Көзіқарақты қала тұрғындары мамырдың соңғы күндерінде елорданың кейбір көшелеріне біржақты көлік қозғалысы енгізілгенін байқап үлгерді. Ал 5 маусымнан бастап қала көшелерінде автобустарға арналған Bus Lane жолақтары іске қосылды.
Біржақты көлік қозғалысын енгізу көше-жол қозғалысы желісіне түсетін жүктемені азайтуға және көлік құралдарының орташа жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
– Жобаны іске асырудың мақсаты – көше-жол қозғалысы желісіне түсетін жүктемені, жолдардағы апатты оқиғаларды азайту, жолдардың өткізу қабілеттілігін, көлік құралдарының орташа жылдамдығын арттыру болып табылады. Бірінші кезекте, кейбір көшелерде біржақты қозғалыс енгізіледі. Содан кейін тәжірибеге талдау жүргізіліп, басқа көшелерді қамту мүмкіндігі қаралады, – дейді қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Еділ Сүлейменов.
Бірінші кезекте 28 мамырдан бастап Әуезов көшесінде (Республика даңғылынан Ә.Молдағұлова көшесіне дейін) және Желтоқсан көшесінде (Мәскеу көшесінен Кенесары көшесіне дейін) біржақты қозғалыс енгізу жүзеге асырылды. Қазіргі кезде қиылыстарда келісілген фазалық реттеу кестесі бойынша бағдаршам объектілерін жөнге келтіру жұмыстары жүргізіліп, жол белгілерін монтаждау аяқталды.
Екінші кезекте 10 маусымнан бастап Абай даңғылы (Сарыарқа даңғылынан Пушкин көшесіне дейін), Кенесары көшесі (Пушкин көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін), Янушкевич көшесі (Абай даңғылынан Иманов көшесіне дейін) бойынша біржақты көлік қозғалысы енгізіледі.
Қазіргі кезде бұл көшелерде жол белгілерін орнату және алып тастау жұмыстары қолға алынып, ақпараттық жол белгілерін орнатуға және жаяу жүргіншілерге арналған орындар әзірленіп, қиылыстарда келісілген фазалық реттеу кестесін қалыптастыру, жол жабынын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Астана LRT» ЖШС-нің көлік жөніндегі директоры Рустам Халилевтің айтуынша, көшелерге біржақты қозғалыс тәртібінің енгізілуіне байланысты қоғамдық көліктің маршруттық желісі өзгертілмейді. Автобустар жеке жолақтармен жүретін болады.
– Өткен жылы Bus Lane жобасы қолға алынып, көшелердің алты бөлігінде енгізілді. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Қоғамдық көліктің жылжымалы құрамының орташа жылдамдығы 12-ден 15 пайызға дейін артты. Жолаушылар да оң көзқарас танытып отыр, сондықтан жобаны одан әрі жалғастыру туралы шешім қабылданды. Ол үш кезеңмен жүзеге асырылады, – деді Е.Сүлейменов.
5 маусымнан бастап Алаш тасжолында («Магнум» сауда үйінен Уәлиханов көшесіне дейін), Қорғалжын тасжолында (Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейін) автобустар үшін жаңа арнайы жолақтар пайда болды. 10 маусымда біржақты көлік қозғалысы енгізілген соң Абай даңғылы мен Кенесары көшесінде де Bus Lane жолақтары жасалады. Үшінші кезеңде 15 маусымнан бастап Жеңіс даңғылында (Есенберлин көшесі – Кенесары көшесі), Бараев көшесінде (Қорғалжын тасжолы – Уәлиханов көшесі) тиісті жолақтар енгізіледі.
Осы ретте ескертетін бір мәселе, полиция басқармасының жеке құрамы жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, жүргізушілер арасында біржақты қозғалыс енгізілген көшелермен жүру ережелерін түсіндіру бойынша насихаттық жұмыстар жүргізді. Енді тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салына бастады.
«Егемен-ақпарат»