07 Маусым, 2016

Қатысушылар лебізі

492 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Тілектес ЕСПОЛОВ Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі: – Бүгінгі кү­ні ауыл ша­руа­­шы­лығы сала­­сын­дағы ең басты проб­ле­маның бірі – ауыл шаруа­шы­­лығы мақ­сат­ын­дағы жер­ді тиім­ді пайда­лану. Қа­зақ­стан аума­ғы­ның 215 миллион гектары, яғни 80 пайызы ауыл шаруашылығы жерлері. Бұл – әлемдегі ресурстардың 4 пайызы. Ғалымдарымыздың зерттеуі бо­йынша, егістік жерлердегі топырақтың құнарлылығы соңғы 20 жыл ішінде 20-30 пайызға, ал кейбір жерлерде 40 пайызға дейін төмендеген. Сонымен қатар, суармалы жерлердің көлемі 2,5 миллион гектардан 1,1 миллион гектарға дейін қысқарған. Мұн­дай жағдай судың жетіспеушілігінен емес, топырақтың тұздануы сияқты экологиялық мәселелер негізінде туындап отыр. Аталған мәселелерді тиімді шешу үшін отандық ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту қажет. Қазіргі таңда барлық жағдайды ескере отырып, жер қатынастарын реттеу ашық, жариялы түрде жүргізілуі керек. Сондықтан жерді нақты пайдалану қағидаларын енгізу маңызды. Керимова Укия Керимовна Үкілай КЕРІМОВА, экономика ғылымдарының докторы: – Қазақ­стан­да жер реформасын жүргізу мә­се­лесі әбден пі­сіп-жетілген жағ­­даят. Оның сан алуан себе­бі де бар. Мәсе­лен, не­гіз­гі се­бебі ретін­де тарап кеткен қожа­лықтар мен ұсақ тауар өн­діруші агробірлестіктерді айтса да болады. Бір ғана АҚШ-та 1950-2006 жылдар аралығында агросекторда ұсақ бір­лес­тіктердің саны 3 есеге дейін азайып, керісінше, орта бірлестіктер 2 есеге кө­бейген. Осы жылдар аралығында елде жылына 200 мың ұсақ фермерлік қожа­лықтар қысқартылып келген немесе өзара біріктіріліп отырған. Нәтижесінде, елдің экономикалық-стратегиялық әлеуеті толықтай қамтамасыз етіліп келген, заманауи нарық жағдайына икемді ірі агробірлестіктер ғана қалған. Сондықтан да, егер біз елімізде аграрлық сектордағы ахуалды өзгертіп, келешекте мол табысқа жету мақсатында, агроөніммен халқымызды толықтай қамтамасыз етуді ойласақ, онда алға қарай батыл қадам жасауымыз керек. Қазақстан жаңа кезеңге, ауылшаруашылық саласының өркендеуіне қадам басқалы тұрған сәтте нақты шешім қабылдаудан қаймықпаған жөн. Махатов Болатхан Махатулы Болатхан МАХАТОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы: – «Ұлттық құн­дылық» деген тақырыпта өткен дәрісте әңгіменің бетін ғана сылап-сипап айтатұғын жеңіл сөз болмады. Біздің бір бай­қағанымыз, ел­дікті сақтап қал­ған, жердің қа­дір-қасиетін ішін­ара терең сезінетін елтұтқа азамат­тың жанында жүрген кісі де бүгінгі ғалымдарға, оқытушылар мен студенттерге мемлекетіміздің алған бағыты мен келешек ұстанар бағдарымызды, Мемлекет басшысының сындарлы саясатын әдемі жеткізе білді. Біз бір нәрсені біле жүрейікші. Қазақстан ширек ғасыр төңірегінде кешегі Кеңес дәуірінің 70 жылдық жетістігіне жетіп үлгерді. Ірі мал шаруашылығы бо­йынша қазақтың малы кешегі кезеңнен кем емес. Табиғи өсім көрсеткішін ескерсек, ұсақ мал саны бойынша да жақсы көрсеткішке иеміз. Ет, сүт өнімдері бо­йынша да көрсеткішіміз жақсы. Алайда, бізде біркелкілік, бір ортаға жинақтау секілді жүйе ғана болмады. Бірақ, кейінгі «Кооперация туралы» Заң дер кезінде қабылданған игі шешім болып тұр. Бір әттеген-айымыз, біз жерді игеруде сәл кенжелеп тұрмыз. Әбден ескі жүйеге сай, жерімізді біреу өңдей ме, оған біреу бірдеңе еге ме, оған қоғам болып бас ауыртпағанның салдарын тартып отырмыз. Жеріміз ұлан-ғайыр деп айтқанды білеміз, алайда, сол жерді игеру үшін маман жетіспейтін жайымыз тағы бар. Сондықтан да ҰБТ-ға қатыса алмай қалатын 30 пайыз бітіруші ауылдық жерлердің балалары екен, осы ел мен жердің келешек қожасы болатын солардың тағдырына да алаңдаушылық таныта білейік дегім келеді. Арман Камалов Арман КАМАЛОВ, «Ақсай» ЖШС бас директоры: – Жаңа тех­­­­ноло­гия­лар­­сыз біз­дің еліміз ауыл­­­ша­руа­­­шы­лық өнім­де­рін са­па­лы өң­деу ісін тия­нақ­тай алады деген сөз­ге қазірде 5 жасар ба­ла да сенбейді. Жаңа технология ең­бек өнімділігін арттырумен қатар, өнім сапасын, тауар құрамының саналуандығын, экологиялық таза тауар дайындау секілді көптеген тиімділіктерді қамтамасыз етеді. Ұдайы тек өз қаражатыңмен ғана өнеркәсіптің деңгейін көтеру мүмкін емес. Тиісінше, шетелдік инвестиция тарту арқылы біз бизнесті дамыту мен көлемін ұлғайтуға және дамыған елдердің алдыңғы қатарлы технология­ларын елімізге әкелу мүмкіндігіне ие боламыз. Заманға лайықты технологиямен жабдықталған кәсіпорын өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, жаңа да сапалы тауар түрлерін халыққа тиімді арзан бағаға ұсыну арқылы ел экономикасына өз үлесін еселеп қоса алады. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, әр минут сайын біз 15 келі нан пісіреміз. Тәулігіне 24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істеумен күніне 150 тонна нан өнімдерін дайындаймыз. Осынау өндірістің бел ортасында жүргеннен кейін біз ауылшаруашылық жүйесін дамыту арқылы әлемде ең озық елдер көшін бастауға мүмкіншілігіміз бар. Мадиев Галимжан Рахимжанович-2 Ғалижан МӘДИЕВ, экономика ғылымдарының кандидаты: – Біздің елі­­міз ауыл­­ша­­руа­шы­лық сала­сы бо­йынша үлкен әлеу­ет­ке ие. Тер­ритория­мыз қанша­лық­ты ау­қым­ды бол­са, сол ауқым­ды толтыратын халқымыздың дені ауыл­дық жерлерде өмір сүреді. Бізде ауыл­дық жерде кәсіпкерлікті жақсы жолға қоюға да мүмкіндігіміз зор. Алайда, бұл мәселеге үстірт қарауға болмайды. Бізде нарықтық тұрғыдан ауылшаруашылық мәселесін оңтайландыру тетігі жоқ. Егер ауылшаруашылық өнімі ұзақ сақталып қалғанда оның құнын жоймайтын баға заңдылығы болса, онда ауылшаруашылық саласы қарыштап дамиды. Одан өзге, жерден өнім алу үшін оған инновацияларды енгізу керек. Ол да үлкен қаражат тұрады. Дәл қазір жеке шаруада да, мемлекетте де ондай басы артық қаржы жоқ. Сондықтан да біз сырттан келетін инвестицияға жүгіне отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтарына техникамен, түрлі құқықтық-заңдық актілермен, басқа да мемлекеттік мәселелермен көмек көрсетуіміз керек. Сонда ғана әлемде бұл салада дамыған елдерді аз уақыт ішінде қуып жетуге болады. Турегельдиев Бекзат Абиевич Бекзат ТӨРЕГЕЛДИЕВ, жас ғалым: – Жалпы, ауылшаруа­шылық сала­сында, біз, мүлдем күт­пеген жайт­тарға тап бо­лып, жер өң­деу ісінде то­лық ақпа­ратқа ие болатындай халде емес екендігімізді айтқым келеді. Тыңайтқыштардың әсерлілігі, дұрыс қолданылуы, түрлі сырқаттардың алдын алатын дәрі-дәрмектердің егіс алқабына біркелкі себілуі, жалпы егістіктің жай-күйін қолмен қойғандай біліп отыру үшін біз жуырда АҚШ ғалымдарымен бірлесіп, заманауи жаңа технологиялармен жабдықталған Жерді тиімді пайдалану орталығын аштық. Ұшқышсыз ұшақ қызметі мен арнаулы бейнебақылау камералары орнатылған ұшқыш құрылғылар арқылы шаруа қожалықтарының иелеріне нақты ақпарат өз уақтысында және нақты жеткізіліп тұратын болады. Нәтижесінде, фермер өз егіс алқабының жай-күйін жетік біліп қана қоймай, қай атызға қаншалықты тыңайтқыш, су, дәрілік қоспалар жіберу керектігін дұрыс есептеп, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндігі артады. Егер жаңа технологиялар болмаса, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығының барлық саласында ілгері басу да болмайды.
Соңғы жаңалықтар