23 Маусым, 2016

Ел алдында есеп берді

306 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Асқар МырзахметовПремьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Талдықорғанда ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдар және барлық деңгейдегі қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесіп, есеп берді. Сонымен қатар, облыстық әкімдіктің мәжіліс залындағы 350 адамнан тыс республика бойынша 1700-ден астам адам бейнебайланыста болды. «Есеп беру кездесуімді Алматы облысынан бастауым кездейсоқ емес. Алматы облысы – еліміздің барлық ауыл шаруашылығы бағыты қамтылған ірі аграрлық өңір. Мұның дәлелі – республикамызда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 16,7 па­йызы жетісулықтар үлесінде. Бұл еліміздегі жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады» деп бастаған сөзін вице-премьер одан әрі былай сабақтады. «Елімізде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2015 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға артып, 3,3 трлн. теңгені құрады. Оның ішінде мал басы жыл сайын орташа есеппен 3 пайызға өсіп отырды. Тамақ өнімдерін өндіру көлемі өткен жылы 1,0 трлн. теңгеден асты. Сала бойынша негізгі капиталға тартылған инвестиция 28 пайызға артып, 56 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте, ең үлкен үлес Оңтүстік Қазақстан облысында 28 пайызды, Алматы облысында – 12 пайызды, Қостанай облысында 9 пайызды құрады. Жалпы ауыл шаруашылығына құйылған инвестициялар көлемі 167 млрд. теңгеге жетті. Осы орайда атап өтуге тұрарлық жағдай, тартылған инвестициялардың 80 пайызы – тауар өндірушілердің өз қаражаты. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 138 млрд. теңгеге жетті. Сөйтіп, аграрлық сектор бизнес үшін жыл өткен сайын тартымды болып келеді. Сондай-ақ, былтырғы жылы 13,7 млн. тонна бидай, 2,7 млн. тонна арпа және басқа дақылдар жиналды. 174 мың тонна қант қызылшасы өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 есе артық. Әрине, тәтті түбір өсіруде Жетісу өңірінің үлесі зор. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында бидай алқаптары қысқартылып, мал азығы және экспортқа бағытталған дақылдар алаңы кеңейтілуде. Жекелеген тауарлар бойынша ішкі тұтынымдағы отандық өндіріс үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. «Агробизнес-2020» бағдарламасын іске асырудың бірінші бағыты «Қаржылық сауықтыру» бойынша берешек сомасы 520,0 млрд. теңгені құрайтын 404 субъектінің өтінімдері мақұлданған. Статистикалық деректер бойынша республикадағы суармалы егістік алаңы 1,6 млн. гектарды құрап, өсімдік шаруашылығы жалпы өнімінің 7 пайыздан астамын қамтамасыз етті. Су шаруашылығы нысандарын жөндеуге инвестициялардың тапшылығы, суға қойылған тарифтердің төмендігіне байланысты фермерлердің суды үнемдеуге деген ынтасының болмауы, сондай-ақ, суармалы жерлердің жай-күйіне жеткілікті деңгейде бақылаудың болмауы негізгі себебі болып табылады» деп есепті баяндамасын аяқтаған соң Асқар Мырзахметов сұрақтарға жауап берді. Алматы облысы, Алакөл ауданының фермерлері, олардың Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және тағы басқа өңірлердегі әріптестері ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге қажетті субсидия бөлу мәселесін көтерді. Осы мәселеге орай берген жауабында А.Мырзахметов ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінде 36 млрд. теңге көлемінде шаруаларға субсидия бөлу мәселесі қаралып жатқанын айтты. Сонымен қатар, жанар-жағар маймен қамту мәселесі туралы да нақты жауап берді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН