07 Маусым, 2016

Мәселеге ауылдар алаңдаулы

389 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жер-Амангелді Бүгінде жер мәселесі елдің қай түкпірінде де өзекті тақырыпқа айналғаны анық. Торғай өңіріне сапарымызда да жергілікті халықтың бұл мәселені жіті назарда ұстап отырғанын байқадық. Негізгі мақсат Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылғына орай ұйым­дастырылған бірқатар іс-шараға қатысу болса да, сапарымызда жергілікті халықпен кездесіп, жер мәселесіне қатысты ауыл жұртының ұсыныс-пікірін тыңдап қайттық. Бұл жиындарға Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның мүшесі Берік Әбдіғали ұйытқы болды. «Комиссияның жұмысы би­ліктегілердің есебін тыңдау емес, жер реформасына қатысты бар­лық тараптың пікірін тыңдап, соны талдап, Парламентке ұсы­ныс өткізу. Ең бастысы – халық пі­кірін жинақтайық», деген еді комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев үшінші отырыста. Әсіресе, жер-жерді аралап, ауыл-аймақтардағы халықтың пікірін тыңдау өзекті екенін айтқан болатын. Осы ұстанымды бетке ұстанған Берік Әбдіғали Қос­танай облысының Жангелдин, Аман­­гелді аудандарының халқы­мен жүздесті. Жиын барысында Жер комис­сия­ның мүшесі алдымен қазіргі жағдайды түсіндіріп, Жер кодексі аясындағы мәселеге, Елбасы мораторий жариялаған төрт бапқа тоқталды. Қазіргі күні Пре­зи­дент­тің тапсырмасымен Үкімет жанынан құрылған комиссия қызу жұмыс жүргізіп жат­қанын, нәтижесінде халыққа, елге тиімді шешім қабылданарына сенім мол екенідігін атап өтті. Жергілікті тұрғындар Жер реформасы бойынша рес­пуб­ликалық комиссияның жұ­мы­сын бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы жіті қадағалап отырғандарын жеткізді. Әрбір отырысты мұқият тыңдап, басылымдардан оқып, саралап, салмақтап, ой түйгендерін айтты. Осы ретте өздерінің де айтары барын алға тартты. Мәселен, Амангелді ауданы ар­дагерлер кеңесінің мүшесі Сай­лау Сейділдин Жер реформасына қатысты жергілікті халықтың пікірін ескеру аса маңызды дейді. «Жер реформасы жөніндегі ко­мис­сияның әрбір отырысын көріп жүрмін. Комиссия жақсы жұмыс істеп жатыр. Алматыда зиялы қауым өкілдері жиналып, олар да ақылдасты. Бұл үлкен күрделі мәселе болып тұр. Қазақта «шөл­мек мың күнде емес, бір күнде сынады» деген сөз бар. Жер мә­се­лесі қайдан туындап қалды? Жер кодексін біздің сайлаған депутаттарымыз халықтың талқылауынсыз қабылдап жіберді. Басқа емес, дәл жер туралы шешім қабылдарда халықпен санасу керек еді», деді ардагер. Сондай-ақ, ол жер сату әлем елдерінің тәжірибесінде болғанын, бірақ оның соңы қайда соқтырғанын біздің халық біліп отырғандығын айтты. «Әрине, жақсы нәтиже көргендері де бар, бірақ біздің Қазақстан оған дайын емес. Жалпы, жер мәселесінде бізде заңдар солқылдақ. Өзгеріс­тер мен толықтырулар көп ен­гізіледі. Тағы бір айтарым, жер бос жатса азып-тозып, құриды екен де­ген жай сөз. Міне, біздің кө­кейде осындай мәселелер бар. Әрине, жер мәселесінің дұрыс шешілетініне сенімдіміз. Өйткені, жоғарыдағылар, Елбасының өзі бұл мәселеге қатты мән беріп жатыр. Ел аман болса, Елбасымыз аман болса, бұл тығырықтан да шығармыз. Бұдан да зорынан шыққанбыз», деді С.Сейділдин. Ал Рамазан ақсақал бұл мә­селеде қызбалыққа салынбау керек деп ескертті. «Біз талайды көрген адамдармыз. Ел басынан өткен талай оқиғаның куәсі болғанбыз. Бірақ бір ғана нәрсе маңызды, ол – елдің тыныштығы. Мұндай мәселеде қызбалыққа салынудың қажеті жоқ. Қазіргі комиссия құрамында да елдің жайын білетін ақылды азаматтар отыр. Жұмыс жүріп жатыр. Мәселе оң шешімін табарына сенімдіміз. Тынышытығы бұзылған елдерді көріп отырмыз. Солардың жағдайы не болып жатыр?! Бірлік болмаса, тыныштық болмаса, тірлік болмайды. Торғай елі қасиетті жер. Біз киелі елдің ұрпақтарымыз. Президенттің жасап жатқан жұмысын қолдайық. Елдің тыныштығын бұзуға асық­қандарға сабырға келсін деген тілегімді айтқым келеді» деді ол. жер Фермерлер одағының төр­ағасы Жоламан Тапаев өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерінің жағдайын баяндады. «Мен 20 жылдан бері жермен жұмыс істеп келемін. Амангелді ауданында босқа жатқан жер жоқ. Қолынан іс келер азаматтар жал­­­­ға алып жұмыс істеп жатыр. Жердің құнарлылығы тозып жатқан жоқ. Жайылымдық, шабындық жерлердің өзін шаруалар жалға алып жатыр. Оның барлығы құптарлық. Азаматтар еңбектерімен көрінуде. Қазіргі күні жермен нәпақа табуға болатынын барлығы түсінді. Менің айтайын дегенім, біздің аумақтағы фермерлердің жерді сатып алуға әзірге жағдайы жоқ. Сондық­тан халықтың қазіргі жағдайда өзін-өзі асырап отырғандығын құп деу керек. Ешкімге қол жаймай, өз бетімен күн көріп, салығын төлеп отырғанының өзі абырой. Менің айтарым, шекарадан 100 шақырымға дейінгі жер сатылмауы керек. Көршілес елдерге ауыл шаруашылығы жерлерін мүлде беруге болмайды. Жерді қазақстандықтарға жалға беру керек. Себебі, біздің көпұлтты мемлекет екенімізді ескергеніміз жөн. Жер сатып алатындардың бәрі қазақ емес, өзге ұлт өкілдері ертең сатып алған жерлеріне кімді әк­еліп, қандай билік жүргізетініне ешкімнің кепілі жоқ, – деді. «Кімде қанша жер бар, қан­­ша жер шетелге жалға берілді, кімдерге? Ауыл шаруа­шы­лы­ғынан өзге мақсатта болса да, ол жерге қатысты мәселе болған соң бәрін анықтау керек, бұл құпия ақпарат емес», деді тұрғындар. Сондай-ақ, екі мемлекеттің арасында қандайда бір келісімшарт қабылданса, онда белгілі бір талаптары болады, соны біліп, талапты орындауды талап етуіміз керек» дейді. Жер мәселесіне қатысты Жан­­­­­­­­гелдин ауданындағы Көл­қамыс ауылының ақсақалы, отыз үйлі ауылды жұмыспен қамтып отырған фермер Кәкімжан Кар­бо­зовтың да пікірін білген едік. Ол «жерді шетелдіктерге жалға бер­се, біріншіден, алған адам ол жерге жол салып бер­сін. Екін­шіден, үй салсын. Үшін­шіден, Қа­зақ­станның адамын жұмысқа алсын. Жалпы, елге инвестиция құю керек», деген ұсыныс-пікірін айтты. Қойнауы тарихқа тұңған қарт Торғайға сапарымыз, әрине, Жер мәселесімен ғана шектелген жоқ. Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған сапа­ры­мыздың жазбасын келесі ма­қаламыздан оқисыздар. Қостанай облысы, Амангелді, Жангелдин аудандары Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»