Осындай жалынышты-жалбарынышты үндерді мемлекеттік қызметте жүрген қандастарымыз тарапынан жиі еститін болдық
Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында өтетін брифингке қатысуға алғаш рет келгенімде, жүргізушінің: «Қазақша сұрақ қоймаңызшы!» – деген өтінішіне бұл не айтып тұр дегендей таңырқай қарағаным бар. «БАҚ өкілдерімен сұхбатқа келетін лауазымды тұлғалар мемлекеттік тілді түсінгенімен, сөйлей алмайды», – деп ақталғандай болды ол. «Білдей бір мекеме басшысының ана тілін білмеуі қалай?» деген ойға шомып, алған бетімнен қайтпауға бел будым.
«Әділбек Қайырбекұлы, тәртіптік кеңестің ұсынысымен келіспей, сотқа шағымданушылар көп пе?» – деген сауалыма, шынында да, қазақшадан хабары жоқ облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары жарытып жауап бере алмады. Басқа емес, мемлекеттік қызметшілердің тәртібі мен қызметіне қатаң талап қоятын шенеунік қазақ тілін білмесе, басқалардан не үміт, не қайыр?
Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Бөгенбай Жүсіпов, облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығы департаменті директорының орынбасары Әсет Қайыржанов, Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы департаментінің директоры Марат Қасенов, тағы да басқаларының қатысуымен өткен брифингтерде де «қазақша сұрақ қоймаңызшы!» деген өтініштер алдымнан көк аттай көлденеңдеп шықты.
Соған қарамастан, қазақша сұрақ қоюдан тартынған емеспіз. Ондағы мақсатымыз – мұқату емес, тым болмаса ана тілінің қадір-қасиетін сезінсін, ойлансын, меңгеруге талпынсын деген оң ниет. Бір аңғарғанымыз, неге екенін қайдам, мемлекеттік тілді бір кісідей білетіндердің өзі ана тілінде сөйлеуге арланатын секілді. Сұрақ қойсаң, орысша сайрай жөнеледі.
Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін үйрету үшін жыл сайын қыруар қаржы бөлінетіні белгілі. «Қызылжар» қосымша білім беру орталығының мәліметіне сүйенсек, былтыр бұл мақсатқа 32 миллион теңге қаражат жұмсалыпты. 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметші қазақ тілінен дәріс алған. Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы өткізген «Қазтест» сынағынан 1636, облыстық «Қызылжар» қосымша білім беру орталығы арқылы 2161 адам өтіп, жақсы нәтиже көрсеткен. Яғни, осыншама қызметкер қазақшаны орташа деңгейде біледі деген сөз! Олай болса, мемлекеттік мекеме басшыларының әлі күнге дейін қазақ тілінен мүдіруі қалай? Бұдан шенеуніктер қазақ тілі сабақтарына қатысуға құлықсыз, болмаса дәрістер жалпылама, қағаз жүзінде өтеді деген ой түюге болады. Әйтпесе, тым құрығанда ана тілінде ауызекі сөйлеуге баяғыда үйреніп кетер еді.
Шын ынта-ниет қойған адам кез келген тілді меңгеріп кететінін тәжірибе көрсетіп жүр. Мәселен, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотов басқосуларда мемлекеттік тілде баяндама жасаудан еш тартынған емес. Жақында облыстық прокуратура ұйымдастырған конференцияда қазақ тілінде сөз сөйлеген оған: «Қазақшаны бір кісідей меңгеріп алыпсыз ғой», дегенімде, «Таңғалатын түк те жоқ, еліміздің әрбір азаматы қазақша білуге міндетті», деп көңілімізді бір көтеріп тастады. Өзгелер Глотовтан үлгі алса игі. Ол қазақтармен қазақша сөйлесуді әдетке айналдырыпты. «Осылайша сөздік қорымды молайтып, мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеруге ұмтылып жүрмін», – дейді басқарма басшысы.
Қызылжар өңірінде бүгінгі күні қазақша сөйлейтін өзге этнос өкілдері қатарының артқаны байқалады. Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног – қазақ тілін құрметтейтін азаматтардың бірі. Оның ойынша, мемлекеттік тілді үйрену – заман талабы. «Мәңгілік Ел» болуға ұмтылған шақта беделді қызмет атқаратын тұлғалардың қазақ тілін білмеуі – ұят. Сондықтан, ол аптасына екі-үш мәрте қазақ тілінің үйірмесіне барып жүр. Өзі ғана емес, балаларынан да мемлекеттік тілді меңгеруді талап етеді.
«Біздің ауруханада көбіне ауыл тұрғындары емделеді. Олардың барлығы орысшаға жетік емес. Сол себептен денсаулық сақтау мекемесінің басшысы ретінде ем қабылдаушылармен қазақша сөйлесемін. Мемлекеттік тілде сөйлегенде, әсіресе, жасы үлкен аға-апаларымыз риза болып, алғысын айтып жатады», – дейді бас дәрігер.
Әсіресе, атажұртты аңсап, Өзбекстан, Моңғолиядан көшіп келген ағайындарымыздың қазақ тілін білмейтін шенеуніктерге өтініш-тілектерін жеткізе алмай, қатты қиналғаны әлі күнге дейін жадымызда. Содан бері арада қаншама уақыт өтсе де, мемлекеттік мекеменің тұтқасын ұстаған ұлт азаматтары арасында ана тілін білсем, үйренсем деген белсенді қимыл әлі баяу. №3 қалалық аурухананың дәрігеріне мақалаға тапсырыс берген едім. Алпысты алқымдаған қазақ травматологы ана тіліне шорқақ екенін алға тартып, түрік дәрігерінен сұхбат алуымды өтінді. Өйткені, өзге этнос азаматы мемлекеттік тілге қамшы салдырмайтын көрінеді. Өзгелерге итере салу арқылы ана тіліміздің көсегесін көгертпейтініміз анық.
Сұңғыла суреткер Ғабит Мүсіреповтің ана тілімізге қарата айтылған «Авгийдің ат қорасынан бастайық!» деген тамаша сөзі бар. Қазақ халқының ұлдары ана тілінде сөйлей алмағанына намыстанатын күн қашан туар екен?!.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы