07 Маусым, 2016

Мәңгілік Ел – мәңгілік құндылықтар

2780 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
02_2 Алматыда «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қатысуымен елімізде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы кеңейтілген кеңес өтті. Кеңеске «Бөбек» қорының президенті, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаева, Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Балия Әкімбекова, Н.Назарбаев Білім қоры директорының бірінші орынбасары Светлана Мұрзабекова, сондай-ақ «Бөбек» Ұлттық орталығының қызметкерлері қатысты. Кеңейтілген отырыс елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ізгі құн­дылықтардың, жақсылық пен әділеттілік мұраттарының орындалуына елеулі үлес қосушы С.Назарбаеваның алғы сөзімен ашылды. Өз сөзінде бағдарлама авторы өскелең ұр­пақты ру­хани-адамгершілік тұр­ғыда дамытуға арналған «Өзін-өзі тану» бағдарламасы – бұл білім беру үдерісінің адамның рухани табиғатына сәйкестігін қалпына кел­тіруді, сүйіспеншілік пен қамқорлықтың тұтас кеңістігін қамтамасыз етуді, әрбір баланың ішкі әлемінің ерекшелікте­рін, оның эмоциялық-сезімдік және ментальдық тәжірибесін ескеруді көздейтін инновациялық педагогикалық жүйе екендігіне баста назар аударды. Өзін-өзі тану идеясы авторының пікірінше, бағдарламаның мәні баланың рухани өсу және тұлғалық қа­лыптасу үдерісінде оған барынша педагогикалық қолдау көрсету болып табылады. Сара Алпысқызы қазақстандық қо­ғамда рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауды мақсат тұтқан, Қазақстанның білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан, метапәндік және тәрбиелік әлеуетке ие «Өзін-өзі тану» бағдарламасының ерекше рөлін атап өтті. Өз кезегінде еліміз­дің Бас мұғалімі алдымен үсті­міз­дегі жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанда 2016-2019 жылдары білім мен ғылымды дамытудың мем­лекеттік бағдарламасын қабылдау туралы Жарлыққа қол қойғанын, еліміз үшін маңызды бағдарламада аталмыш саланың алдағы төрт жыл ішінде даму бағыты мен тиісті өзгерістері айқын көрсетілгенін, өзгерістер білім саласының барлық сатыларын – мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықты толық қамтитынын алға тартты. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы ең негізгі қадам – білім беру жү­­йесін жаңғырту екендігіне жете тоқталып, инновациялық бағдарламалардың мемлекеттік дәрежеде тиянақты түрде кеңінен ойластырылып, жүзеге асырылуы елімізді интеллектісі жоғары, рухани бай ұлтқа айналдырудың алғышарты екендігі ешбір күмән тудырмайтынын тілге тиек етті. «Бөбек» Ұлттық орталығының бас директоры Ирина Логинова Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ұлтымыздың тіршілік үшін күрес жолындағы маңызы айрықша екендігін, адамгершілігі жоғары, еліміздің шын мәніндегі азаматын, патриотын даярлау мақсатында құрылғанын айта келіп, білім алушы жастарды рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеудің барлық деңгейлерінің үздіксіздігін және сабақтастығын қамтамасыз ете­тіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, кеңес отырысында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы ая­сын­дағы қанатқақты білім беру ұйымдарының желісін кеңейту, ондағы қосымша білім беруге қатысты оқу жоспарының инвариантты бөлімінің көлемін ұлғайту үшін қосымша сағаттар бөлу, «Бөбек» орталығында бі­лік­тілікті арттырудың деңгейлік курстарынан өткен өзін-өзі тану тренерлерінің штаттық бірлігін енгізу, өзін-өзі тану мұғалімдерін аттестациялау Ережесіне өз­гер­тулер енгізу, білім беру ұйы­мын­дағы әрбір пән мұғалімінің «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарынан міндетті түрде өтуін қарастыру, өзін-өзі тану идея­ларын қоғамда насихаттауға арналған ақпараттық алаңдарды кеңейту туралы мәсе­лелер кеңінен талқыланып, тиісті ұсыныстар қабылданды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар