Ғалымдар және ғылымдар. Олар туралы жазылып жатқан дүниелер аз емес. Солардың ішінде ерекше атап өтетін еңбек – профессор М.Батырбековтің Қазақстан жоғары мектебінің көрнекті өкілдері туралы 4 томдық кітабы. Мұнда автор Қазақстанның жоғары оқу орындарын басқарған және сонда қызмет істеген, студенттерді тәрбиелеп дәріс берген, ғылымның түрлі салаларына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалымдарымыз туралы жан-жақты мәлімет береді. Осы еңбекте ғалым Дүйсенхан Қабдиев те қамтылып, ол кісінің ұзақ жылдар бойы атқарған ұстаздық қызметі, экономика ғылымына, оның ішінде экономикалық теория іліміне сіңірген еңбегі толық баяндалған. Сөйтіп, еліміздің жоғары білім мен ғылым тарихын баяндайтын еңбекте Қазақстан жоғары мектебіне еңбегі сіңген қайраткер, экономика ғылымдарының докторы, профессор Дүйсенхан Қабдиұлы өзінің лайықты орнын алған.
Дүйсенхан ағамызды мен алғаш рет 1955 жылы көрдім. Ол кезде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті экономика факультетінің 1 курс студентіміз. Дүйсекең бізге саяси экономика пәнінен семинар сабағын жүргізді. Барлық пән міндетті түрде орыс тілінде өтеді. Ал біздің топтың жартысына жуығы ауылда қазақ мектебін бітірген, орыс тілін нашар білетіндер болып шықты. Олардың ішінде мен де бармын. Алғашқы кезде қатты қиналып жүрдік. Көптеген пәндердің, әсіресе, саяси экономия пәнінің категориялары мен қағидаларын түсіне бермейміз. Қазақ тілінде оқулық та, оқу құралы да жоқ. Сондықтан түсінбеген тұстарымызды түгелімен жаттаймыз.
Ғалым өз сабағында бізге қазақша айтуға рұқсат беретін, ал жаттаған жерлерімізді жалықпай отырып бізге қайта түсіндіретін. Сөйтіп, семинар сабағы сұрақ-жауап емес, көбінесе қосымша сабаққа айналып кететін. Бұл жас мұғалім, университетті бітіргеніне бір-ақ жыл болған, әлі де әдістемелік тәжірибесі жоқ Дүйсенхан Қабдиұлының шәкірттеріне жасаған қамқорлығы, жанашырлығы еді. Сол кездің өзінде біз ұстазымыздың төзімділігіне таң қалатынбыз. Балалар қандай сұрақ қоймасын, асықпай терең, жан-жақты жауап беретін және біз оны толық түсінгенше сан рет қайталайтын. Ол кісіге ұстаздық туа біткен қасиет болуы керек, кейін ағамыз шыңдалып, өз мамандығының биік белесіне, асқар шыңына шығып, мыңдаған шәкірттер тәрбиеледі. Оларға дәріс беріп қана қойған жоқ, жүрегінің жылуын берді, адами шапағатын, ақыл-ойының нұрын төкті. Адамды ұлағатты ұстаз ететін білімдарлық қана емес, оған қоса оның адамгершілік қасиеттері, абзалдығы, адалдығы және жастарға қамқоршы бола білуі. Міне, осы қасиеттердің бәрі де Дүйсекеңнің бойында бар еді. «Нағыз ұстаз – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты», – деген екен орыстың әйгілі педагог ғалымы К.Ушинский. Нағыз ұстаз шәкірттеріне біліммен қатар тәлім-тәрбие береді. Өнегелі ұстаз – шәкірттердің бағы. Дүйсекең осындай өнегелі ұстаз болды.
Осы мәселені басыңқырап айтып отырғаным – қазіргі кезде оқыту мен тәрбие жұмыстарының арасы алшақтап барады. Болон декларациясы бойынша енгізілген оқытудың кредиттік технологиясына көшкен жағдайда ұстаз бен студенттердің бірге бас қосу мүмкіндігі мейлінше азайтылған. Студенттер сабаққа көбінесе өз бетінше дайындалып, өз уақыттарын өздері жоспарлап, өздерінше өмір сүреді. Бұл жағдайды ескере отырып қазір тәрбие жұмысының жаңа бағыттарын дамытып, ұстаздардың тәрбиелік миссиясын толық атқаруға мүмкіндік жасау қажет. Әрбір ұстаз тәлімгер бола білуі керек.
Тәрбие үшін ұстаздың әрбір қадамы, әрбір сөзі, адами болмысы, кісілік келбеті, өмір сүру қағидаларының мәні зор. Шәкірттер осыған қарап өнеге алады. Қазақта бой түзеу дейтін сөз бар. Ол – атақты, абыройлы, ел сыйлайтын азаматтарға қарап өсу, соларға ұқсау, еліктеу, олардың жақсы жақтарын қабылдап, бойына сіңіру. Мысалы біздің ұрпақ осы Дүйсенхан Қабдиұлы, Яхия Әубәкірұлы, Шайкен Ғалымбекұлы сияқты ағаларымызға қарап өстік, өнеге алдық, бой түзедік.
Дүйсекең нағыз өнегелі ұстаз – рухы мықты, өресі биік, өрісі кең, жаны жайсаң, мейірімі мол азамат еді. Бұл қасиеттері оның педагогтық құдіретінің негізі болатын. Осыған қоса ұстаз шәкірттерін өте жақсы көрді, өз баласындай мәпелеп тәрбиеледі. Ең маңыздысы – оларға ой сала білді, ойландыра білді, оларға құрметпен қарады. «Осал ұстаз шындықты қайталаумен шектеледі, ал нағыз ұстаз сол шындықты табудың жолын үйретеді», – деген де тіркес бар. Дүйсекең шәкірттеріне лайықты өмір сүрудың қағидаларын үйретті, ғылымды сүюге, еңбекқорлыққа баулыды. Сондықтан да шәкірттерінің ішінен көптеген ғалымдар, қайраткерлер, өзі сияқты ұлағатты ұстаздар шықты. Олардың бәрі де Дүйсенхан ағаның қамқорлығын ризашылықпен еске алады.
Д.Қабдиевтің ұстаздық қызметіндегі жетістігінің тағы бір көзі – ол дәріс беріп жүрген өз пәнін өте жақсы білген және өте жақсы көрген. Өз пәнінің патриоты болған, сондықтан оны шәкірттеріне жан-тәнімен беріліп үйреткен. Өзің сүймеген нәрсені өзгеге үйрете алмайсың. Ал ұстаз өз пәнін де, өз шәкірттерін де шексіз сүйе білді. Міне, ұстаздық құдырет кілті осында.
Д.Қабдиевтің ғалым ретінде қоғамымыздағы алатын орны ерекше. Елімізде ғылымға еңбегі сіңген, аты әйгілі экономист ғалымдар баршылық. Бірақ Дүйсекеңнің ерекшелігі – мына нарық заманында көп көңіл бөліне бермейтін экономика теориясының даму тарихына сіңірген ерен еңбегі. Кең дами қоймаған бұл ғылымның осы саласының жанашыры да, қамқоршысы да, ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдардың көшбасшысы да профессор Д.Қабдиев еді.
Өткен ғасырдың ортасы шамасында, аталмыш мәселеге әлі ешкім көңіл бөлмей тұрған уақытта Дүйсекең Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты алыптарымыздың әлеуметтік-экономикалық көзқарастарын зерттеді. Сөйтіп, оларды елімізге жаңа қырынан таныстырып, биік деңгейге көтерді. Олардың жан-жақты ғұлама тұлға екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Осы бағыттағы 1963 жылы қорғаған кандидаттық жұмысы және 1982 жылы қорғаған Қазақстанда экономикалық ой-пікірдің даму мәселесіне арналған докторлық диссертациясы ерекше маңызы бар еңбек болды.
Жалпы Д.Қабдиевтің ғалым ретінде аты мен атағы баршаға мәлім, абыройы өте биік, жариялаған ғылыми еңбектері де аз емес. Дегенмен оның кітаптарының саны өз даңқына сай соншама көп те емес. Оның себебі, Дүйсекең әрбір ғылыми жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, олардың санына емес, сапасына мән беретін. Әр еңбекте өзінше қызғылықты ғылыми қағида болуын, бұрын ескерілмеген ойлар мен пікірлердің айтылуын, олардың ғылымның дамуына мейлінше зор үлес қосуын қадағалап отыратын. Соның өзінде «Қазақтың ағартушы демократтарының әлеуметтік-экономикалық көзқарасы», «Қазақстандағы экономикалық ой-тұжырымдардың дамуы (ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы)», «Экономикалық заңдар мен категориялар», «Экономикалық теория: маңызды категориялар мен түсініктер», «Саяси экономия», «Экономикс», «Экономика ілімінің тарихы» деген еңбектер жазып қалдырды. Д.Қабдиевтің бұл еңбектері бүгінге дейін өз құндылықтарын жоғалтпаған, болашақ экономист ғалымдар іздеп жүріп оқитын еңбектер.
Ғалым қоғамдық өмірден, жалпы ортақ тірліктен еш уақытта шет қалған емес. Қайда болмасын қоғами қызметтерге белсенді түрде араласып отырды. Сонау сұрапыл соғыс жылдары кен руднигінде жұмысшы болып жүріп, сондағы комсомол комитетінің хатшысы болды. Одан бері келе Алматы ауыл шаруашылығы техникумы комсомол ұйымының, ҚазМУ-дің экономика факультеті комсомол ұйымының, университет комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Кейінірек 1960-1980 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтында факультеттің партбюро мүшесі, институттың партком мүшесі болды. Жеті жылдан аса факультет деканы, 30 жыл бойы кафедра меңгерушісі жұмысын атқарды. Аудандық, қалалық деңгейде депутаттыққа сайланды. Одақтық және республикалық оқу министрліктерінің ғылыми әдістемелік кеңестерінің мүшесі және төраға орынбасары қызметін атқарды.
Бұл үлкен қайраткерліктің белгісі, өз заманына, уақытына адал қарағаны, бар күш-жігерін, қажыр-қайратын халқына аямай түгел жұмсағаны. Дүйсекең еш уақытта өзіне жеңілдік іздеген емес, қай қызмет болмасын бар ауырлықты өз мойнына артатын және оны қайыспай абыроймен атқаратын. Қандай бір жұмыс, небір қиын істер, алуан ауыр ғылыми проблемалар Дүйсенхан Қабдиұлының араласуымен оңтайлы шешіліп жататын.
Жалпы Дүйсенхан ағамыздың өнеге тұтатын адами қасиеттері көп-ақ. Әдетте қай тұлғаны алсақ та оның абырой-атағының негізін адами қасиеттері құрайды. Ағамыз адалдықтың, тазалықтың, әділеттіліктің, парасаттылықтың эталоны бола білді. Атаққұмарлықтан аулақ еді, лауазым, марапаттарға ұмтылмады. Дүйсекеңнің мінезіне сыпайылық, салмақтылық, сабырлылық тән болса, өмірінің қағидасы – ұстамдылық пен тұрақтылық болды. Сондықтан да болар бар өмірін екі-ақ ұжымда қызмет істеумен өткізді. ҚазМУ-ді бітірген соң сонда ұстаздық қызметке қалдырылып, 9 жыл дәріс берді. Ал сол университеттің экономика факультетінің негізінде 1963 жылы халық шаруашылығы институты құрылғанда қызметке сонда ауысып, осы ұжымда еш жаққа мойын бұрмай 43 жыл ұстаздық құрды. Бұл тұрақтылықтың ең жоғарғы көрсеткіші болса керек.
Дүйсекең барлық іс-тірлігіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Сондықтан да, жоғарыда айтқандай – аз жазса да, саз жазды, еңбектерінің сапасы өте жоғары болатын. Әрбір сөзін ойланып айтатын. Ағамыз кандидаттық диссертациясын 1963 жылы қорғап, арасына 20 жыл салып барып доктор атанды. Ол кезде экономистердің көбісі арасына 5-7 жыл, ары кетсе 10 жыл салып ғылыми атағын қорғай беретін. Дүйсекеңмен бір жолығып әңгімелескенде: «Аға, докторлығыңызды тездетпейсіз бе, уақыт өтіп барады?» – деп едім: «Пісіріп жатырмын, жақындап қалдым, дайындықсыз шығуға болмайды», – деген жауап алдым. Міне, докторлыққа 20 жыл дайындалған ғалымның жауабы осындай болды.
Қазақстанның ғылыми мектебінде профессор Д.Қабдиевтің орнын ерекшелейтін тағы бір жағдай бар. Ол – кезінде ҚазМУ-дің экономика факультетінде дәріс берген бір топ ғұлама ғалымдар болды. Олар аттары Одақ көлемінде кеңінен танымал профессорлар С.Б.Бәйішев, И.М.Бровер, С.А.Нейштадт, В.Н.Пуриц, Ц.Л.Фридман, Ф.А.Жеребятов, Т.Ш.Шәукенбаев, М.Е.Бутин, Т.Т.Төлебаев, М.М.Розманов, Ш.Г.Нәдіров. Бұлар тек ұстаздар ғана емес, өз уақытының көрнекті қайраткерлері, еліміздегі экономика саласындағы ғылыми мектептің негізін қалап, оны дамытуға орасан зор үлес қосқан асыл азаматтар еді. Өкінішке қарай олар туралы бүгінгі күні жазылып жатқан естеліктер мен ғылыми зерттеулер жоқтың қасы.
Айтайын дегенім, Дүйсенхан Қабдиұлы осы керемет азаматтардың арасында қызмет атқарды, солардың көмегімен, ақылымен үлкен ғалым болып өсіп-қалыптасты. Олардың жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, солардан үйреніп бүкіл елі сыйлаған абзал азаматқа айналды. Сол ғұламаларды көре алмаған кейінгі ұрпақтарға олардың ақыл-кеңесін, өсиетін жеткізді, қадір-қасиеттерін дәріптеді. Алтын көпір бола білді. Ол кісінің ұлылығын, ғұламалылығын кейінгі ұрпаққа жеткізу мына артында қалған бізге парыз.
Көпжасар НӘРІБАЕВ,
академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері
АЛМАТЫ