ПАРЛАМЕНТТІҢ ӨЗ ІСІМЕН АЙНАЛЫСҚАНЫ ЖӨН
Қырғыз Республикасының президенті Роза Отунбаева Жогорку кенештің отырысында сөз сөйлеп, парламенттің саяси ойынмен айналыспай, өзіне тән заң шығару міндетін атқарғаны жөн екенін атап көрсетті.
Олай болмаған жағдайда, ол «мемлекет басшысы, конституцияның кепілі ретінде, халықты бөлшектеуге, мемлекетті күйретуге жол бермейтінін» мәлімдеді. Және бұл сөз реті келгенде айта салғандай емес, нақты дәлелмен, батылдықпен, жұртқа мықты әсер қалдырғандай сеніммен айтылды. Ел басына туған сын кезеңде парламент өзіне жүктелген міндеттерді орындау орнына, саяси ойынмен әуестенер болса, халық оны таратуды талап ететінін, ал өзі оны орындайтынын ескертті.
Мұндай мәлімдемені президент Отунбаева Жогорку кенеште 2010 жылғы маусымда Ош және Жалалабад облыстарындағы ұлтаралық шиеленістің себептерін анықтау жөніндегі комиссияның баяндамасын парламент ұзақ талқылап, онда кешегі билік дағдарысы кезінде жұмыс істеген Уақытша үкіметтің атына көптеген сын айтылып, ел басына туған қиындықтарды соған аударғысы келген пиғылдарға байланысты жасады.
Ұлттық комиссияны басқарған Әбдіғани Еркебаевтың баяндамасында Уақытша үкіметтің мүшелері Кенешбек Дүйшебаев, Болот Шерниязов, Исмайыл Исаков, Әзімбек Бекназаровтардың аттары аталып, оларға айтарлықтай айып тағылған. Парламенттегі көпшілік орны бар «Атажұрт» партиясының көсемі Қамшыбек Тәшиев «Уақытша үкімет жауапқа тартылсын» деген ұран тастады. Уақытша үкіметті айыптау – Бакиев билігі тәртібін ақтау деген сөз. Президент Отунбаева елде ескіні қайта оралтуды көздейтін, Уақытша үкіметтің жұмысын жоққа шығарғысы келетін, оның шешімдерін қайта қарағысы келетін күштердің барлығын айтып, оған жол берілмейтінін ескертті.
Ескі тәртіп күйреп, президент пен үкімет елден қашып кеткенде, Уақытша үкімет бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қиын-қыстау кезде жұмыс істегенін президент атап көрсетті. Мұндай кезде кемшіліктердің де болатыны бар, оған да түсіністікпен қараған жөн.
Роза Отунбаеваның парламенттегі сөзі белгілі дәрежеде біраз қайраткерлердің екпінін басқаны анық. Шын мәнінде саяси партиялардың басшылары әрең дегенде жұмысқа кіріскен парламентті бұрынғыдай саяси айтыс алаңына айналдырғысы, ал әупіріммен құрылған үкіметті ондағы өздерінің өкілдері арқылы қолшоқпарға айналдырғысы келетін сыңайлы. Сондықтан да олардың елді жаңа қасіретке ұшыратпауының бірден-бір жолы сол айтыс алаңынан айыру екенін ескертуі президенттің батыл қадамы деп бағалаған жөн-ақ.
Қазір елде тұрақтылық орнықтыру үшін де оған заңдық негіз керек. Оны жүзеге асыратын парламент. Сол заңдық негіздің жоқтығынан елде ұйымдасқан қылмыс етек алып отыр. Ал олармен күресуге міндетті құқық қорғау орындары адамдарының өзі заңға қайшы әрекет жасайды. Біраз жерде олардың зорлығына ұшыраған жастар Ауғанстандағы жасақшыларға барып қосылған көрінеді. Олар елге қарумен оралуы мүмкін, дейді президент Отунбаева. Ұйымдасқан қылмыспен күрестің қазір ел үшін шешуші маңызы бар. Соған байланысты заң да әзірленіп жатқан көрінеді. Бірақ ол парламент тарапынан қолдау таппаған.
АРАБ ӘЛЕМІНІҢ КӨШБАСШЫ ЕЛІ ЖОЛАЙРЫҚТА
Египет революция отына оранған. Каир көшесіне 2 миллиондай халық шығып, билікке қарсылығын білдірсе, ол жайдан-жай емес. Тіпті бұрынғы билік қалса да, жаңа билік келсе де, Египеттің алдағы жолы басқашарақ болары анық.
Араб әлеміндегі бүгінгі буырқану Тунистен басталды десек те, революциялық жағдай Египеттің өзінде қалыптаспаса, от тұтана қоймас еді. Халық қатыгез биліктен қажыған. Әңгіме Хұсни Мүбәрактың ұзақ билігінде ғана емес, сол биліктің мазмұнында. Биліктің халыққа тізесінің батқанында.
Мұны дәл қазір президент Мүбәрактың өзі де аңғарып отыр. Бірақ кеш аңғарды. Ол халыққа үндеу арнап, саяси ғана емес, экономикалық та реформа жасайтынын мәлімдеді. Соны дәл бүгін емес, бұрын жасауына болмас па еді. Уақыты да жеткілікті болды – отыз жыл аз мерзім емес, тым артық та дейді жұрт. Айталық, соңғы он жылда баласы Гамалды қалай да билік мұрагері етіп қалдыруды көп ойламай, қазір айтып отырған реформаларды жүзеге асыруына болар еді.
Оның қазіргі ісі суға кеткеннің тал қармағанындай әрекет. Отыз жыл ұмыт болған вице-президенттік лауазымға әскери барлаудың бастығы Омар Сүлейманды тағайындап, үкіметті ауыстыруы – сасқандық. Тіпті жаңа үкімет төрағасы, бұрынғы әскери-әуе күштерінің басшысы Ахмед Шафиктен жұмыссыздықты азайтып, экономиканы тұрақтандыруды талап етуі – ұзақ уақыт ел басқарған адамның сөзіне ұқсамайды. Бұл жедел шешіле салатын, қалтадан ақша алып бере салатындай оңай шаруа емес, біразға созылатын бағдарламалы жұмыстың нәтижесі ретінде келеді.
Хұсни Мүбәрактың тағы қатты шайқалып тұр. Оның онда қалуы екіталай. Тіпті биылғы күзде болатын президент сайлауына қатыспаймын, бірақ соған дейін биліктің тізгінін бермеймін дегені де орындалуы неғайбыл. Оппозиция оның дәл бүгін кетуін талап етіп отыр.
Оппозиция қазір бұл елде айтарлықтай күшке айналды. Әсте де бұл олардың күштілігінен немесе халық арасындағы беделінің жоғарылығынан емес, қалыптасқан жағдай оларға зор мүмкіндік ашып отыр. Халықтың билікке наразылығын олар өз мүдделеріне тиімді пайдаланып қалғысы келеді. Әйтпесе, қазіргі күнде оппозиция көсемдерінің ішінде ең беделдісі саналатын бұрынғы Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ) директоры Мохаммед әл-Барадеидің ел ішіндегі билікке араласы да шамалы болатын. Міне, енді елде қазіргідей жағдай қалыптасқан кезде ол билік тізгінін ұстауға белсенді кірісіп отыр.
Араб дүниесіндегі көшбасшы ел Египеттегі күрделі жағдай алдағы уақытта қандай бағытта өрбитінін дөп басып айту да қиын. Ең бір басты қасірет – көп жағдайдағыдай тартыс халық пен биліктің арасында ғана емес, халықтың өзі екіге жарылып, бірі президент Мүбәракты қолдаушылар және екіншілері оған қарсылар болып шайқасқа шығып отыр. Мұндайда оларға ынтымаққа шақырып, ықпал ету аса күрделі. Қарсыластар арасында шекара жоқ, олар араласып өмір сүріп жатыр. Мұндайда қарсыластар (жау демейік) алыстан емес, қасыңнан табылады.
Осындайда елдің мүддесінен гөрі өздерінің билікке жетуін көздеп, халықты қақтығысқа шақыратын арандатушылар белсенділігі күшейетіні белгілі. Египет қауымында қазір күні кеше тыйым салынған экстремистік күштер өздерінің бүлдірушілік қызметін жандандыра түсті. Жұрт бүгінде Мысыр еліне күдікпен де, үмітпен де қарайды.
Мамадияр ЖАҚЫП.