрақты әуе қатынасын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. 2016 жылдың наурыз айынан бастап, бұған қоса, Астанадан Шарм-аш-Шейхке тікелей әуе қатынасын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 31591– Сіздің пікіріңізше, сая­сат­кердің бойында қандай қасиет­тердің, оның ішінде әскери қасиеттердің болғаны жөн? – Әскери өмірдің аса маңыз­ды сипаттамалары тәртіп, байып­тылық, талапшылдық және қо­йылған міндеттерге жетудегі дәлдік болып табылады. Менің ойымша, осы қасиеттердің бар­лығы тек саясаткерге ғана емес, сонымен қатар, алдына белгілі бір мақсат қойған кез келген адамға қажет. Әдетте, мұндай сұрақтарға көбінесе саясаткерлерде саяси кемеңгерлік болуы керек, басым міндеттерге қол жеткізуде саяси алаңда икемделе білуі қажет деп жауап беріліп жатады. Бірақ, менің ойымша, қазіргі заман шындығында және бүгінгі болып жатқан барлық қауіптер, атап айтқанда, терроризм тұрғысынан алып қарағанда, қазіргі заманның саясаткері шыншылдығымен, адалдығымен, ашықтығымен, ақи­қатқа ұмтылушылығымен, адал­дыққа негізделген айқын сая­сат ұстанушылығымен ерекше­ленуі тиіс. Әңгімелескен Ілияс ОМАРОВ, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін