23 Маусым, 2016

Шын жүйрік топ ішінде танылады

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
[caption id="attachment_48022" align="alignleft" width="264"]Rio2016_AO Rio2016_AO[/caption]

Олимпиаданың басталуына 43 күн қалды

Соңғы аптаның ішінде Қазақстан спортшыларының Рио Олимпиадасына қатысу үшін алған лицензияларының саны тағы 3-ке артып, барлығы 102-ге жетті. Аламанға ат қосатын саңлақтарымыз қатары осылайша біртіндеп көбейіп келе жатыр. Соның ішінде жеңіл атлеттер 22 үміттіге дейін өсті. Одан кейінгі орынды 11 жолдаманы байдарка мен каноэда есушілер алса, үшінші сатыны әрбірінде 10 орын бар боксшылар мен ауыр атлеттер алып отыр. Бұлардың барлығында спортшылар тиесілі жолдаманы өздері жеңіп алған болса, ауыр атлеттерде ол командалық сипатта беріледі. Сондықтан спорттың осы түрінен ғана әзірге Риоға кімдердің баратындары белгісіз. Мұның алдында күрестің барлық түрлері бойынша құрама сапына кіргендер жарияланған болатын. Біздегі ең бір өзекті тақырып қазір осы зілтеміршілер төңірегінен туындаған дау-далаба болып отыр. Әзірге бұл мәселеге толық нүкте қойылып, тиянақталып біткен жоқ. Осы ретте бұрнағы күні Лозаннада өткен Халықаралық олимпиялық комитет саммитінің былтырғы күзден бері допинг дауына ұшырап жатқан Ресей жеңіл атлеттерінің Олимпиадаға қатысуына қарсылық білдірмейтін шешім қабылдауы көңілге ептеп үміт сәулесін ұялатады. Осыған қатысты қорытынды жиын 30-31 шілде күндері қаралып, ең соңғы тұжырымы шығарылады. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беретін ретіміз жоқ. Спорттың басқа салаларынан да тым қара жаяу емеспіз. Соның ішінде боксшылар мен жеңіл атлеттерге, сондай-ақ балауандарымызға артатын үміттеріміз зор. Сондықтан қазан аузын жоғары санайтын уақыт та жақындап келе жатқанына сенуіміз керек.

22-06-16-ilin77Ауыр атлеттердің ахуалы қандай?

Қазіргі таңда қазақстандық спортсүйер қауымды ерекше толғандырып отырған мәселенің бірі осы болса керек. Ал соңғы уақыттары бізге жетіп жатқан ақпарлар оншалықты көңілді қуандырып отырған жоқ. Аптаның басында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) Илья Ильинің Бейжіңдегі сынамасынан да допинг белгісі, дәлірегі, станозолол табылғанын хабарлады. Бұған дейін оның Лондондағы сынамасынан тыйым салынған дегидрохлорометилтестостерон деген препарат шыққаны белгілі болған еді. Сарапшылар осыған қарап, қазір Қазақстан спортына үлкен қауіп төніп тұрғанын айтып жатыр. Олар мұның соңы еліміздің ауыр атлетика құрамасын түгелдей Риоға жібермеу жөнінде шешім қабылдауға апарып соқтыруы мүмкін екенін де алға тартады. Егер Халықаралық олимпиялық комитет Қазақстан ауыр атлеттерін кінәлі деп тапса, олар Бейжің мен Лондонда жеңіп алған медальдарын түгел қайтарып беруге мәжбүр болады. Осылайша 5 бірдей алтын жүлде кері қарай қайтады. Қазақстан үкіметі бұл допинг дауына қатысты соңғы шешімді ХОК қабылдайтынын, ал билік тарапынан спортшыларға құқықтық қолдау жасалатынын талай мәрте мәлімдеді. 21 маусымда Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаевқа Рио-де-Жанейро Ойындары алдында спортшыларды түгел тексеруді тапсырды. «Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей спортшыларының допинг қолдануына қатысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек. Бәлкім, жеке демеушілердің есебінен жақсы зертхана сатып алуымыз қажет шығар. Сонда біздің спортшылар жарысқа қатыспас бұрын осы тесттен өте алады» деді Премьер-Министр. Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері «Енді бұл дау Қазақстанда шешілмейді. 27 маусымда болатын ХОК тәртіптік кеңесі отырысының шешімін күтеміз» дегенді айтты.  Мұрат АЙТҚОЖА
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше