Аймақтық мәжіліс астаналық облыстан бастау алды
Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның алғашқы көшпелі мәжілісі Көкшетауда өткізілді. Оның жұмысына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.
«Жер кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерді талқылау» күн тәртібін қарастырған отырысқа Республикалық комиссияның 29 мүшесі, облыстық ведомстволардың, шаруашылық құрылымдарының басшылары, мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның төрағасы
Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған оның Астанада өткізілген алғашқы үш мәжілісі ел ауқымындағы өзекті мәселені талқылауда сарабдалдық пен салиқалық үлгісін танытқанын атап өтті.
«Онда пікір алуандығы мен ашықтығының қамтамасыз етілуі орнықты шешімдер қабылдануына негіз бола алады. Бұл орайда ел мен жерді бөліп қарауға болмайды. Сондықтан, комиссия мүшелерінің ақылдасу аясын аймақтарға шығару туралы ұсынысы қызу қолдау тапты. Алғашқы мәжілістің астаналық Ақмола облысында шақырылуы да кездейсоқ емес. Бұл өңір – елордамыздың агломерациялық аймағын қалыптастырушы әрі еліміздегі агроөнеркәсіп өндірісі дамыған аймақтардың бірі. Сондай-ақ, Көкшетаудағы мәжілісіміз Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келуін жақсы нышанға балаймыз. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын», деді бірінші Вице-премьер.
Мәжіліске қатысушыларға жемісті жұмыс тілеген Ақмола облысының әкімі
Сергей Кулагин күн тәртібіне қатысты қысқаша хабарлама жасады.
«Шындығында, елордаға қарап бой түзеп келе жатқан Ақмола облысының тұрғындары жер қадірін біледі, оның мейір-шапағат төгуі жолындағы мақсатты жұмыстарымен абыройға да бөлене білуде. Өңірдің жер аумағы 14 миллион 621 мың гектарды алып жатыр. Жер қорының 10 миллион 564 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Мұның 10 миллион 542 мың гектары мемлекеттік емес жер пайдаланушыларға бекітілген.
Сондай-ақ, осы 10 миллион 542 мың гектар жердің 82 мың гектары жекеменшік иелігінде. Бұл жалпы аумақтың 0,8 пайызын құрайды. Қалған 10 миллион 460 мың гектар аумақ жалға алу құқындағы жер пайдаланушылардың еншісінде. Мұнымен бірге, жоғарыда айтылған жер көлемінің небәрі 206 гектарын шетелдіктер жалға алып отыр», деді облыс әкімі.
Жиында белгілі болғандай, жер заңдылықтарына қатысты өзгерістерді халыққа түсіндіру мен талқылау жөніндегі міндеттерді орындауға байланысты Ақмола облысында 27 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылған. Осы тектес топтар жергілікті жерлерде де арнайы кесте бойынша тиісті шараларды өткізуде. Ал облыстық жұмыс тобы өзі құрылғалы үш мәжіліс өткізсе, соның екеуінде облыстық қоғамдық кеңестің үнқатысу алаңы пайдаланылған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушылар мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен аймақтық семинар-кеңестер өткізілген. Облыста Жер заңдылығын түсіндіру жөніндегі «Call-орталық» орталық құрылып, 43 кісінің телефон және электронды желідегі сұрақтарына тиісті жауаптар қайтарылыпты.
Бұдан кейін сөз кезегі Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, комиссияның штаб жетекшісі
Ерлан Нысанбаевқа берілді. Ол Қазақстан Республикасының жалпы аумағы 272,5 миллион гектарды құрайтынын, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 100,8 миллион гектар, запастағы жерлер – 100,1 миллион гектар (егістік, тыңайған жерлер – 2,4 миллион гектар, шабындық пен жайылым алқаптары – 80,7 млн. гектар), қалған 60,2 миллион гектар жер елді мекендер, өнеркәсіп пен көлік, ерекше қорғалатын аумақтар, орман мен су қорларына жататындығын атап көрсетті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні 99,5 миллион гектар (98,7%) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ұзақ мерзімді жалға берілген болса, оның 1,3 миллион гектары (1,3%) ғана жекеменшікте. Бұдан бөлек, баяндамашы елімізде босалқы (запастағы) мемлекеттік жер 100,1 миллион гектар болса, оның 83,2 миллион гектары ауыл шаруашылығы алқаптары саналатынын, әйткенмен, бұл жердің нарықтық айналымға тартылмаған күйде қалып отырғанын атап өтті.
Одан кейін Е.Нысанбаев еліміздегі жер реформаларының тарихы жөнінде баяндай келіп, инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдіктерге жерді жалға берудің ең ұзақ мерзімі 25 жылға дейінгі уақыт болып белгіленгенін айтты. Бірақ, осы бір жарым жылдың ішінде бірде-бір шетелдік жалға жер алған жоқ.
Сонымен бірге ол: «Жекеменшікке сатылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 2004 жылдан бастап өсімі бір деңгейде болып отыр, яғни орта есеппен оның жылдық өсімі 0,1 пайызды құрайды. Бүгінде агроқұрылымдар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басым бөлігін жалға алу құқығымен пайдаланып отыр. Мұнда шаруа қожалықтары 57,5 миллион гектардан астам жер көлемін пайдаланатын болса, басқа агроқұрылымдар үлесінде 40,2 миллион гектар жер бар», деді.
Вице-министр, сондай-ақ, шетелдіктер мен бірлескен кәсіпорындарға жер учаскелерін жалға беру жағдайына да тоқталды.
«Оларға барлығы 65,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері берілген болатын. Оның ішінде бірлескен кәсіпорындар үшін 44,9 мың гектар, заңды тұлғаларға 17,8 мың гектар және 2,4 мың гектар жер жеке тұлғаларға берілген.
Бүгінде бірлескен кәсіпорындарға берілген 44,9 мың гектар жердің нақты пайдаланылып отырғаны 32,6 мың гектар, ал осы жерлердің қазіргі кезде 29,7 мың гектары толығымен Қазақстан азаматтарына өтті. Одан басқа, 12,3 мың гектарлық жер үлесі бар шетелдіктердің жұмыстары тоқтатылған, себебі, олардың тиісті қызмет атқару мәселелері сотта қаралуда. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік тұлғаларға жалға беруде, жердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мен осы жерлердің шетелдіктерге өтіп кетпеуін сақтау үшін заңнамаларда бірқатар шектеулер қойылған. Сондай-ақ, жерді пайдаланушылар жер учаскелерін мақсатты пайдаланбаған немесе жер заңнамасын бұза отырып пайдаланған жағдайда жер учаскесі Жер кодексінің 92, 93, 94-баптарына сәйкес мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады», деді.
Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары
Қадырхан Отаров өз сөзінде ауыл шаруашылығы басым сипат алатындықтан, жер ресурстары өңірдің экономикалық дамуының негізі саналатындығын бөлектеп көрсетті.
«Ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді әрі ұқыпты пайдалану облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтерудің іргетасы саналады. Осымен бір мезетте, нарықтық экономика жағдайында, жерге меншік мәселесі айрықша маңызға ие болуда. Бұл орайда, меншік қатынасы бүгінгі күні ауылға инвестиция тартуға кепілдік береді. Өйткені, ауыл шаруашылығы өндірісін қаржы құйылымынсыз дамыту, одан қомақты қайтарым күту, заманалық тұрғыда техникалық жарақтандыру қиын.
Бүгінгі күннің тәжірибесі ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі дамытуда экономикалық, бірінші кезекте жер реформасын жүргізудің пісіп-жетілгендігін көріп отырмыз. Онсыз күрделі істің тиісті нәтиже бермейтіні айқын. Сондықтан, облыс тұрғындары арасында жер реформасының негізгі мақсаттары мен қағидаттарын кеңінен түсіндіру белсенді сипат алды.
Біздің облысымыздың жер қоры жердің барлық жеті санатын қамтиды.
Өңірде 22-ден 53-ке дейін түрленетін бонитет балымен бірнеше аймақтар бар, алайда, облыс елдің жалпы астық түсімінің шамамен 25 пайызын өндіреді және өндірілетін астықтың сапасы бойынша бірінші орында. Бұл көрсеткіштерге ауыл шаруашылығы саласына инвестицияларды тарту есебінен қол жеткізілген», деді ол.
Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жеке меншіктілік енгізілген күннен бастап, бар-жоғы 82 мың гектар жер рәсімделген немесе ауыл шаруашылығы жерлерінің 1 пайызын құрайды, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы нысандарына қызмет көрсету үшін сатып алыныпты. Қалған 10,4 миллион гектар немесе 99 пайызы уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығында. Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатып алудың төмендігі қолданыстағы бағамен жерлерді сатып алу тиімсіздігінің және үйлесімді жеңілдік берілетін тетіктерінің болмауының салдарынан деп түсіндірілді.
Одан әрі баяндамашы: «Қазіргі күні белгіленген базалық төлем ставкаларының нәтижесінде бізде жер нарығы жақсы дамып келеді», деді. Оның айтуынша,
1 гектар жыртынды жерге баға 20,0 мың теңгеден 46,5 мың теңгеге дейін, жайылым жер үшін 6,1 мың теңгеден 8,9 мың теңгеге дейін ауытқиды.
Сондай-ақ, талқылаулар кезінде жерді пайдалану және оны жекеменшікке беруде конкурстық шараларға қатысты мәселе көтерілді. Бұл орайда, ағымдағы жылы 6 аукцион өткізілсе, оның ішінде, жалға беру әдісімен бір аукционда 294 телімді құрайтын 21203 гектар жер саудаға қойылған. Жалпы өткізілген аукциондық шаралар нәтижесінде 1852 гектарлық 76 жер телімі сатылып, мемлекеттік бюджетке 145 миллион теңге қаржы аударылыпты. Бұған қосымша, өткен 5 айда 14 конкурс өткізіліп, ауыл шаруашылығы айналымына 195 телімнен тұратын 114,5 мың гектар жер қосылған.
Отырыста облыс аудандарында өткізілген семинар-кеңестерде қолданыстағы заңдылықтағы өзгеріс ауыл шаруашылығы жеріне қатысты екендігіне қарамастан, жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлу мәселесі өткір қойылып отырғаны, қазір облыс бойынша кезекте 100 636 адам тұрғаны, сұраныс Астана қаласы маңайында өте жоғары екені (Целиноград ауданында 69 147 адам, Аршалыда – 5996, Шортандыда – 5567, Бурабайда – 4883, Көкшетау қаласында – 11 748 адам) айтылып өтті. Мұндағы негізгі себеп, бөліністегі жердің тиісті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілмеуінде және Астана маңайында жер қорының жеткіліксіздігінде болып отырған көрінеді.
Комиссия төрағасы Б.Сағынтаев қалыптасқан дәстүр бойынша оң қанаттан бастап сөз берді. Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ардагер дәрігер
Болат Жанәділов Қазақстан жері бабаларымыздан қалған асыл мұра, Тәуелсіздігіміздің тірегі, ұрпағымыздың болашағы екендігін атап өтті.
«Жер – ел азаматтарының ортақ қазынасы. Бұл жөнінде Жер реформасы бойынша республикалық комиссия мүшелері жеріне жеткізіп айтып жатыр, баспасөзде салиқалы мақалалар жариялануда. Әйткенмен, орталық теледидардың «Серпіліс» бағдарламасында жер реформасы тек қана жермен айналысатындарға қатысты мәселе деген сипатта әңгіме қозғалғанына қынжылдым. Бұл – дұрыс емес. Онда барлығымыздың үлесіміз болғандықтан, қалың жұртшылық тағдыршешті мәселеден шет қала алмайды. Сырттан Қазақстанды көркейтемін деп ешкім келе қоймайды, олардың өз мүддесі бар. Қазақстан жерінің негізгі инвесторы – Қазақстан Үкіметі. Бізде көптеген жақсы бағдарламалар қабылданды. Өкінішке қарай, біршамасы тоқтап қалды. Бөлінген қыруар қаржы қайда қалды? Жердің қазіргі иесі кім? Қараусыз, арамшөп басып кеткен киелімізді олардан неге қайтарып алмасқа. Ұсақ ұжымдарды біріктіріп, қуаттандырумен кім айналысады? Осыларды шешетін уақыт келді. Обал-сауап үшін құрылған комиссия бұл орайда нақты шешімдер қабылдап, тиісті орындарға ұсыныс жасайды деген тілектеміз», деді Б.Жанәділов.
Өз кезегінде Ақмола облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Сансызбай Мұхитанов Елбасының тапсырмасымен құрылған комиссияның елге шығуы жұртшылықты серпіліске түсіргенін жеткізді.
«Ақылдасқанның артықтығы жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы жердің шетелдіктерге сатылмайтынын шегелеп айтты. Біз мұны қуана қолдаймыз. Инвестор өз мүддесімен келетіні белгілі. Ол мейлінше көп пайда тауып, капиталдың шетке ағынына жол ашады. Бұлардан қалған, қалжыраған жердің еңсесін қайта көтеру оңай шаруа емес. Жердің сапасы жөнінде әңгіме көп айтылып жатыр. Оны неге қатаң бақыламасқа. Бұл орайдағы тексеріске мораторийді тоқтатқан жөн деп санаймын. Сондай-ақ, жер қадірін білетін халқымыз жерді күте алмайды деген астамшылық болады. Өзіміздің мамандарымызға қолдау көрсету керек» деді бірлестік төрағасы.
Ал «ТНК» агрофирмасының атқарушы директоры
Алмас Сейітқасымов жерге жекеменшік жүйесінің енгізілуі өз қайтарымын беретінін сөз етті.
«Холдинг дәрежесіндегі біздің ұжым 200 мың гектарға күтім жасап отыр. Өнімдерімізге сұраныс жоғары. Мұның барлығы қыруар еңбектің, қаржы құйылымының, жаңа технологияны қолданудың, тәртіп пен жанашырлықтың нәтижесінде мүмкін болуда. Бұл орайда мемлекет тарапынан қолдау да арқамызды кеңіте түседі. Сондықтан жерге меншік қатынасын қолдаймыз және оның тиімділігін жұртшылық жақсы біледі.
Комиссия мүшелерінің назарына мына мәселені жеткізгім келеді. Жуырдағы отырыстың бірінде 50 гектарға дейінгі жері барларға жер тегін берілсін деген ұсыныс айтылып қалды. Бұл ұсыныс қана екендігін түсінемін. Бірақ, осы хабар тарасымен жұрттың бәрі шаруа қожалығын ашуға кірісті. Өз пайларын алып жатқандар да бар. Дәл 10 сотықтың мәселесі сияқты. Сондықтан, әр сөзді салмақтай білсек, нақтылық, ашықтық қажет деп ойлаймын. Бұған қосымша, тәп-тәуір жұмыс істеп келе жатқан «Агробизнес-2020» бағдарламасын қайта жаңғыртуды ұсынар едім», деді ол.
Бұдан кейін «Сарытомар» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Тұрлыбеков, журналист Бақыт Смағұл, облыстық кәсіпкерлер ассоциациясының төрағасы Марат Жұмабеков, А.Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Жексенбай Қасқарбаев, еңбек ардагері Қайыргелді Әкімбеков, барлығы облыстың 24 адамы сөз алып, өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салды.
Мәжіліске қатысушы Республикалық комиссия мүшелері Кенжеғали Сағадиевтің, Ибрагим Жанғоразовтың аталы сөзін, Қуаныш Айтахановтың, Ақылбек Күрішбаевтың, Иван Сауэрдің, Жексенбай Дүйсебаевтың, Мұрат Әбеновтің салиқалы пікірін, Әкім Жанұзақовтың, Досмұхамбет Көшімнің, Айдос Сарымның байыпты байламдарын ықылас қоя тыңдады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев кеңес соңында журналистерге берген сұхбатында Көкшетаудағы көшпелі мәжіліс ойдағыдай өткенін, қойылған мақсаттың орындалғанын атап көрсетті. «Президент Жер кодексiнiң қоғамдық резонанс тудырған бiрқатар нормаларына биыл жылдың соңына дейін мораторий жариялады. Нұрсұлтан Назарбаев кең көлемді түсіндіру шараларын жүргізіп, бұл жұмысқа бүкіл партиялар мен қоғамдық ұйымдарды тартып, жер мәселесі бойынша өз позициясын білдірген барлық азаматтарды диалогқа шақыруды тапсырған болатын. Бүгінгі мәжіліс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ол барлық ауданға онлайн режімінде таратылды. Сөз сұрағандардың барлығына микрофон ұсынылды, ашық пікір алмасу орнықты. Бұлардың барлығы комиссия назарынан тыс қалмайды», – деді ол.
Алдында екі сағатқа жобаланған отырыс төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Солай болуы да керек еді. Мәжілістен кейін комиссия мүшелері Бурабай ауданындағы «Есіл-Агро» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуге қатысты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
*Қатысушылар лебізі
Кеңесбек БЕКТАС,
«Хладокомбинат» ЖШС директоры, Көкшетау қаласының құрметті азаматы:
– Ел ішін біршама дүрліктірген мәселеге қатысты Елбасымыз дұрыс шешім қабылдады. Жер кодексінің кейбір буындарына тоқтам салып, бұл орайдағы пікір жиынтығын қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия құрғаны, оған ел Үкіметі басшысының бірінші орынбасары, сыйлы азамат Бақытжан Сағынтаевты төраға етіп тағайындауы болашақты ойлаған қадам деп түйдік. Көпті көрген шаруа адамы болғандықтан, ел ішіндегі жағдайларға құлақ түріп жүреміз. Жер сатылмауы тиіс, сатылса саудаға түседі. Ел азаматтарына жалға берудің өзінде тиісті бақылау болуы қажет. Өйткені, тегіннің қадірі жоғын көріп жүрміз. Бұл жауапкершілікті арттырады. Қазіргі күні жері көп басшылар малмен айналысуды артық шығын санайтыны жасырын емес. Осы сала өркендесе, өңдеуші кәсіпорындар да оңалар еді.
Тельман МҰҚЫШЕВ,
білім саласының ардагері:
– Ақмола облысы – қашанда ынтымақ-берекесімен айшықталған өңір. Халық сауатты. Елбасы мораторийі жарияланысымен ақсақалдар бас болып, бұл тоқтамның мәнісіне байланысты түсінік жұмыстарын жүргіздік. «Ел бірлігі» ұйымы да белсенділік танытты. Облыс әкімі арнайы шақырып ақылдасты. Жалпы, бұл жұмыс баяғыда басталуы керек еді. Үкіметтің кәсібилігі сынға түскен кез қазір.
Өзімнің жеке пікіріме келсек, жерді шетелдіктерге сатуға қарсымын. Тіпті, өзіміздің кейбір кеудемсоқтарымыз баршамыздың ортақ игілігіміздегі жерді сатып алып, аяқ бастырмауға айналды. Ауылдардың айналасындағы жерлер жалға берілген. Тұрғындар қозы-лағын, құлын-тайшасын арқандап бағуда деген не сұмдық.
Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
«Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық ұйымының төрағасы:
– Мен 48 жыл ауыл шаруашылығында істедім, басшы қызметте болдым. Жерімізді химиямен суарып, аздырып-тоздырған мысалдарды білеміз. Өз азаматтарымызға сатуға да, жалға беруге де болады. Бұл халқымыздың жігерін тасытады, алға ұмтылдырады. Қазақстанда шетелдікінен кем емес білім ордалары бар. Ауылға көңіл бөлінсе, маман табылады. Жермен тұрақты жұмыс істейтіндер оны түбінде сатып алады. Мұны да қоштауымыз керек. Елбасымыздың қазіргі жағдайға байланысты қолға алып жатқан шаралары осы мақсатты көздейтіні анық.
Құдайберген ҚҰСАЙЫНОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– Ауыл проблемасының көбеюі оған көңіл бөлмеуден туындайды. Кезінде барлық тұрғынға пай үлесі тегін таратылғанымен, одан пайда көргендер шамалы. Сол пайымыздың қайда қалғаны белгісіз. Кім пайдаланып жүр? Оны жинап алған пысықайлар еңбекақыға бір қап ұн, бір арба шөп береді, міз бақпайды. Жөнге келтіретін уақыт болды ғой соларды.
Беларусь, Израиль тәжірибесі кооперацияның тиімділігін көрсетіп отыр. Бізде заң бар, соған қайтадан жан бітіру қажет. Халқымыз «Бірігіп істесе, білек те нығаяды» демеуші ме еді?