АСТАНА. 6 маусым. Бүгін Бас прокуратураның өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент пиво» серіктестігінің бас директоры Тоқтар Төлешовке қатысты қылмыстық істің тергелу барысы жайында брифинг өткізді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Брифингте Бас прокуратураның департамент бастығы Құсайын Игембаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасёв аталған қылмыстың істің тергелу барысын хабарлады.
«Арнайы прокурордың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы трансұлттық қылмыстық топты қаржыландыру, ұйымдасқан қылмыстық топты басқару, заңсыз есірткі заттарын сақтауға күдікті ретінде «Шымкент пиво» серіктестігінің бас директоры Тоқтар Төлешевке және оның айналасындағы бірнеше адамға қатысты қылмыстық істерді тергеуде. Бүгінде Төлешевке ауыр және аса ауыр қылмыстар, соның ішінде адам ұрлауды және өлтіруді ұйымдастыру, түрлі дәрежедегі дене жарақатын келтіру, бөтеннің мүлкін қасақана жою, рейдерлік тәрізді қылмыстар бойынша айып тағылуда», – деді Бас прокуратураның департамент басшысы Құсайын Игембаев. Сонымен қатар, прокурор аталған қылмыстың бөлігін Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатқанын айтты.
«Тергеу органдары Төлешовтің бұрын билікті басып алуға дайындық жұмыстарын жүргізгені, ал өткен жылдан бастап нақты қадамдар қабылдағаны туралы толық мәліметтерді анықтады. Оның әрекет ету жоспары шиеленісті ошақтар құру арқылы наразылық акциялары және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыра отырып елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды қарастырған. Осының аясында балама үкіметті қалыптастырып, әрекет етуші биліктің құрылымын өзгертуді жоспарлаған», – деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасёв:
Брифингте сондай-ақ, Руслан Карасёв Атырау, Астана, Алматы, Орал, Қызылорда қалаларында өткен жылы Төлешовтың қаржыландыруымен жер реформасына қарсы наразылық топтың құрылғанын жеткізді.
«Наразылық акциялары бұдан да ертерек өтуі тиіс болғаны толықтай анықталды. Алайда, Төлешовтің ұсталуына байланысты оның мерзімдерін акцияны тікелей ұйымдастырушылар өз беттерінше өзгерткен, олардың кейбіреулері бүгінде құрықталған», – деді ол.
Бүгінгі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдары Төлешовтің қылмыстық әрекеттерiн iске асыру мақсатында пайдалануға жоспарлаған едәуір қару-жарақ, оқ дәрiлер мен жарылғыш заттарды жасырған орынды анықтап, оларды тәркiлеген.
«Өткен демалыстарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерi Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Төлешовтің бiрқатар сыбайлас жақтастарын ұстады. Олардың қатарында Бас Прокурорының бұрынғы бiрiншi орынбасары, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесiнiң бұрынғы мүшесi, екiншi сыныпты әдiлет кеңесшiсi Iлияс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің экс-басшысы, генерал-майор Хибратулла Досқалиев, аталған департамент басшысының бұрынғы бiрiншi орынбасары, полиция полковнигi Сәкен Айтбеков, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Оңтүстiк өңірлік қолбасшылығының 35748 және 55652 әскери бөлiмдерiнiң командирлерi, полковниктер Бекзат Жумин және Қайрат Пернебаев бар», – деді Руслан Карасёв.
Айта кетейік, аталған тұлғалар ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған. Оларға қатысты бұлтартпау шараларын қолдану мәселесі шешілуде.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.