23 Маусым, 2016

Шағырдан шашылған шуақ

454 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Безимени-1Туған жерімді көркейтсем-ау дейтін адамдар кең-байтақ Отанымыздың қай түкпірінен болсын табылатыны даусыз. Олар дабырасыз, ың-шыңсыз ғана ізгілік дәнін сеуіп, өздері де содан жандарына қанағат тауып, тіршілігін кеше бермек. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Арыс ауданының Шағыр дейтін алақандай ауылынан шығып, қазір бүкіл Арыс өңірінің құрметті ақсақалына айналған ұстаз Жұмабек Қансейітұлының өмірі де қай жағынан болсын жас ұрпаққа өнеге боларлықтай. Бүкіл өмірі ұстаз­дықпен өрілген Жұмабек ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне иек артып отыр. Сонда да болса мектепке қатысты әрбір іске елеңдейді. Құрылысы бітуге таяу қалған жа­ңа типті үлкен мектеп көз қуанышы, көңіл медеті. Өйтпегенде ше? Әлдекімдер үшін мектеп үйінің құрылысы деген мәселе түкке тұрмауы мүмкін. Ал саналы өмірі ұстаздықпен өткен, ауыл­ды көркейту ісіне белсене қатысқан азаматқа балалардың кең де сәулетті ғимаратта білім алуын көру – мерейлі мереке. Осы бір жақсы күндердің куәсі болу үшін өз басы қаншама табалдырықты тоздырып, қаншама рет жоғарыға хат жазды десеңізші. Бәрін басынан бастайықшы. Темір­жолшының отбасында дүниеге келген Жұмабек бала өзі туып-өскен №44 разъездегі бастауыш мектепке сегіз жасында барады. Екінші дүниежүзілік соғыстың біткен кезі. Мектеп те сол уақытта ашылыпты. Жұпыны тірлік кешкен жиырма шақты отбасының он екі баласы жастары әртүрлі болғанына қарамай, бәрі бір сыныпқа барады. Он екі бала, қиқы-жиқы алты парта, жетіншіні бітіріп келіп өздерін оқыт­қан Келдібек Сегізбаев ағай, міне, мұның бәрі кейіпкеріміздің күні кеше­гідей көкейінде сайрап тұр. Одан соң Орынбасар Жанбатыров ағайдың оқыт­қанын да ұмытпақ емес. Мектепті бітірген соң директордың ұсынысымен Жұмабек Қансейітұлы Тоғанассай разъезінде мұғалімдік қызметін бастайды. Тоғанассайдағы мектеп жабылып қалған соң, Еспесай разъезіндегі бастауыш мектепке мұғалім болады. Ал 1958 жылы өз ауылына, яғни №44 разъездегі (Шағыр стансасына) бастауыш мектепке ауысады. Дәл осы мектепте еңбек демалысына шыққанға дейін қызмет етеді. Білімін жетілдіру үшін Шымкент қаласындағы бұрынғы Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны бітіреді. Жан-жақты, көзі ашық азамат тек мұғалімдікпен шектелмей, туған жерін көркейту мақсатында түрлі істердің ұйытқысы болады. 1960 жылдары Ша­ғыр стансасының тұр­ғындары Арыс стансасынан құбыр арқылы келетін суды тұтынатын. Ол 1903-1907 жылдар арасында теміржолмен бірге салынған құбыр болған соң іші толып, су аз келе бастаған шақ еді. Су аз болған соң жер­гі­лікті халықтың ішінен сулы жерге көшпек ниет­­тегілер табылады. Бұл ұстаз Жұмабекке қат­ты батады. Ол жоғары жақтағы басшыларға хат жазып және өзі барып бюджеттен ақша бөлдіріп, артезиан құдығын қаздырады. Су келген соң халық тұрақтанады. Көшіп келушілер де көбейе бастайды. Халық саны өскен соң мектептегі оқушылар да көбейеді. Бастауыш мектептегі қатарлас сыныптардың саны өседі. Әйтсе де Ша­ғыр стансасындағы мектеп бастауы­ш мектеп болғандықтан, балаларын жеті жылдық, он жылдық мектептерде оқыту үшін тұрғындардың алды басқа ауылдарға көшуді тағы бастайды. Сол кезде де Жұ­мабек Қансейітұлы белсенділік танытады. Ол аудан, облыс деңгейіндегі бас­шыларға хат жазып, сегіз жылдық мек­теп салып беруді өтінеді. Бастауыш мектеп ол кезде Қа­зақстан теміржолының қарамағында екен. Ал теміржолда қаржы көп. Осы жағдай туралы жоғарыға өті­ніш жаз­ған Жұмабек ұстаз аудан, облыспен шектеліп қалмай, республика көлемінде ізденеді. Одан қалса газет-журналдарға жазады. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын ұстаз жоғары жақтан еш нәтиже болмаған соң, темір жол басшыларына өзі барып сөйлеседі. Олар жаңа мектеп салып бере алмайтынын, бірақ ауылшаруашылық басқармасының балансындағы бос тұрған он үйді күрделі жөндеуден өткізіп, мектеп жасап бере алатынын айтады. Бірақ ол үйлерді де кейіпкеріміздің өзі барып сұрауына тура келеді. Содан Жұмабек ұстаздың қажырлылығымен бүкіл ауыл тұрғындарының атынан өтініш жазылып, он үй, екі казарма Шымкент теміржол бөлімшесінің басшысы Көп­жан Мұхамеджановтың тікелей тапсырмасымен күрделі жөндеуден өтіп, сегіз жылдық мектепке айналады. Бұл 1968 жыл еді. Сол кездегі №71 теміржол бас­тауыш мектебі №364 8 жылдық теміржол мектебіне айналады. Онда Шағырдың балаларына қоса Қалаш, Ақпан, Еспесай, Итарқа, Тоғанассай, Қабылсай, Ақтас сынды стансалардағы бастауыш мектепті бітіріп келген балалар да оқи бастайды. Мектепке Жұмабек Қансейітұлының бұрынғы ұстазы Орынбасар Жанбатыров директор болады. Десе де ол кісінің тіршіліктегі тұз-дәмі ертерек таусылып, келер жылы-ақ Жұмабек Қансейітұлының өзі директор қызметіне кіріседі. Бұл істе де Жұмабек Қан­сейітұлы үдеден шыға білді. Мейлі, мектептің он бір жылдыққа айналуы үшін ба­қандай жиырма екі жыл керек болған шығар, ал оның заманауи үлгідегі жаңа ғимаратының салынуына қырық жылдай уақыт керек болған болар, бірақ бұл біздің кейіпкерімізді жарты жолдан қайтара алған жоқ. Сегіз жылдық мектепті бітірген балалар Арыс қаласында оқитын. Бұл олардың ата-аналарына қаншалықты қиындық келтіретін. Кейбірінің туыстары бар, кейбірінікі жоқ. Ал тұрмысы жадау үйлердің ба­лаларының білім алсам, маман болсам деген тәтті үміті мектептегі сегіз жылмен шектеліп жататын. Оқушыларының бо­лашағы үшін директор Жұмабектің әлі де ізденуіне, әлі де талап-тілектері мен өтініштер жазылған хаттарды жоғарыға жазуына тура келеді. Өз басы үшін емес, оқушыларының жақсы болашағы үшін. Әйтсе де ол үшбу хаттарға түрлі сылтау­лар айтылған жауаптар қайтарылып, бірталай жылдар зая кетеді. Сонда да ол ізденісті тоқтатпайды. Ұзын сөздің қысқасы, Шағыр стансасындағы мектеп 1990 жылы орта мектепке айналады. Ал 2000 жылы шәкірті Шаймерден Сатынбеков Арыс ауданына әкім болып тағайындалған соң, ұстазының өтінішін жерге тастамай, бұрынғы мектептің орнына жаңа мектеп салып береді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Жұмабек Қансейітұлы өз ауылына асфальт жол салдырып беріп, үлкендердің батасын алғаны бар. Жұмабек ақсақал кезінде мектеп он бір жылдық болуы үшін бала саны көп болу керектігін де насихаттаған. Өзі халыққа үлгі болып, 14 баланың әкесі атанады. Бүгінде солардан тараған 42 немере мен 20 шөберенің атасы. Бір адамның қайтпас қажырлылығының арқасында кішігірім стансаның бастауыш мектебі түрлі тоқырау заманында жабылып қалмай, керісінше, гүлденіп, сегіз жылдыққа, одан он бір жылдыққа айналып көркейіп өскен. Мектеп алғаш ашылғанда 12 бала ғана оқыған болса, қазіргі кезде оқушының саны 300-ден асыпты. Өнегелі іс деп осындайды айтатын шығар? Өнегелі өмір дегеніміз де туған жердің болашағына алаңдаумен кешкен тірлік шығар?! Айгүл СЕЙІЛОВА
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше