07 Маусым, 2016

Билікті күшпен басып алу жолы кесілді

333 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
1465195894_zc8y4792 Кеше Бас прокуратурада «Шымкент пиво» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тоқтар Төлешовке қатысты қылмыстық істің тергелу барысы туралы брифинг өтті. Оған Бас прокуратураның департамент бастығы Құсайын Игембаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев қатысты. Газетіміздің 3-бетінде олардың сөйлеген сөздерінің толық мәтіні беріліп отыр. Құсайын Игембаев, Бас прокуратураның департамент бастығы: Бұдан бұрын хабарланғандай, арнайы прокурордың басшы­лы­ғымен ведомствоаралық ар­найы тергеу тобы транс­ұлттық қылмыстық топты қар­жы­ландыру, ұйымдасқан қыл­мыстық топты басқару, заңсыз есірткі заттарын сақтауға кү­дікті ретінде «Шымкент пиво» ЖШС бас директоры Тоқ­тар Төлешевке және оның айналасындағы бірнеше адамға қатысты қылмыстық іс­тер­ді тергеуде. Көрсетілген әрекеттермен қатар, Төлешевке ауыр және аса ауыр қылмыстар, соның ішінде адам ұрлауды және өлтіруді ұйымдастыру, түрлі дәрежедегі дене жарақатын келтіру, бөтеннің мүлкін қасақана жою, рейдерлік тәрізді қылмыстар бойынша айып тағылуда. Сонымен бірге, қазіргі кезде Төлешевтің жалпы қыл­мыстық қылмыстарға ғана емес, соны­мен қатар консти­ту­циялық құ­­ры­­лымның негізіне қарсы қыл­­мыс­тарға да қатыстылығы анық­талды. Қылмыстың бұл бөлігін тер­геуді құзыреттілігі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлт­­тық қауіпсіздік комитеті жүр­гізуде. 1465195866_dsc_7664 Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері демалыс күндері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында белгілі кәсіпкер Т.Төлешевтің бірқатар жақтастарын тұтқындағаны белгілі болды. Бұл жөнінде кеше Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында өткен брифингте Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев мәлімдеді. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, тұтқындалғандар қа­тарында Бас прокурордың бұ­рынғы бірінші орынбасары, Конституциялық Кеңестің бұрын­ғы мүшесі, екінші сыныпты әділет кеңесшісі Ілияс Бақтыбаев, Оң­түстік Қазақстан облысы Іш­кі істер департаментінің бұрын­ғы басшысы, генерал-майор Хибратулла Досқалиев, Оңтүс­тік Қазақстан облысы ІІД басты­ғының бұрынғы бірінші орынба­сары, полиция полковнигі Сәкен Айтбеков, ҚР Қорғаныс министр­лігі «Оңтүстік» аймақ басшы­лығының 35748 және 55652 әскери бөлімдерінің командирлері, полковниктер Бекзат Жұмин және Қайрат Пернебаев бар. Олар уақытша тергеу изоляторына отырғызылған. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Р.Ка­ра­сев бұл ретте қамауға алынған ірі кәсіпкер Тоқтар Төлешевтің өзі билікті күшпен басып алу­ға дайындық жұмыстарын жүр­гізгендігімен де бөлісті. «Төле­шев­тің бұрын билікті күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын жүргізгендігі, ал өткен жылдан бері белсенді де нақты әрекеттерге барғандығы жөнінде толық мәліметтер алынған. Оның әрекет жос­парында жедел іс-әрекеттер ошақтарын құру арқылы елдегі жағдайды тұрақсыздандыру, наразылық акциялары мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйым­дас­тыру, соның аясында балама үкіметті қалыптастыруды жос­пар­лау және әрекет етуші билік құрылымын өзгерту қарас­тырылған», – деді Ұлттық қауіп­сіздік комитеті баспасөз қыз­метінің өкілі. Сондай-ақ, кәсіп­кер Төлешев тарапынан Аты­рау, Астана, Алматы, Орал және Қы­зылорда қалаларында «Жер реформасы» бойынша наразылық акциялары өткен жылдың желтоқ­санында дайындалып, қаржы­лан­дырылғандығы туралы нақты дәлелдер алынғандығы да белгілі болып отыр. Р.Карасев мәлім еткендей, нара­зылық акциялары бұдан да ер­терек өткізілуі тиіс болыпты. Алайда, Төлешевтің тұт­қын­­далуына байланысты бұл қар­сылық акцияларын өткізу оны ұйымдастырушылар тарапы­нан кейінге қалдырылған. Со­лардың кейбірі қазір ұсталған. Р.Ка­расевтің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда тергеу органдары тарапынан еліміздің өзге де өңірлерінде ұйым­дастырылған наразылық акция­ларын қаржыландыру факті­лері жан-жақты тексерілуде. Бұдан басқа, Төлешев тергеу изо­ля­торында отырып, 2016 жылдың мамырында Оңтүстік Қазақ­стан облысы Сарыағаш қала­сында жаппай тәртіпсіздікті ұйым­дастыруға әрекеттенгені де аталмай қалмады. Оны кәсіпкер елдегі жағдайды пайдаланып жүзеге асырмақ болыпты. «Өз жоспарларын жүзеге асыру мақсатында Төлешев құқық қорғау органдарының бұрынғы және әрекет етуші жоғары лауызымды тұлғаларын, сондай-ақ еліміздің Қарулы Күштері бөлімдерінің кейбір басшылары қатарынан мақсатты түрде өзінің жақтастарын іздестірген», деді Р.Карасев. Оның айтуынша, Төлешев өзінің қылмыстық әрекеттерін іске асыру мақсатында пайдалануға жоспарланған жасырын орындардағы едәуір қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды Ұлттық қауіпсіздік органдары тәркілеген. Ал Төлешевтің өзі былтыр қаңтар айында Шымкент қаласында күштік құрылымдар тарапынан жүргізілген арнайы операция барысында тұт­қын­далған-ды. Соның барысында қару салынған бірнеше пакет тәркіленгені мәлім. Бұл ретте Астана қаласы Алматы ауданы­ның №2 аудандық сотында бірінші ақпаннан бастап Төле­шевті тұтқындау туралы санк­ция берілгендігін де айта кеткен орынды. Оған қылмыс­тық істің 297-бабының 3-тарма­ғы бойынша «есірткі құрал­дарын, психотроптық заттарды және олардың баламаларын заңсыз сату, сақтау, сатып алу, қайта өндеу және әзір­леу», 266-бабының 3-бөлімі бойын­ша «қылмыстық топты қаржы­ландыру, сонымен қатар, мүлікті тарату, қаржыландыру арналарын әзірлеу» бабы бойынша айып тағылуда.