23 Маусым, 2016

Бет қаратпайтын аппарат басшысы

489 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
1368414342_0608.1000x800Кім-кім де болса артық та емес, кем де емес, өзіне тиесілі еңбекақысын алуға тиіс. Өз кезегінде бұл қаржы заң шеңберінде уақытында төленуі қажет. Егер мұндағы тәртіп бұзылса немесе аяққа басылса, әртүрлі түсінбестіктер туындайды. Бұл бағытта Тасқала ауданында орын алған жағдайлар осы алдыңғы пікіріміздің дәлелі. Яғни, аудандағы Тасқала, Қазақстан және Достық ауылдық округтерінде мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу тәртіптері бұзылған. Оның коэффициенттерін дұрыс есептемеу көріністері орын алған. Сонда аталған ауылдық округтің әкімдері Светлана Өтемісова мен Әлібек Ташимов және Байзолла Жұмабаев бұл кереғарлықты неге назардан тыс қалдырған деген сауал туындайды. Әрине, қырағылықты әлсірету мен бақылауды төмендету жақсы қасиет емес. Мұндағы бас маман-бухгалтерлер Данагүл Шағирова мен Айнұр Телжанова және Саягүл Ғалиева еңбекақы төлеу мәселелеріне қатысты тиісті заңнамалық тәртіптерді сақтамаған. Әрі Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарын бұзуға жол берген. Нақтырақ айтқанда, аталған ауылдық округтерде бірқатар мемлекеттік қызметкерге бір жылдан астам уақыт, тіпті, олардың кейбіреулеріне табаны күректей екі жыл бойы жалақы дұрыс төленбеген. Әңгіменің ашығын айтқанда, оларға жоғары деңгейдегі жалақы мөлшері төленіп келген. Әдетте ауылдық округтердегі есеп-қисап қызметкерлерінің есебін аудандық қаржы бөлімдері ай сайын қабылдап, қадағалап отыратыны белгілі. Бұл тәртіптің Тасқала аудандық қаржы бөліміне де тікелей қатысы бар екені айтпаса да түсінікті. Мұндағы мамандар мен жауапты қызметкерлер жоғарыда көрсетілген ағаттық пен үстірттікті бірнеше ай емес, тіпті, бірнеше жыл бойы аңғармай, байқамай келгендерін қалай ақтап алуға болар екен? Әдеп кодексі талаптары дегеннен шығады, бұл жерде ендігі әңгіме арнасын осы талаптарды бұзуға жол берген Казталов ауданы әкімі аппаратының басшысы Артур Берденовке қарай бұрудың да орайы келіп тұрғандай. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігіне қарасты Батыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңеске Казталов ауылының тұрғыны Дулат Қарабаевтан арыз келіп түскен. Соған сәйкес кеңес тарапынан тексеру және түсініктеме алу жұмыстары жүргізілген. Оның барысында аталған лауазым иесі өз қарамағындағы қызметкерлерге лауазымдық міндеттеріне кірмейтін тапсырмаларды беруді әдетке айналдырғаны анықталған. Тіпті, бұл да ештеңе емес-ау. Сонымен бірге, аппарат басшысы Артур Берденов өзінен лауазымы әлдеқайда төмен қатардағы күзетші және жүргізуші секілді қарапайым маман қызметкерлер мен жұмысшылардың жеке ар-намысы мен ожданына тиетін ауыр, дөрекі және лас сөздерді бірінен соң бірін төплететіні де жоғарыда аталған кеңеске түскен арыз-шағымды тексеру нәтижесінде толықтай дәлелденген. Арыз иесі Дулат Қарабаевтың хатында Казталов ауданы әкімі аппаратының басшысы Артур Берденовтің қызмет уақыты кезінде арақ ішіп жүретіні де көрсетілген екен. «Сіз бұған не дейсіз?» – деген сауалды біз Әдеп жөнідегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Жақсыат Мұратовқа қойған едік. Оның қайтарған жауабы төмендегідей болды: – Халық айтса, қалт айтпайды деген нақыл бар емес пе?! Артур Берденовтің үстінен шағым түсірген Дулат Қарабаев та халықтың өкілі. Бұған сенбеуге ешқандай моральдық құқымыз жоқ. Сенеміз, әрине. Дегенмен, аппарат басшысының қызмет уақыты кезінде арақ ішіп жүретіндігі тиісті құжаттар, соның ішінде медициналық анықтамалар арқылы дәлелденіп көрсетілмегендіктен, арыз-шағымда айтылған деректер сәл жетіңкіремейді деп тауып отырмыз. Аудандық және облыстық деңгейдегі әкімдік аппараттарының басшылары жауапкершілігі жоғары лауазым иелері сапында. Бұлар өзгелерге өздерінің жақсы қасиеттерімен үлгі-өнеге бола білетіндей жандар болуы керек. Әдетте аудан әкімдерінде аппарат басшысы қызметіне оған лайықты, моральдық бет-бейнелері жоғары, адамгершілік қасиеттері мол адамды таңдау құқы мен еркі бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Осындай мүмкіндік болып тұрғанда, Казталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр неге үстірттік пен шалағайлыққа жол берді екен деп ой түюге де негіз жоқ емес секілді. Бейнелеп айтқанда, ол өзі жаққан отты, өзі өшіре алар ма екен? Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше