Қазақстанның Анкарадағы күндері ерекше табыспен өтуде
Анадолы жерінде Қазақ елі мен түрік жұртының бауырластығын айғақтай түсетін кезекті маңызды шара өтіп жатыр. Мұны ұйымдастыруға Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйытқы болды. Ел мен елді жақындастырып, халықаралық қатынастарды ілгерілетуге зор үлес қосып жүрген елші Жансейіт Түймебаевтың өзіндік қолтаңбасы тағы да көрінді. Екі күн бойы түрік ағайындар біздің күмбірлеген күйлерімізді, дәстүрлі әндерімізді тыңдап, мың бұралған биімізді тамашалады. Олар өнерпаздарымызды қошеметтеуден жалыққан жоқ. Алғашқы күні «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі өнер көрсетті. Жергілікті халықтың қазақ жерінен келген өнерпаздарға ықыласы айрықша болды.
Бұдан соң Қазақстан күндері Анкараның Кечиорен ауданында жалғасты. Қазақ өнерпаздары он мыңға тарта адам жиылатын алаңда концерт қойды. Түріктер осы концерттен де керемет әсер алғанын жасырмады.
Қазаққа о бастан бүйрегі бұрып тұратын түріктер жолынан жаңылған жоқ. Осынау күндер аясында Анкарада қазақтың ақиық ақыны Сүйінбай Аронұлының мүсіні орнатылды. Ол Кечиорен шағын ауданында былтыр ашылған Сүйінбай саябағына қоныс тепті. Бұл шараға дипломатиялық өкілдіктер басшылары, әкімдік қызметкерлері, қазақ және түрік зиялылары, елден келген Сүйінбай ақынның ұрпақтары қатысты. Олар ескерткішке гүл шоқтарын қойды, ақын рухына құран бағыштады. Бюстің биіктігі екі метрден асады. Бұл туындының авторы – белгілі мүсінші Нұрғалым Исабаев. Шара барысында Сүйінбайдың өлең-жырлары орындалды. Анкараның Кечиорен ауданының әкімі Мұстафа Ак өз сөзінде:
– Түрік әлемінің ортақ тұлғасы Сүйінбай Аронұлына менің құрметім айрықша. Ол өз ғұмырын жұртының береке-бірлігі мен ынтымағына арнаған ақын. Былтыр оның туғанына 200 жыл толу құрметіне ауданның ең көрікті жерінен саябақ ашқанбыз. Енді ескерткішін орнаттық. Бұл қадам қазақ пен түріктің бауырластығын бекіте түседі, – деді.
Сөйтіп, Сүйінбай мүсіні Анкара төрінде орныққан қазақтың танымал тұлғаларына қойылған бірқатар ескерткіштердің қатарын толықтырды.
Түрік жерінде өтіп жатқан Қазақстан күндері аясында «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай!» деп жырлаған Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы тойлануда. Анкарада жыр алыбының мерейтойына орай халықаралық конференция ұйымдастырылып, мерекелік концерт қойылды. «Адырна» мен «Алтынай» ансамбльдері бұл жолы да бабында екенін танытты. Жамбыл шығармашылығымен біршама таныстығы бар Джемиле Кынаджы деген ғалым былай деді:
– Біздің Анадолыда Пірсұлтан Абдал деген ақын бар. Жамбыл мен сол ақынның өлеңдерінен үйлесімділіктің мысалдарын көптеп кездестірдім. Бұл шығармалардың ішкі рухани байланысы аңғарылып тұрады. Екеуі де поэзиялық қуаты мықты ақын. Екеуі де халыққа қамқор болған шайырлар. Екеуі де елдің өз тілімен жырлайды.
Түрік бауырлардың ықыласын көрген қазақстандықтар да аянып қалған жоқ. Олар шараны ұйымдастырған ауданның әкіміне шапан жауып, ақынның портретін сыйға тартты. Алматы облысынан келген делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, Сүйінбай ақынның ұрпағы Ғабит Садырбаев және басқалар бар.
Түрік жұртының қазақ тұлғаларын ұлықтауы мұнымен ғана шектелмейтін сияқты. Анкараның Кечиорен ауданының әкімшілігі келесі жылы Жамбыл ақынға арнап ескерткіш ашуды көздеп отыр. Соған қарағанда «Сый қылсаң, сыпыра қыл» деген нақыл сөз түрік бауырларға да жат емес болуы керек.
Альбина ӘШІМ,
«Егемен Қазақстан» –
Анкарадан
АНКАРА