Италия: ескі түрмелер отельдерге айналады
Италия билігі Рим, Милан және Неаполь қалаларындағы тарихи түрмелерді сатуға ниет білдірді.
Осы тұста олардың отельдер мен жекеменшік резиденциялар үшін берілетіндері де айтылып жатыр. Әзірге саудаға Миландағы Сан-Витторе абақтысы шығарылып тұр. Ол 750 тұтқынға арналып 1879 жылы салынған екен. Бұдан кейінгі лоттарға Римдегі Реджина Коэли (1600 жыл, 600 адам) мен Неапольдағы Поджореале (1914 жыл, 2 000 адам) түрмелері кіреді. Бірақ қазір Италия түрмелері аузы-мұрнынан шығып тұр. Соның салдарынан 50 мыңға арналған қапастарда 54 мың сотталушы отыр.
Еуропаның жартысы – бір еркектің баласы
Қазіргі таңда Батыс Еуропада тұратын барлық ер кісілердің тең жартысы бір адамның ұрпағы көрінеді.
Nature Genetics журналында жарияланған зерттеу қорытындысы олардың түп атасы қола дәуіріндегі ақсүйектер әулетінің негізін қалаушы бір көсем екенін білдіреді. Халықаралық ғалымдар ұжымы мұндай тұжырымға 26 елде тұратын 1 200 еркектің Y-хромосомдары арасындағы айырмашылықтарды зерттеу нәтижесінде келген. Ал бұл хромосом тек ер кісілер арқылы беріліп тұрады.
Техаста селфиге арналған ескерткіш пайда болды
АҚШ-тың Техас штатындағы Шугар қаласы мэриясының алдында айфонмен автопортрет түсіріп тұрған екі қыздың қола мүсіні қатарға қосылды.
NBC4 телеарнасы атап өткендей, бұл 10 мүсіннен тұратын коллекцияның бірінші нысаны екен. Ол «өздерін өздері ататындарға» арналған әлемдегі бірінші түпнұсқалық монумент болып шықты. Бірақ бұл идеяны жақтаушылардан даттаушылар көп болып кеткен. Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың көбі Техастан шыққан танымал тұлғаларға арналған ескерткіштердің мүлдем аз екенін алға тартып, қайдағы бір нәрсені әспеттеуге қарсылық білдірген.
Жеті жасар миллионер Бразилияда тұрады
Бразилия президентінің міндетін атқарушы Мишел Темердің өзімен аттас жеті жасар ұлы өз қатарларына қарағанда, анағұрлым пысық болып шықты.
Соңғы айда бұрынғы президент Дилма Руссефтің отставкаға жіберілуіне байланысты елді уақытша басқарып отырған жоғары дәрежелі шенеуніктің мұрагерінде қазірдің өзінде екі керемет вилла бар. Сондай-ақ, кең көлемді ғимараттағы әкесінің штаб-пәтері орналасқан екі офис те осы «миллионер» баланың атында. Осылардың өзінен құны 570 мың доллар болатын жылжымайтын мүлік шығады. Ал әкесінің есепшотындағы 2,14 млн. доллар мөлшеріндегі ақша бұл санатқа кірмейді.
Латвия адам есіміне де «егемендік» әпереді
Латвия үкіметі алдағы күзде елде тұратын барлық азаматтардың аты-жөндері латыш үлгісіне келтірілетін заң жобасын қарағалы жатыр.
Осыдан бастап билік басқа ұлттардың жаңа туған балаларының «латыш тіліндегі заңдылықтар негізіне сәйкес келмейтін немесе қоғамда айтуға қиындық туғызатын» есімдерін тіркеуден бас тарта алады. Құжатта неге бас тартылатыны атап көрсетіледі. Ал мұндағы бар жаңалық адам есімі мен тегінің соңына «с» деген қаріпті қосып жазуда екен. Сонда ол латыш тілінің грамматикасымен үйлесіп, ел тұрғындарының өзара татулығын танытады-мыс.
Әлемдегі ең риза туристер – ресейліктер
Ресейліктер әлемдегі аса риза саяхатшылардың көшін бастап тұр. Мұны туристік сервис порталы мәлімдеді. 50 ел бойынша деректерді зерттеген сарапшылар интернетте өздерінің сапарлары туралы риза көңіл білдіретіндерді анықтады.
Нәтижесінде бірінші орын 92,3 пайызбен ресейліктерге бұйырған. Екінші орынға 89,9 пайызбен чехтар орналасқан. Үштікті 89,5 пайызбен польшалық туристер қорытындылайды. Ең риза емес саяхатшыларды 18,5 пайыз көрсеткішпен оңтүстіккореялық туристер бастап тұр. Олардан кейін мексикалықтар аталып отыр – 14,8 пайыз. Риза еместілердің үштігін 14,6 пайызбен малайзиялықтар түйіндеген.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде дайындалды