04 Маусым, 2016

Асқақ айбынның ажары

368 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
елбасы кітапКеше Астана қаласындағы Тұңғыш Президент кітапханасында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шара өтті. Онда жиынға қатысушыларға рәміздеріміздің тарихы мен пайдаланылу тәртібі жөнінде кеңінен баяндалды. Жиын Мемлекеттік Тудың салтанатты жағдайда шығарылуымен және Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен басталды. Алғаш болып сөз алған аталған кітапхана директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев Мемлекет басшысының Жарлығымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу тұжырымдамасына сәйкес, маусым – рәміздер айы болып бекітілгенін айтты. «Бүгін осы айда өткізілетін мерекелік іс-шаралар басталып отыр. Алдағы уақытта да бүкіл еліміз бойынша осындай халықтың патриоттық сезімін оятып, рух беретін игі істер жүзеге асырылмақ. Мемлекеттік рәміздерге арнайы күн бел­гі­леуіміз – біздің Отанға деген махаб­батымыздың бір көрінісі», – деді Ж.Қуанышев. Өз кезегінде Тұңғыш Президент кітапханасы мұрағат жұмысының сектор басшысы Жангелді Бимолдин Елбасының жеке мұрағатынан алынған материалдар негізінде мемлекеттік рәміздерді қарау және бекіту тарихы туралы әңгімелеп берді. Ол арнайы бейнеслайд арқылы сақтар заманындағы мемлекеттік нышандардан бастап, Қазақ хандығы, Ресей империясының қол астындағы тұс және КСРО құрамында болған кезеңдердегі еліміздің рәміздеріне тоқталып өтті. «Біздің рәміздеріміздің тарихы тереңнен бастау алады. Оның жарқын үлгісі ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын жасау кезінде Есік қаласынан табылған «Алтын адамның» бас киіміндегі кейбір нышандардың қолданылғанын айтсақ болады. Сондықтан қазіргі Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны жасау кезінде осындай тарихи негіздер қаперге алынғанын атап өткен жөн», – деген Ж.Бимолдин еліміздің Көк туы әрдайым көкте желбіреуі үшін әр қазақстандық мемлекеттік рәміздерді жүрегімен сүюі керектігін жеткізді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан» Ал Мемлекеттік күзет қызметі объектілерді күзету қызметінің майоры Жандос Жүсікеев жиналған қауымға рәсімдік іс-шараларда мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, аталған қызмет мемлекеттік рәміздердің эталонын күзетіп қана қоймай, оларды күнделікті жұмыста жоғары дәрежеде қолданып келеді. «Мемлекеттік Ту мен Әнұранды рәсімдік іс-шараларда пайдалану арнайы тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Мысалы, Президентті салтанатты ұлықтау рәсімінде Әнұранның қай кезде шырқалатыны туралы және Туды алып жүру жөнінде белгілі нормалар мен талаптар бар. Сондай-ақ, елімізге мәртебелі шетелдік меймандар мен мемлекет басшылары келген кезде де біздің қызметтің өкілдері мемлекеттік рәміздеріміз арқылы айбынымыз бен әлеуетімізді паш етеді», – деді Ж.Жүсікеев. Сонымен қатар, объектілерді күзету қызметінің майоры іс-шараға қатысқан жастардың сұрақтарына жауап беру арқылы, оларды Отанымызды сүюге, ұлтымыздың құндылықтарын қастерлеуге шақырды. Одан бөлек, әскери қызметтің құрметті қарауыл ротасы саптық іс-қимылдар тәсілдерін көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады және қатысушылар Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысы туралы фильмді тамашалады. Шара соңында Тұңғыш Пре­зи­дент кітапханасы жанындағы «Кемел ел» жастарды тәрбиелеу орта­лығы ұйымдастырған мемле­кеттік рәміздер тақырыбындағы семинар-тренинг тыңдаушыларына сертификаттар табысталып, барлық қатысушыға естелік сыйлықтар берілді.