07 Маусым, 2016

Қаржыны қайта бөлу қажет

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
000 «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша қаражатты өңірлер арасында қайта бөлу қажет. Бұл туралы кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкіметтің селекторлық отырысында айтты. Кезекті Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұр­лы Жол» мемлекеттік инф­ра­құрылымдық дамыту бағ­дарламасын жүзеге асыру мә­селелері қаралған болатын. Ұлт­тық экономика министрі Қуан­дық Бишімбаевтың негізгі баян­­дамасынан кейін Үкімет бас­шысы «Нұрлы Жол» бағдарламасына бөлінген қаражатты өңірлер арасында қайта үлестіруге қатысты ұсы­ныс­тар енгізуді тапсырды. «Тың баяндамаларға қара­мастан, барлық өңірлер осы бағдарлама бо­йынша қажетті ресурстардың бәрін дер кезінде игере алады дегенге күмәнім бар. Сондықтан, Ұлттық экономика министрлігіне осы аптада ұсыныстар енгізуді тапсырамын», деді К.Мәсімов. Тіпті, келесі сей­сенбіде оны қайта талқылап, игере алмағандардың мәселесі қара­латынын атап көрсетті. «Егер орындай алмайтындар болса, оны жақсы орындайтындарға береміз», деді Үкімет басшысы Ұлттық экономика министріне қарата сөйлеген сөзінде. Қ.Бишім­баев бағдарламаға байланыс­ты қаржыны бірқатар облыстар өз деңгейінде игере алмай отырғанын айтқан болатын. Өткен жылы «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру үшін Ұлттық қордан 770,1 млрд. теңге бөлінген. Оның 92 пайызы игерілді. Ал биыл Ұлттық қордан 839,9 млрд. теңге бөлінеді. Оның ішінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер түрінде 503,4 млрд. теңге және ұлттық хол­­­дингтердің облигациялық қа­рыз­дары арқылы 336,5 млрд. теңге қарастырылған. Министрдің айтуынша, 2016 жылғы 1 маусымдағы жағдай бо­йынша аталған қаржының 99,1 млрд. теңгесі немесе 12 пайызы игерілген. Оның ішінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 47,2 млрд. теңге, республикалық маңызы бар көлік жолдарын салу және қайта жаң­ғырту үшін 35,2 млрд. теңге жұмсалған. «2016 жылы шамамен 900 ша­қырым республикалық маңызы бар көлік жолдарын салу және жаңғырту жоспарланған. Оның ішінде Алматы – Шу учаскесінде екінші теміржол құрылысына 8 млрд. теңге, Құрық портында паромдық өткел салуға 4 млрд. теңге жұмсалады», деді Қ.Бишімбаев. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін жаңғыртуға бюджеттік кре­диттеу арқылы 16,6 млрд. теңге бөлу жоспарланған. «Жалпы, 2016-2017 жылдары инженерлік желілердің 1 184 ша­қы­рымы, оның ішінде жылумен жабдықтаудың 92 шақырым, сумен жабдықтау жүйесінің 816 шақырым және су тарту жүйесінің 276 ша­қырымын салу және жаңғырту жос­парда бар», – деді Ұлттық экономика министрі. Ал өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев көлік саласының жобаларын жүзеге асыруға, техникалық стандарттарды сақтау үшін зертханалық базаны құруға, геологиялық бар­лауға қатысты жұмыстар жайына тоқталды. Ә.Исекешевтің мә­лімдеуінше, «Нұрлы Жол» мем­ле­кеттік бағдарламасы шең­берінде 11 автожол салынады. Салынған автожолдар облыстар­дың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын ны­ғайтып қана қоймай, еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық өсуіне, шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпал етеді. Ал, тасымалдардың көлемі 2,5 есе өседі деп жоспарлануда. Бұған қоса, қалалар арасындағы көлік қолжетімділігін жақсарту есебінен жалпы өңірлік өнімнің орташа жылдық өсуі 80 млрд.теңгені құрайды. Салынған жолдардың бойында ұлттық стандартқа сәйкес 200-ден астам қызмет көрсету объектілері салынып, қызмет көр­сету сала­сының дамуына және жол инфрақұрылымын жақсартуға ықпалын тигізеді. Жалпы, жол құрылысында 30 компания жұмыс атқаруда. Биыл еліміздегі барлық жолдардың құрылысына, соның ішінде «Нұрлы Жол» аясында салынып жатқан жобалардың құ­рылысына 100 мың адам жұмысқа тартылады. Үкімет отырысы барысында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағ­дарламасының іске асырылуы жайында Қаржы министрі Ба­қыт Сұлтанов, Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев, «Бәйтерек» Ұлттық холдингі бас­қармасының басшысы Ерболат Досаев және тағы басқалар баяндама жасады. Қорытындысын­да Үкімет басшысы ел дамуы үшін аса маңызды бағдарламаның өз деңгейінде орындалуын қатаң бақы­лайтынын айтып, тиісті орган­дарға бірқатар тапсырма берді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»