Ақын Ақылбек Шаяхмет 14 жасынан бастап өлең жазып, сөз киесінің құдіретін біле бастаған екен. Балаң ақын кезінде республикадағы жас ақындар жырлары топтастырылған «Көктем тынысы» жинағына: «Арам сөздер бейнебір көміртегі, Адал сөздер – оттегі, семіртеді. Жақсы-жаман қасиет араласқан, Су секілді екен ғой өмір, тегі. Өткір тілдің кетпейді бекер емі, Жылы лебіз көңілді көтереді. Кейбіреулер қатты айтқан жалғыз сөзге, Ғұмыр бойы өкпелеп өтер еді. Біреулерге сөздер бар жараспайтын, От басынан сөздер бар әрі аспайтын. Ел ішінде дуалы ауыздар бар, Сырқатыңды бойыңнан аластайтын.Үміт күтіп отыр-ау далам менен, Ақын болып, алаулап, жанам деп ем. Туған жерім, ең асыл, қасиетті. Сақтап жүрмін бір сөзді саған деген», деп жырлаған өлеңі енген еді. Туған жер – Ақылбек Шаяхмет шығармашылығының өзегі болса, ақын оны сөзбен өрнектеді. Сондықтан, ақын оқырманымен кезекті жүздесуін де «Туған жерім, ең асыл, қасиетті, сақтап жүрмін бір сөзді саған деген» деп атады.
– Ақылбек азаматтық ұстанымы мен ақындық қуаты үйлесім тапқан ақын. Оның тақырып арнасы кең. Тағы бір ерекшелігі, ол өзінің поэзиясында кісілікті көбірек жырлайды. Қанша нарық заманы деп айтқанымызбен, қоғамның негізі адамгершілікте болуы тиіс. Ал әдебиетті оқымай, өнерді сезінбей ұрпақ бойында адамгершілік ұстанымдар қалыптаспайды. Ақын осыған қызмет етеді, – деді көрнекті жазушы Төлен Әбдік.
Ақын кешінде қаламдастары, дос-жарандар, оның поэзиясын сүйетіндер жылы лебіздерін айтты. Облыстағы «Бірлік» әзербайжан этно бірлестігінің төрағасы Вивади Юсупов ақынға Махмуд Қашқари атындағы халықаралық қордың сыйлығын тапсырды. Ақын сөзіне жазылған «Қостанай», «Әдемі» әндерін әншілер Арыстан Құрманов, ақынның немересі Бекзат Ақылбек орындады. Ал республикаға белгілі әнші Әлмырза Ноғайбаевтың Ақылбек Шаяхмет сөзіне жазылған «Мінәжат» әні кешке жиналғандардың ерекше құрметіне ие болды.
Кештен алған тағылым тек ақын мен ақынның арасында емес, ақын мен оқырман арасында да күміс тіндей байланыс болуы керектігін мойындатқандай болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ