21 Маусым, 2016

137 үміткер – стипендия иегері

253 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
19-08-hatshi-386x500Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Бес институттық рефор­­масын іске асыру аясында жаңа кадрлар даярлаудың маңыз­дылығын атап өтті. «Өздеріңіз білесіздер, «Бола­шақ» бағдарламасы жыл өткен сайын еліміздегі индустриялық-инно­вациялық даму міндеттеріне сәйкес жүргізіліп жатыр. Сол себепті мамандарға қажетті сұра­нысты анықтау мәселелерін ұдайы жетілдіре отырып, біздер осы комиссияда мамандарды даярлау жұмыстарын пысықтайтын боламыз. Елбасы бекіткен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында белгіленген міндеттер бойынша халықаралық деңгейдегі отандық кәсіби мамандар тобын қалыптастыруда «Болашақ» бағдарламасының айрықша рөлін атап өткім келеді. Осыған байланысты конкурстық іріктеу деңгейін жетілдіру бойынша нақты іс-шаралар қолға алынуда. Биылдан бастап үміткерлерге қойылатын шет тілін білу деңгейі, дипломның орташа балы мен жұмыс өтіліне қатысты талаптар өзгертілді», – деді Мемлекеттік хатшы. Сонымен, жыл басынан бері «Бола­шақ» бағдарламасы Қазақ­стан Респуб­ликасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипен­диясының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа даму жоспары бойынша іске асырылуда екен, онда оны жаңғыртудың негізгі бағыт­тары белгіленіпті. Яғни, жаңар­тылған ереже шеңберінде «Болашақ» халықаралық стипен­дия­сын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеуде «жоғары оқу орнының түлегі» санаты алынып, «магистратураға инженерлік-техни­калық қызметкер» деп аталатын жаңа санат енгізіліпті. Ал стипендиаттарды тілдік оқыту «6+6» моделі бойынша Астана және Алматы қалаларындағы «Бола­шақ» бағдарламасының тілдік мектептерінде табысты іске асырылуда көрінеді. Бүгінде ағылшын тілін білу талаптары күшейтіліпті. Split PhD жобасы шеңберінде докторанттарды даярлау жал­ға­суда екен, сондай-ақ, іскерлік әкім­шілендіру магистрлерін (MBA) даяр­лау бағ­дар­ламасы бойынша оқу қайта жаңар­тылып жатқанын білдік. 2016 жылғы 11 сәуірден 13 мамырға дейін құжаттар қабылдаудың бірінші (көктемгі) кезеңі өткізіліп, конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 216 үміткер қатысыпты. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі рес­публикалық комиссияның шеші­мімен олардың ішіндегі 137 үміткерге, оның ішінде 100 адамға – магистратура бағдарламасы, 8 адамға – докторантура бағдарламасы бойынша оқуға және 29 адамға қысқа мерзімді тағылымдамадан өтуге стипендия тағайындалған. Тағылымдамадан өтетін мамандардың көпшілігі дәрігерлер екен. Отырыс қорытындысында Мем­лекеттік хатшы «Болашақ» бағ­дар­ламасын одан әрі іске асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Мәселен, «Болашақ» халық­аралық стипендиясын тағайын­дау үшін үміткерлерді іріктеу қа­ғидаларына шетелде кадрлар даярлаудың магистратура, PhD док­торантура, тағылымдама деңгей­лері арасында ережелерді сара­лау, сондай-ақ, магистратураға және докторантураға «өз бетінше түскен­дер» санаты бойынша үміт­кер­лер үшін 2 жылдық өтілдің болуы жөніндегі талапты алып тастау бойынша өзгерістер енгізілетін болады. Өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдар­ламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов «Болашақ» халық­аралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа даму жоспары бойынша жұмыстарды атқару басталып кеткенін айтты. «Биыл бірқатар өзгерістер ен­гі­зілді. Соның ішінде ағылшын тілі бойынша талаптар күшейтілді. Сон­дай-ақ, бағдарламада бұған дейін болмаған жаңа квоталық санат енгізілді. Бұл өндірісте жұмыс істейтін инженерлік-техникалық сала мамандарына арналған. Бүгінде осы санат бойынша 15 аза­матқа стипендия тағайындалды. Бізге, сонымен қатар, ауыл мектеп­терінің мұғалімдерін «Болашақ» бағдарламасы бойынша дайындап, оқыту міндеті тапсырылды. Біз мұны ойластырамыз. Келе­сі отырыста осы мәселені күн тәр­тібіне шығарамыз. Бұдан кейін мем­лекеттік органдар басшыларын, жетекшілерін ең мықты бизнес мектептерінде қайтадан дайын­дықтан өткізу мәселесін де қолға алатын боламыз», – деді ол. Оның айтуынша, басымдық бері­летін мамандықтар бойынша бірінші орында инженерлік-тех­­никалық, екін­ші орында гума­нитарлық, үшінші орында меди­циналық маман­дықтар тұр екен. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»