Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы – өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан мектеп бітірушілер үшін ең жауапты сәт, өмір сынының бастауы. Ең бастысы, алабұртқан албырт түлектерге қолайлы жағдай жасау, демеу болу, қолдау көрсету. Өйткені, тестілеуге дайындық пен оның нәтижесін ойлап, жүйкесі қажыған оқушы сынақ кезінде түрлі жағдайға тап болуы мүмкін. Оның мысалдары осыған дейін болды. Сондықтан, тестілеу маусымы барлық мектептер мен ұстаздар қауымына ғана емес, ата-аналарға да әжептәуір жауапкершілік жүктейтіні жасырын емес. Биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша 8379 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 5524 түлек ҰБТ-ға қатысты. Осы орайда тестілеудің ерекшеліктері жөнінде Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің басшысы Сайрангүл Жұмаділовамен сөйлескен едік.
Биыл Шығыс өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленіп отыр. Айталық, соңғы үш жыл көлемінде облыста ең жоғары – 125 балл жинаған оқушы тіркелмеген екен. Осы жолы екі бірдей оқушы 125 балдан еншілеп, мектептерінің мерейін асырыпты. Олардың бірі – Семей қаласындағы №17 мектептің түлегі Кәмшат Болат болса, екіншісі – Абай ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің түлегі Ақерке Маратова. Сондай-ақ, облыс бойынша үш оқушы 124 балдан жинады. Атап айтқанда, Семей қаласындағы №37 мектеп-гимназия түлегі Жанель Балтабекова, Өскемен қаласындағы №3 мектеп-гимназия түлегі Алина Ишкеева және №44 мектеп-лицейінің оқушысы Шұғыла Айтқазина осындай жоғары көрсеткіштерге ие болды. Облыс бойынша 398 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болған еді. Олардың ішінде 221 оқушы, яғни үміткерлердің 56 пайызы өз білімдерін дәлелдеген.
– Жалпы, былтыр орташа балл 80,4 пайыз болса, биыл бұл көрсеткіш 82 балға көтерілді. Оқушылардың тестілеуге дайындық деңгейі өте жоғары болғанын атап айтқан абзал. Оған дәлел, тестілеу өткен 16 пункттің ішінде ҰБТ ережесін бұзған бірде-бір оқушы болған жоқ. Барлық үдеріс қалыпты жағдайда өтті. Оқушы да, ата-аналар да шағым түсірген жоқ. Бұл облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімдерінің мектеп бітіруші түлектермен жоспарға сәйкес атқарған жұмыстарының нәтижесі деп есептеймін. Облыс көлемінде ҰБТ жоғары деңгейде өтті. Оған бес бірдей оқушының 125-124 балдан еншілеуі дәлел бола алады. Ал 100 балдан асырып жинаған оқушылар саны – 1374. Бұл да былтырғымен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Шекті деңгейден өтпей қалған балалар саны – 826. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 230 оқушыға аз. «Екілік» алған оқушылар саны былтырғыға қарағанда 46 оқушыға төмендеді. Бұрын ҰБТ көрсеткіші облыс әкімдерінің рейтингіне енетіндіктен, біз республика ауқымындағы орнымызды анықтауға ұмтылатынбыз. Қазір мұндай межелеу жоқ. Министрлік тарапынан да мектеп және білім саласы жетекшілерін кінәлауға шектеу қойылды, – деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Жалпы, облыс көлемінде Өскемен қаласындағы О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейдің көрсеткіші озық. Аталған мектеп оқушыларының биылғы ҰБТ-дан жинаған балының орташа деңгейі – 117. Сондай-ақ «Алтын белгіге» үміткер 9 оқушының барлығы да ұстаздарының сенімін ақтады. Яғни, білім сапасы – 100 пайыз.
– Бұл – оқушы мен мұғалімнің 11 жылдық еңбегінің нәтижесі. Мектебімізде бастауыш және орта сыныптардың білім қоры, пән даярлығы бойынша мұғалімдер жауапкершілігін арттыру, оқушылардың дайындық сабақтарын күшейту, ата-аналармен тығыз байланыс орнату, ең бастысы, балаларға рух беріп, намыстарын жану сынды көптеген кешенді жұмыс атқарылады. Мұғалімдеріміз уақытпен санаспай, күні-түні еңбектеніп, оқушыларын жекелеген пәндер бойынша дайындайды. Жалпы, ҰБТ-ға дайындықты 11 сыныпта ғана жүргізуді құптамаймын. Өйткені, онжылдық білімді 9 айда жаттап алу мүмкін емес. Сол себепті оқушының 9 сыныпқа дейінгі негізгі білімді түбегейлі меңгеруінің маңызы жоғары. Сондай-ақ, ата-ананың рөлі үлкен. Оқушыны үйде ата-ана қадағаламаса, жағдай жасамаса жақсы нәтиже бола ма? «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Бәріміз бірігіп қимылдауымыз керек, – дейді №44 мектеп-лицейінің директоры Таңатқан Түменбаев.
Сонымен бірге, мектеп директоры тестілеудің артықшылығы да, кемшілігі де барлығын айтады.
– ҰБТ – әрине, мектепке жеңіл. Он бір жылдық білім жинаудағы мұғалім, ата-ана және оқушы еңбегі үш сағат ішінде белгілі болады. Дегенмен, келесі жылдан бастап мектеп бітірушілердің екі деңгейде емтихан тапсыруы мүмкін екендігі айтылуда. Яғни, бұрынғы мектептегі емтихан мен таңдаған жоғары оқу орнында екінші мәрте сынақ тапсыру жүйесі жаңғыруы мүмкін. ҰБТ-ның бір кемшілігі, оқушылардың барлық сұрақ пен жауапты жаттап алуында жатыр. Ал баланың ойы, пікірі, көзқарасы, сөз қоры, тіл байлығы, сараптауы қалай анықталады?! Ауызша емтихандарда осы мәселелер ескеріліп, мұғалім мен оқушы еңбегін бірдей бағалауға болады. Баланың қандай да бір дүниеден қорытынды шығаруы сынды қасиеттерін көре аласыз. Ал тестілеу кезінде «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» алатын оқушыларға жүктелетін жауапкершілік үлкен. Бір балл жетпей қалған жағдайда үміт үзіледі. Бұл барлығының жүйкесіне салмақ түсіреді, – деді Таңатқан Түменбаев.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН