04 Маусым, 2016

1200 жылдан бері жатқан таза су

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
1200 жыл Грузия Таза суГрузияның Кахетия айма­ғындағы Кварели деген жерде V ғасырдағы қала орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында шарап құюға арналған квеври ыдысы табылды. Оның іші таза суға шөпілдеп толып тұр екен. Ал құмыра сыртындағы жазу оның VIII ғасырда жасалғанын көрсеткен. Сонда квевриге судың құйылғанына шамамен 1200 жылдай мерзім болғаны айғақтала түседі. Археологиялық экспеди­ция­ның жетекшісі Нодар Бах­тадзенің айтуынша, «Джорджиан Уотер энд Пауэр» компания­сы жүргізген зерт­ханалық тек­серудің нәтижесінде шамамен 1200 жылдан астам уақыт ыдыс ішінде тұрған су барынша таза, тіпті, ішуге де әбден жарамды болып шыққан. Судың құрамынан ешқандай бактерия табылмаған. Тағы бір анықталғаны, ол жаң­бырдың емес, бұлақтың суынан алынған. Экспедиция басшысы суды өзі ішіп көргенін жеткізген. Оның шамалы бөлігін жергілікті патриархия өкілдері де алып кеткен. Діни қызметкерлер суды соншама жылдар аралығында қасиетті болып кеткенін, сондықтан осы кезге дейін таза қалпын сақтап келгенін айтады. Мұрат АЙТҚОЖА