● Ұлттық қор несиелік тұрғын үй құрылысына қосымша 67 млрд. теңге бөлді. «Жыл соңына дейін 60 миллиард теңгенің 41,7 миллиарды игеріледі деп күтілуде. Қалған қаражат келесі жылдың екінші-үшінші тоқсандарында игеріледі», – деді осыған орай «Бәйтерек» Ұлттық холдингі басқармасының басшысы Ерболат Досаев.
● Қашағандағы мұнай өндіру жыл соңына дейін 35 мың тоннаға жетеді. Қазіргі таңда енді газ айдау көлемін арттыру мақсатында Қарашығанақ кен орнын одан әрі дамыту тұжырымдамасы қаралып жатыр. Осылар жайында мәлімдеген Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қарашығанақты кеңейту жобасы келешекте 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
● Жамбыл облысында Мемлекеттік рәміздер күніне орай 170-ке жуық шара өтті. Оған өңірде 50 мың адам қамтылды. Ал қала жастары «Рәміздерім – мақтанышым» атты акцияға белсене қатысты.
● Солтүстік Қазақстанда патриоттар форумы кең қанат жайды. Шара Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары дайындаған флешмобтан басталды. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бұл күннің қазақстандықтар үшін ерекше екенін атап өтті. Себебі, шынайы патриоттық мемлекеттік рәміздерге деген құрметтен басталады.
● Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны аяқталды. Бұл кеше аймақ басшысы Сергей Кулагиннің қатысуымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды. Науқанда 4,217 миллион гектар аумаққа дәнді және бұршақ дақылдары себілген.
● Ақтоғайда сыйымдылығы 5 000 тонналық қойма салынып жатыр. Мұндай дерек Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың осы ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде мәлім болды. «Ақтоғай Агро» ЖШС басшысы Игорь Головашов қойманың әрқайсысы 1 000 тонна көкөніс сыйдыратын бес секциядан тұратынын баяндады.
● Қызылордалық кәсіпкер тәжірибесі мол сарапшының жәрдеміне жүгінді. Сыр өңірінде жеке кәсіпкер Айдос Сайлығараевтың кондитерлік өнімдер шығаратын кәсіпорны әлемдік деңгейдегі тәжірибелі германиялық сарапшының көмегімен 21 күн бойы өнім түрлерін көбейту және сапасын жақсарту бағытында жұмыс жасады.
● Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданындағы шипалы көл суға толды. Бұл гидролог-ғалымдардың өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері үздіксіз тартылып келген Қызылкөлді қалпына келтіру бағытында жасаған жанды жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды. Оның үстіне биылғы жауын-шашынның көптігі көлдің 70-80 пайызға дейін көтерілуіне ықпал жасады.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігі мәліметтері бойынша
дайындалды