Футболдан Францияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында кеше түнде топтық кезең ойындары толық аяқталып, келесі кезеңге жолдама алған командалар толық белгілі болды. Сол уақытқа дейін осы керуен көшіне ілескен құрамалардың негізгі сұлбасы айқындалып қойды. Бірақ бұрнағы күні ойналған матчтар бірқатар күтпеген нәтижелер әкеліп, доп додасының дүрмегін бұрынғыдан бетер көтере түсті. Соның ішінде біз хорваттардың құрлықтың қазіргі чемпионы – испандарды ұтуларын, ал түріктердің мадьярларды тізе бүктірулерін осы қатарға қосар едік.
Сол күнгі сайыстар шымылдығын С тобындағы Солтүстік Ирландия – Германия, Украина – Польша араларындағы кездесулер ашты. Бұл екі ойын 1:0 деген есеппен аяқталып, немістер мен поляктардың жеңістерін жария етті.
Парижде ойнаған әлем чемпиондары Марио Гоместің голы арқылы британиялық ирландтардан басым түсті. Бұл ойынға Германия құрамасы соның алдындағы поляктармен кездесуге қарағанда, аздаған өзгертулермен келді. Осылайша старттық құрамнан табылған Гомес өзінің голын 30-минутта Томас Мюллердің пасынан кейін салды. Бірақ онда соған дейін де есеп ашудың жақсы мүмкіндігі болған. Жалпы, немістер бірінші таймның өзінде қолайлы мүмкіндіктерінің бәрін тиімді пайдалана білгенде, есеп кемінде 5:0-ге жетер еді. Олардың шабуылшыларына бір мезеттері сәттілік жетіспей жатса, тағы бірде қақпашы Майкл Макговерн қауіптің бұлтын тез серпіп тастап тұрды. Германия құрамасы үзілістен кейін де осы ойынынан жаңылған жоқ. Өте жоғары тәртіпке құрылған сызба оқтын-оқтын оның ойыншыларын қарсы қақпа алдынан шығарумен болды. Алайда, алдыңғы кездегідей Солтүстік Ирландия жамағатының қақпасы құдды бір сиқырланып қойылғандай алынбады. Сондықтан немістердің қарқыны біртіндеп басыла берді. Соған қарамастан, Макговерн дарбазасына қауіп төндірілуі тоқтатылмады. Тек Гоместің өзі осы кездері екі рет гол соғатын тұсты мүлт жіберді. Тұтас алғанда, Йоахим Лёвтің шәкірттері қақпаға туралап 13 соққы жасай алды. Соның біреуі ғана қақпаға дарыды. Дегенмен, жеңіске жету үшін осының өзі жетіп жатты.
Соңғы турдан кейін 7 ұпай жинаған немістер турнир кестесінде бірінші орын алды. Осыншама ұпайы бар Польша бір допты кем соғуы салдарынан екінші орынға жайғасты. Сөйтіп, екі құрама да 1/8 финалға шықты. Ал 3 ұпайы бар Солтүстік Ирландия соңғы екі топтағы ойындар қорытындысын күтеді.
Марсельде кездескен Украина және Польша командалары кездесуі тағдырын Куба Блащиковски 54-минутта соққан жалғыз гол шешіп кетті. Шынтуайтында, бұл матчтың турнирдегі ахуал тұрғысында пәлендей мәні болған жоқ. Қандай есеппен жеңсе де, үшінші орын ала алмайтыны айдай анық болып қойған украиндарға сондықтан тас-талқан болып жеңіліп, бар абыройдан айырылмаса жетіп жатты. Ал поляктар топ басына таласатын басты бәсекелесі – Германияның Солтүстік Ирландиядан жеңіле қоятынына сенімді емес еді. Міне, кездесу де сол себепті сақтыққа көбірек көңіл бөлген қалыпта жүріп жатты.
Поляктар матчтың бастапқы бөлігінде-ақ мергендіктерімен көзге түсер кезді оңтайлы пайдалана алмады. Керемет мезеттерді Аркадиуш Милик пен Роберт Левандовски бос кетірді. Содан кейін тізгінді украиндар қолға алып, Лукаш Фабьянски қақпасы алдында бірнеше қауіпті сәттерді жасады. Екінші таймның басында Адам Навалка алаңға команда лидерлерінің бірі – жартылай қорғаушы Якуб Блашиковскиді шығарды. Айналып келгенде, команданы жеңіске жетелеген де осы ойыншы болып шықты.
Бұдан кейін ойналған екі ойын да жұртты елең еткізген нәтиже алып келді. Соның ішінде хорваттар қалай болғанда плей-офф аймағына түсіп тұрғандарын матч алдында-ақ білгендеріне қарамастан, өздерінің мыңдаған тілеулестерінің көңілдерінен шығуды көздеп, кездесуге барын сала кірісті. Бас жаттықтырушы Анте Чачич осының алдында чехтармен өткен ойынға қарағанда, старттық құрамға алты бірдей жаңа ойыншыны енгізіп, бұрынғы тактикасы өзгеретінін байқатты. Бұлардың бірқатары амал жоқтықтан жасалды. Мысалы, команда лидерлері Лука Модрич пен Марио Манджукич жарақат алып қалуларына байланысты мәжбүрліктен ойынға қосыла алмады.
Еуропаның іс басындағы чемпионы болса, қатарынан үшінші рет бір құраммен алаңға шықты. Ол кездесудің 7-минутында-ақ Альваро Моратоның оң қанаттан Цеск Фабрегас жіберген допты қақпаға қарай бұрып жіберуімен есеп ашты. Бірақ осыдан кейін испандар босаңсып сала берді. Сосын тізгінді қолға алған хорваттар оларды барынша қыспаққа салды. Ақырында үзіліске дейін Никола Калиничтің күш салуымен таразы басын теңестіріп те үлгерді. Олар екінші таймда да қарқынынан танбады. Ал 72-минутта Серхио Рамос ұрған пенальтиді Даниель Субашич қайтарғаннан кейін шабуылды үдетті. Соның нәтижесінде ойын соңында Иван Перишич командасын алға шығарды – 2:1!
Ал көпшілік турнирдің сәтсіз командаларының біріне санап қойған түріктердің чехтарды 2:0 етіп ұтып кетуі шын жаңалық болды. Осы жеңістің арқасында екі команда бір-бірімен орын алмасып, Анадолы жігіттері үшінші орынға жылжыды.
Кеше түнде Исландия – Австрия, Венгрия – Португалия, Швеция – Бельгия, Италия – Ирландия кездесулерімен топтық ойындар толық аяқталды.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»