07 Маусым, 2016

Еуразияның қаржы қақпасы

327 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Келимбетов 01-k «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) тақы­ры­­бы­на арналған Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы оты­­ры­сында «Болашаққа көз жібере отырып, біз АХҚО-ны инвес­тициялық капитал тарту және қаржылық тәсілдер сала­сындағы инновациялар орталығы ретінде көргіміз келеді. Ол Еуразияның «қаржы қақпасына» айналуы керек», деп атап көрсет­ті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы болып өткені де белгілі. Міне, осы айтулы шараларға және АХҚО-ның қызметінің басталуына байланысты алғаш рет «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті әңгімеге тарттық. – Қайрат Нематұлы, күні кеше Мемлекет басшысының төрағалығымен «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі кеңес­тің алғашқы отырысы болып өтті. Отырыс қорытындысы туралы өз ойыңызбен бөлісіп, АХҚО алдында қандай міндеттер тұрғандығын айтып өтсеңіз. Шынын айту керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы жаңа жоба, сондықтан бұл мәселеден көпшіліктің хабары аздау, оның тиімділігі туралы кеңірек айтсаңыз? – Иә, жақында «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Төрағасы екендігі өзіңізге белгілі. Кеңес құрамы Үкі­мет­тің экономикалық блогы бас­шыларынан, халықаралық қаржы орталықтары мен банктердің басшыларынан тұрады. Жиын барысында қаржы орталығының қыз­меті бойынша негізгі мәселелер тал­қыланды. Негізгі мәселелер қатарында АХҚО-ны дамыту стра­тегиясы, оның негізгі орган­дары­ның құрылымын бекіту, қар­жы орталығының Қаржылық қызмет­тер көрсетуді реттеу жөніндегі коми­теті мен оның қатысушылары туралы тақырыптар талқыланды. АХҚО өз қызметін бастағанына көп уақыт өтпегенін білесіз, жарты жыл да өткен жоқ, бірақ осы уақыт ішінде ауқымды жұмыс ат­қарылды. Парламентте АХҚО тура­­лы конституциялық заң қабыл­дады. Біз АХҚО-ны дамыту стра­те­гиясын әзірледік, бұл стр­ате­гия­ға сәйкес АХҚО-ны дамыту­дың негізгі стратегиялық бағыт­та­ры айқындалды. Біздің бас­ты ба­ғыттарымыз бұл капитал на­рығы, активтерді басқару, жеке тұл­ға­­лардың әл-ауқатын басқару, ислам­дық қаржыландыру және қаржы технологиялары болып табылады. Кеңес отырысында күн тәртібіне қойылған мәселелердің барлығы да мақұлданды. Кеңес АХҚО-ны дамыту стратегиясын бекітті. АХҚО алаңында «Ұлттық чемпиондар» мен тартымды квазимемлекеттік ком­панияларды жекешелендіру мәсе­лелері кең талқыланды, бұл АХҚО жұмысындағы басты бағыт­тардың бірі екендігін атап өткім келеді. Өйткені, біз 2016-2020 жыл­дар ара­лығында АХҚО биржа­сында акция­ларын жария түрде ор­на­ластыру арқылы «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары жеке­шелендіріледі деп жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, отырыста бекі­тілген маңызды мәселенің бірі – бұл Орталықтың реттеуші органы – Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетін немесе Astana Financial Services Authority (AFSA) құру және оның ережесін бекіту туралы шешім. АФСА орталық қатысушыларының тіркеу, лицензиялау, реттеу және оларды қадағалау бойынша толық операциялық қызметті 2018 жыл­дың басына қарай бастайды. Тұтастай алғанда, күн тәртібіне қойылған барлық мәселелер бекі­тілді. Мемлекет басшысы атап өт­кен­дей, АХҚО Қазақстанда қазір­гі таңда жүргізіліп жатқан құры­лым­дық реформалардың бір бөлігі және оның құрылуы экономиканы әртараптандыруға бағытталған. Біз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру үшін одан әрі жұмыс істейтін боламыз. – Бізде бұған дейін де қар­жы­лық орталық Алматыда құрыл­ған еді ғой ол аймақтық орта­лықтан бұл орталықтың айыр­машылығы қандай болмақ? – Рас айтасыз, 2004 жылы елде қаржылық орталық құру туралы ой болып, сол бойынша іс-шаралар жасалған. Себебі, Қазақстан сол кездің өзінде-ақ, қаржылық хабқа айнала алатын әлеуетін көрсеткен. Арнайы агенттік құрылды, Үкімет пен Ұлттық банктің назары осы шараға мейлінше аударылған болатын. Алайда, ол несиенің аса ауқымды көлемде берілу үрдісі алдын­да қолға алынған шара еді, кейін­нен 2008-2010 жыл­дары қар­жылық дағдарыс басталған­да, эко­но­­микалық аухал оған мүм­кіндік бермеді. Ең бастысы, саяси шешім­нің болмауының әсері­нен тәуелсіз сот, ағылшын құқы­ғы секілді ойлар жүзеге асырыл­мады. Әрине, біраз шаралар іске асырылды, көп­теген сауалдар бойынша қажетті ой­лар топтастырылды, алайда, ол кез­дегі аймақтық қаржы­лық орталық пен қазіргі халық­ара­лық қаржы орта­лығы­ның бір-бірін­ен айыр­машы­лығы зор. Бұл – бір-бірінен бөлек стра­тегия, өзге­рек бизнес іс-шара. Сол үшін де біз Дубай қаржы орта­лы­ғымен бірі­­гіп жұмыс істей баста­дық, өйт­кені, ол шетелдік инвес­тор­ларға таныс. Ағылшын құқығы бойын­ша жұмыс істеуді мақсат етіп, конс­титу­ция­лық заңға өзгеріс енгі­з­дік. Бұл арада аса ауқымды мем­лекет­тік қолдау бар. Оның үстіне «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру ел экономикасын әртараптандыруға арналған құры­лым­дық реформалармен тікелей байланысты. – АХҚО жобасы – тек Қазақ­стан үшін ғана емес, бүкіл Еура­зия­лық кеңістігі үшін де тың жоба. Біздің білуімізше, сіз соңғы бірнеше айдың ішінде әлемнің барлық қаржы астаналарында болып келіпсіз. Халықаралық ин­вес­­торлар Орталық Азия­дағы жаңа қаржы хабының мүмкін­діктерін қалай бағалауда? – Иә, соңғы бірнеше айдың ішінде біз Еуропаның, Азияның, Таяу Шығыс пен АҚШ-тың қаржы орталықтарында болдық. Ірі қаржы орталықтарының басшыларымен және дуалы ауыз сарапшыларымен кездестік. Бізге, ең алдымен өз қаржы орталығымыздың қызметтері ұсынылатын елдердің өкілдерімен қарым-қатынас орнату өте маңызды. Бұлар әрине, біздің көршілеріміз – Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер, Орталық Азия елдері мен Қытай. Осы орайда біз қазір бірқатар кездесулер өткізіп үлгердік. Қытай елінің қаржы реттеушілері – Қытай Халық банкімен, Бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі мемлекеттік комиссиямен, сондай-ақ, бизнес-құрылымдары: Қытай инвестициялық корпорациясымен (CIC), Жібек жолы қорымен (ЖЖҚ), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен (АИИБ) келіс­сөздер жүргіздік. Ерекше атап көрсетер мәселе, Астана қала­сы­н­да тәуелсіз қаржы сотын құру бо­­йын­ша «Дубай» ХҚО-мен тіке­лей жұмыс жүргізіп жатырмыз. Парсы шығанағы өңіріндегі біздің негізгі серіктесіміз бұл – Дубай халық­аралық қаржы орталығы. Сондай-ақ, тығыз қарым-қатынас туралы британдық тараппен, атап айтқанда, Лондондағы ХҚО, Лондон қор биржасы және қаржыгерлердің Лондон қауымдастығымен уағдаластыққа қол жеткіздік. Америкалық серік­тес­терімізбен консультациялар өткіз­дік. Естеріңізде болса, өт­кен жыл­дың қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суы­мен Нью-Йорк қаласында АХҚО-ның тұсаукесері өткен бола­тын. Сол кездесуге америкалық бизнестің 30-дан астам капитандары, сондай-ақ, іскерлік орта өкілдері қатысқан еді. Олардың барлығы өз тараптарынан біздің бастамамызға зор қызығушылық танытқан болатын. Біз АҚШ-қа жасаған сапарымыз барысында олардың шынайы қызығушылық танытатындарына тағы да көз жеткіздік. АХҚО біздің өңір үшін бірігей жоба екендігі белгілі. АХҚО-ның мақсаты – Қазақстанның астанасында халықаралық деңгейдегі қар­­жылық қызметтер көрсететін жетек­ші қаржы орталығын қалып­тас­­тыру болып табылады. Постке­ңес­­тік кеңістікте алғаш рет ағыл­шын құқығының қағидаттары ен­гі­­зі­леді, қаржы орталығының рес­­ми тілі – ағылшын тілі болады. 2018 жылдың басында, АХҚО толық­қанды жұмыс істеуге кіріс­еді. Соған дейін біз әлем­нің қаржы нары­­ғында бар бар­лық үздік тәж­ірибе­лерді өзімізге ен­гізу үшін барынша ыждағатты жұмыс атқарып жатырмыз. – Қайрат Нематұлы, жақында өткен Астана эконо­ми­калық форумы аясында жаңа қаржы технологиялары туралы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда криптовалюталар, блокчейн тех­нологиясының рөлі туралы пікір­таластар жүргізілуде, мобильді қаржы технологиялары қар­қынды дамып келеді. АХҚО-ның әлемдік қаржы сахна­сын­дағы осындай жаңа бағыттар­да­ғы алатын орны қандай болмақ? – Ақиқатын айтсақ, қазіргі кезде қаржы технологиялары бойынша бағыт аса жылдам қарқынмен өсіп келе жатқандығын көруге болады. Біз алдағы бес жыл ішінде бұл сала қаржы қызметтерінің әлемдік рыногын айтарлықтай өзгертеді деп ойлаймыз. Осыған орай, біз АХҚО-ның заманауи инфрақұрылымын қалыптастырып, зертханаларды дамыту арқылы және қаржы орталығында жұмыс атқаратын ірі қаржылық және технологиялық компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы финтех жобалар тартылатын орталыққа айналуы тиіс деп санаймыз. Біз АЭФ аясында осы тақырыпқа сессия арнадық. Оған осы нарықтың ірі өкілдері қатысып, негізгі трендтер мен даму перспективаларын талқылады. Жаңа қаржы технологиялары бойынша жұмыс істейтін банктер мен компаниялар өздерінің бәсекелестерімен алдағы уақытта ынтымақтастық орната ма, мемлекет тарапынан оларға деген көзқарас қандай, оларды қолдау мен реттеу бойынша қандай да бір құралдар бар ма деген мәселелер бойынша қызу пікір алысу шаралары өткізілді. – Отандық бизнес субъек­ті­лерінің, банктердің, қаржы ұйымдары мен маман­дары­мыз­дың аталмыш қаржы орта­лығын құру жұмысына белсене қатысуының маңызы зор. Сіз олардың қатысуы қандай дең­гейде болады деп ойлайсыз және біз­дің рынок осы саладағы жаңа технологиялар мен заманауи үрдістерге қаншалықты дайын? – Біз отандық қаржы нарығының барлық кәсіби қатысушыларын құшақ жая қарсы аламыз. Олар ешбір кедергісіз тіркеліп, АХҚО қатысушысы болады да жұмыс істей береді. АХҚО қатысушылары ретінде брокерлік-дилерлік, андер­рай­тингтік қызметтер көрсететін халық­аралық және отандық компаниялар да, инвестициялық компаниялар, исламдық банктер, сақ­тан­дыру компаниялары да шақы­ры­латын болады. АХҚО орган­дары мен қатысушыларына қыз­мет көрсету үшін ірі заңгерлік, ауди­тор­лық, бухгалтерлік, консалтингтік компаниялар тартылатын болады. Біз үшін АХҚО-ға жоғары білік­ті кәсіби мамандарды тарту мәсе­ле­сі өте маңызды болып саналады. Білім мен технологиялардың транс­фертін қамтамасыз ететін шетел мамандарымен қатар, әлемнің жетек­ші университеттерінде білім ал­ған, Қазақстанға пайдасын тигі­зу­ге ұмтылатын жергілікті жо­ға­ры білімді мамандарды да бел­сен­­ді түрде жұмысқа тарту жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар, АХҚО-да біліктілікті арттыру, сертификаттау бағдарламаларын, сондай-ақ, тиісті салалардағы зерттеу бағ­дар­ламаларын қолдауға көп көңіл бө­лінетін болады. Бұл білім беру­ді дамытуға, атап айтқанда, қаржы­лық қызметтерді ұсынуда білікті­л­ікті арттыруға үлкен үлес қоса­тын­­дығы сөзсіз. Қазіргі уақытта халық­аралық «Болашақ» стипен­дия­сы шеңберінде АХҚО орган­дарын кадрлық қамтамасыз ету, сондай-ақ, АХҚО-да жұмыс іс­тей­тін қызметкерлерді шетелде тағы­лымдамадан өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. – АХҚО қызметінің негізгі бес бағытының ішінде исламдық қар­жыландыру бар. Қазіргі біздің нарық­тағы исламдық қаржы­лан­дырудың көлемі әзірге аса үл­кен емес. Исламдық қаржы құрал­да­ры халыққа қолжетімді бола ма? – Иә, сіздің исламдық қаржы туралы айтқаныңыз өте орынды. Біз­дің жұмысымыздың бас­ты бағыт­тарының бірі исламдық қар­жы­лан­дыруды дамыту болып табылады. Ислам­дық қаржылан­дыру­ды дамыту аясында АХҚО-да белсенді түрде исламдық қаржы инс­титуттары үшін қолайлы құқық­тық және реттеуші орта жасау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Исламдық бағалы қағаз­дарды шығару және айналысқа жіберу бойын­ша Ұлыбританияның, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия ел­дерінің тәжірибелері зер­де­­ленуде. Ағымдағы жылғы сәуір айында Қазақстан мен ТМД ел­дерінде исламдық қаржы қызмет­тері индус­триясын дамыту, сон­дай-ақ, АХҚО-ның исламдық қаржы­ландыруды дамыту жол картасын әзірлеу мақ­сатында Ислам даму банкі тобымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстанда исламдық қаржыны дамытуға Азия даму банкі, Араб банк­­терінің одағы сияқты халық­ара­лық қаржы ұйымдары өз тараптарынан қызы­ғушылық танытуда. c55-02 Иә, қазіргі уақытта исламдық қар­жының үлесі өте көп емес, бірақ елі­мізде Әл Хилал банк сияқты және басқа да компаниялар жұмыс іс­теп жатыр. Біз еліміздегі исламдық қар­жы­ландырудың әлеуеті өте зор деп санай­мыз, өйткені, біздің өңірдегі халық­тың басым бөлігі мұсылмандар, сондай-ақ, исламдық қаржыландыру орталықтары Таяу Шығыста, Оңтүс­тік-Шығыс Азияда, Түркияда дамы­ған, тіпті, Ұлыбритания сияқты еуро­­­па­лық елдер де осы саланы да­мыту­­ға көп көңіл бөлуде. Сондық­тан «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғы Орталық Азиядағы исламдық қар­­жы­­ландыруды дамыту әлеуетінен мол үміт күтеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар