Бүгінгі таңда ораза ұстап, ауыз бекітуді «арықтаудың амалы» деп санайтындардың қатары артып келе ме, қалай? Осынау қасиетті айда мұсылманға міндеттелген бес парыздың бірін өтей отырып, оны салмақ тастаудың бірден-бір жолы ретінде қарастыратын жастардың осы тектес ойларын жиі естіп жатамыз.
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, десек те айлардың сұлтаны Рамазан жақындағаннан-ақ арықтау бағдарламасын жасап алатын жандардың ауыз бекітуді диетамен шатастыратыны қынжылтады. Аса қадірлі де қасиетті айды сауап жинауға емес, салмақ тастауға арнайтындардың мұсылмандық парыз туралы білімін жетілдіру қажет сыңайлы. Жылына бір келетін берекелі айдың пендеге берер амал-сауабы мен ризық-несібесі мол. Бұл ретте, тіпті, ауыз бекітуді артық абырой санап, әлеуметтік желіге ауыз ашар ас-тамағын салып, дүйім жұртқа жар салатындарды да жиі кездестіріп жүрміз.
Анығында, он екі айдың ұлысы – Рамазанның күллі мұсылман жұртшылығына тигізер пайдасы, әкелер алғысы көп. Осы бір сауапты айдың салмағын шала ниетпен емес, шын көңілмен ұғына білген жанның ұстаған оразасы қабыл болары хақ. Ең алдымен, ораза ұстау – мұсылман бауырға міндетті бес парыздың бірі. Адам баласының өн бойындағы сабырлық-қажырының сарапқа салынар тұсы – Алла жолында ауыз бекітуі екендігі әмбеге аян. Айлардың төресі – қасиетті Рамазанда таң шапағы көкке көтерілген сәттен, күн ұясына батқан шаққа дейін нәр татпауы – мұсылман жұртшылығына қойылатын ең үлкен парыздардың бірі. Алланың ризашылығына бөленудің даңғыл жолы және дәулеті тасыған бай мен қалтасы жұқарған кедейдің теңелер тұсы да осы айда.
Бір айға жуық уақытты қамтитын ораза сарқылмас сауап пен көл-көсір сабырды сыйға тартады. Адам баласының жаман қасиеттерден арылып, адал жолға аяқ басуына, рухани кемелденуіне жол ашады. Бұл ай – таудай тасыған тәкаппар көңілдің мысын басып, қарапайым қара жолдың құнын танытады. Ауыз бекітіп, астан тыйылудың мәні де қолда бардың қадірі мен шөл басар қара судың қасиетін баршаға ұғындыру емес пе? Әлемде аштықтың ауыр зардабы мен қасіретін тартып отырған миллиондаған халықтың ауыр да қайғылы жай-күйін сезіну арқылы адамзат тәубесіне келмей ме?
Ораза айы ауызды астан тыю ғана емес, көрер көз бен естір құлақтың харам дүниелерден қашықта болуын, жан сарайының жуылып тазаруын мақсат тұтады. Бұл ай – ғайбат сөздің тамырын кесіп, ауыздан салмақты да салиқалы сөздің шығуына, әр істің жақсылыққа жұмсалуына жол бастайды. Әр адам баласының жүрегіне иман отын үрлейді, өз нәпсісін тыюға үндейді. Сауабы мол бұл ай – жан-жүректі жұмсартып, жан мен тәнді бар күнәдан тазартады. Аурудан құлан-таза айықтырып, сан түрлі дертке шипа сыйлайды. Жақсылыққа жол бастаушы, ізгі амалға ой тастаушы – Рамазанның сол үшін де құны қымбат, қасиеті жоғары. Ораза айы – Жаратушының пенделеріне берген ең бағалы тартуы, ең ұлы сыйы. Сондықтан да аптап ыстықта ауыз бекітіп, иман келтіргендер Алланың сансыз мол сауабына, риясыз разылығына бөленеді. Ал сауапты айдың мүмкіндігін салмақтан арылу мен арзан атақ-абыройға жұмсайтындар бұл сарқылмас сыйдан құр қалары ақиқат. Олай болса, қасиетті айда сауатсыз ойға салынып, Алладан төгілер мол шапағаттан қапыда қалып кетпегеніміз абзал.
Арайлым ТАСТЕМІР,
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс студенті