04 Маусым, 2016

Нью-Йоркті бағындырған қазақ баласы

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
скрипач-1Әлемге әйгілі қазақ­стандық скрипкашы Ержан Күлібаев Нью-Йоркте өткен І Манхэттендік музыка байқауының ішекті музыкалық аспаптар аталымы бойынша бі­рінші жүлдені ие­ленді. Мұнымен қатар, отанда­сымыздың есімі «Manhattan Internationai Artists» агенттігі тізіміне енгізілмек. Жалпы, халықаралық «Manhattan Music» байқауының мақ­саты әртістігімен, сахнадағы өзгеше дарындылығымен ерекшеленген орындаушыларды тау­ып, олардың әлемдік деңгейде өнер көрсетуіне, кәсіби тұрғыда өсіп-дамуына барынша қолдау көрсету болып табылады. Жеңімпаз музыканттар әйгілі Карнеги-холл сахнасында (Нью-Йорк) өнер көрсетті. Дыбыс жазатын халықаралық «Orpheus» компаниясы әртістердің компакт-дискілерін жазып, таратуды өз мойнына алды. Айта кететін жайт, олардың дыбыс жазуына авторлық құқық және жеке қолданысына 1000 дана күйтабақ берілмек. Бұл жеңімпаздар үшін ең үлкен марапат болып саналады. Сондай-ақ, әртістердің есімі, жаңадан құрылған дүниежүзіндегі классикалық музыканттардың мүд­десін қолдайтын «Manhattan Internationai Artists» агенттігі тізі­міне енеді. Әртістердің қалтасынан артық шығын шықпауы үшін, байқау негізінен қатысушылардың жіберген бейнежазбалары арқылы өткізілді. Өнер бәйгесінде бақ сынаушыларға қойылған талаптың бірі орындаушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс. Байқау фортепиано, вокал және ішекті аспаптар аталымдары бойын­ша өтті. Беделді қазылар құрамына аты аңызға айналған пианиношы Иво Погорелич төрағалық етті. Ержан Күлібаевтің Амери­кадағы бұл жеңісі – осыған дейінгі сансыз жетістіктерінің бірі ғана. Бұл салада әжептәуір биіктерді еңсеріп үлгерген жас срипкашының Буэнос-Айрес, Лиссабон, Берлин, Новосібір және Екатеринборда өткен халықаралық байқаулардағы жүлделері оның әлем скрипкашылары арасындағы беделін барынша асыра түскен асқақ шыңдары деуге әбден лайық. «Washington Award» сыйлығының иегері, Познаньда (Польша) өткен Г.Венявский бай­қауының жеңімпазы Е.Күлібаевқа Ұлыбритания, Австрия, Алмания, Швейцария, Бельгия, Франция, Испания, Португалия, Мексика, АҚШ және Канаданың көрермені қол соғып, қошемет көрсетті. Қазақстандық талант иесі жайында музыка сыншылары тарапынан өте жоғары баға берілуде. Мысалы, Аргентинаның «La Nación» басылымының тілшісі былай деп жазады: «Сырбаз жас солистің сол қолында – Стра­дивари скрипкасы. Оның жарқырап ойнауындағы дыбыстың екпін­ділігі, жоғары техникасы үлкен әсер қалдырады, әрбір көрерменді өзіне баурап алады. Скрипкашы П.Чайковскийдің музыкасын нақ­ты әрі сезімге толы етіп жеткізе білді. Кеш соңында аргентиналық көрермен орындарынан тік тұрып қол соқты». Қаршыға КҮЛЕН Суретте: Ержан Күлібаев