14 Маусым, 2016

Жаңару

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_1540Николаев кен байыту фабрикасы қайта жаңғыртылды Еліміздегі жетекші мыс өндіруші компаниялардың бірі – KAZ Minerals тобы. Аталған компанияның Шығыс өңірінде төрт кеніші, үш байыту фабрикасы жұмыс істейді. 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған осы топқа қарасты «Шығыстүстімет» ЖШС-нің Николаев кен байыту фаб­рикасында соңғы жылдары қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аталған фабриканың негізгі қызметі – мыс, мырыш, полиметалл кендерін үгіту, ұсату, бөлу, флотациялау арқылы мыс, қорғасын, мырыш концентраттарын өндіру. Бүгінде 500-ден астам адам еңбек ететін фабриканың кенді қайта өңдеу бойынша жылдық жоспарлы көлемі 2 миллион тоннаға жуықтады. Қазіргі таңда кәсіпорында өндірісті жаңғырту бағдарламасы аяқталуға жақын. Жуырда облыс әкімі Даниал Ахметов Шемонайха ауданына жұмыс сапары аясында аталған жаңғырту жобасымен танысты. «Шығыстүстімет» ЖШС басқарма төрағасы Ильсур Даутовтың айтуынша, 2012 жылдан бастап жүргізілген жаңғырту жобасының құны 90 миллион долларды құрады. Жаңғырту жұмыстарының арқасында кәсіпорынның кенді қайта өңдеу қуаты 1,8 миллион тоннадан 2,2 миллион тонна кенге дейін артты. Жаңғырту жұмыстарынан кейін мыс, мырыш және қорғасын концентраттарын кеннен бөліп алу арта түседі деп жоспарланған болатын. Кәсіпорын аталған үдеден табылып отыр. Мәселен, мысты бөліп алу коэффициенті 82 пайыздан 89 пайызға дейін көбейді. Осының арқасында өндіріс қалдықтарының үлесі де төмендей түседі. Бұл экологиялық ахуалды оңалтуға тиімді. Басқарма төрағасы фабриканың Артемьев өндірістік кешенінің автоматтандырылған басқару орталығымен таныстырды. Мұнда кен келіп түскеннен концентрация алғанға дейінгі барлық байыту үдерісін компьютер арқылы қадағалап, басқаруға мүмкіндік жасалған. Бұл жұмыс барысын оңтайландыруға үлкен септігін тигізіп отыр, дейді фаб­рика жетекшілігі. Жаңғырту аясында ұсату, флотация, реагенттерді дайындау бөлімдерінде және дозалау алаңында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар ауыстырылды. Қолданыстағы диірмендер, сорғы-гидроциклонды қондырғылар, технологиялық жабдықтар, құбырлар, құбырлардың тіреулері, флотты машиналарға арналған бағаналар мен арқалықтар жаңартылды. Сонымен қатар сүзгілеу бөлімінде бұрынғы кептіру барабандарының орнына пресс-сүзгілер орнатылды. Бұл шаң-тозаңды азайтып, өндіріске экологиялық жағынан жағымды болмақ. Сондай-ақ қорғасын концентратының технологиялық жүйесі мен оған арналған жеке қойма салынды. Фабрикаға тиесілі аумақта абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, Николаев кен байыту фабрикасы 1980 жылы пайдалануға берілген. Артемьев және Юбилейный-Снегирихин кеніштерінің кенін қайта өңдеумен шұғылданады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха ауданы
Соңғы жаңалықтар