Кеше Атырауда Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестерінің өңіраралық отырысы өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Отырыс барысында қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын ұйымдастырудағы Батыс Қазақстан облысының тәжірибесі қаралды. «Біздің басты міндетіміз – ел тыныштығының сақталуын қамтамасыз ету, бұл орайда, қоғамдық келісім кеңестерінің атқаратын рөлі жоғары», деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов. Оның пікірінше, қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері қатарында беделді адамдардың болуы тиіс. Мұндай кеңестер тек облыс орталығында ғана емес, ауыл-ауылдарда да түсінік жұмыстарын үзбей жүргізуі қажет. Осы орайда Батыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысында белсенділік, жүйелілік бар.
«Қоғамдағы ең өзекті мәселелер қатарында, біріншіден, еліміздегі этностық қарым-қатынасты нығайту, екіншіден, діни ахуал тұр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халықаралық деңгейдегі сарапшылар Қазақстанда этностық және конфессиялық мәселелерге байланысты тәуелсіздігімізге және болашағымызға үлкен күмәнмен қараған болатын. Бірақ, біздің еліміздегі бірліктің бекемдігі берекемізді арттырды, – дейді Ералы Лұқпанұлы. – Дін мәселесін ашық талқылауымыз қажет. Ел мүддесі үшін қажетті батыл ойлардың барлығы қоғамдық келісім кеңестерінде айтылуы керек. Елдің қауіпсіздігі – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның, әр азаматтың, әр отбасының мәселесі. Мұның барлығын қоғамның атсалысып қатысуымен шешуіміз керек. Сол себептен, Атырау облысында аймақтық жиын өтізіп, осы мәселелерді талқыладық. Жалпы, қоғамдық келісім кеңестерінде әлеуметтік мәселелер де қаралады. Халыққа кеңестерде қозғалған мәселелер мен олардың шешімі туралы ақпараттар жеткізілуі тиіс».
Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың мәлім етуінше, қоғамдық келісім кеңестерін құру идеясы дәл осы өңірден бастау алыпты. Алдымен, 2012 жылы «Уралагрореммаш», «Жайық ет», «Оралэнерго», «ЗапКазРЭК» секілді ең ірі кәсіпорындар жанынан құрылған осындай кеңестердің маңызы артып отыр. Өйткені, мұндай кеңестер, біріншіден, кәсіпорындардағы еңбек қатынасын реттеудің, сонымен бірге, билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайтудың ең оңтайлы тетігі ретінде оң нәтиже береді. Осынау жаңашыл идея Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан қолдауға ие болыпты.
Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын жетілдіру, түсіндіру мақсатымен көшпелі отырыстар мен дөңгелек үстелдер өткізіліпті. Кеңестердің жыл бойына атқаратын жұмыстарының жоспары бекітіліпті. 2013 жылдан бері қоғамдық келісім кеңестерінің облыстық форумын өткізу дәстүрге еніпті. Биыл бұл форум төртінші рет өткізілгелі отыр. Әсіресе, этностар арасындағы келісімді нығайтудың сан алуан жолдары бар. Соның мәдени байланыстарды дамыту мен тәжірибе алмасу үрдістері де үлгі етерліктей. Қазір бұл өңірдегі облыстық қоғамдық келісім кеңесінің құрамының сапалық деңгейін тарқатар болсақ, оған мемлекеттік қызмет пен депутаттық корпустан 9 адам, саяси партиялардың 6 мүшесі, этномәдени бірлестіктерден – 16, дін саласынан – 2, сонымен бірге, 10 кәсіпкер енгізілген. Кеңестің отырыстарында түйінді проблемаларды, кез келген жанжалды оңтайлы шешу жолдары іздестіріледі. Ең бастысы, елдегі тұрақтылық пен келісімді бекіте түсуге қосар үлесі молайып отыр.
Мұндай кеңестер Атырау облысында бар. Мәселен, Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасовтың мәлім етуінше, елді мекендердегі қауымдастық мүшелері қатарынан кәсіби емес 8 медиатор таңдалып, оларды халыққа таныстыру, атқаратын қызметі, араағайындық келіспеушіліктерде ресми сотқа жүгінгеннен гөрі медиатор қызметін пайдаланудың тиімділігі туралы тұрғындарға түсінік берілуде екен. Бұл аудан, әсіресе, өз есебінен қаржы бөліп, түрлі демеушілік көмектер беруге әзір кәсіпкерлерімен танымал болып келеді. Мұндағы кәсіпкердің бірі балабақша, екіншісі, спорттық кешен, тағы біреуі жасы 90-нан асқан қарияға үй салып беріпті. Осы аудан аумағында жұмыс жасайтын кәсіпорындар имандылық ордасы – мешіттерді кеңейту, көпқабатты үйлердің су желісін жаңарту, саябақ салу секілді алуан-
алуан істерге демеушілік қаржы бөліпті.
Е.Тоғжановтың айтуынша, қоғамдағы ең өзекті мәселелер, соның ішінде жас ұрпақтың тәрбиесіне, келешегіне қатысты мәселелер де ашық қаралғаны жөн. Өйткені, кез келген шиеленісті ахуалдың алдын алуға болады. Жалпы, мұндай кеңестердің жұмысы жаға жыртып, бас жарып, көз шығарып, қол-аяқ сындыратындай есерсоқ әрекеттерге тосқауыл қоюда да жемісін беруі тиіс. Қазір түрлі алауыздықты ұластыратындай шетін мәселелердің туындауына жол бермеу үшін де кеңестер жұмысын ширата түскен жөн.
Жастар демекші, соңғы кезде жастардың имандылық жолына бет бұрғаны байқалады. Алайда, бәрі бірдей асыл діннің тура жолымен жүре ме? Әлде дәстүрлі емес жат ағымның жетегінде ме? Осы орайда, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің мәлім етуінше, еліміздің батыс өңірлерінде жат ағымның жетегіне еретін жастар қатары әлі де азаймай отыр. Бұл өңірлерде теологтардың аздығынан болуы да мүмкін. Өйткені, қалай исе солай майысатын жас шыбықтың кейпіндегі жастарға дін туралы түсінік жұмыстары толық жетпей жатады. Олар, әсіресе, діни кітаптарды өз бетінше оқып, кейбірі жат ағымның жетегіне ілескенін байқамай қалады. Демек, әлі батыс өңірлерде діни сауаты мол теологтардың қажеттігі аңғарылып отыр.
Тегінде бірлігі бекем елдің ғана берекелі тірлігі баянды болмақ.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ