25 Маусым, 2016

Он алтыншы жыл

731 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
А Кастеевтин картинасыПрезидент Н.Назарбаевтың жүйелі түрде айтатын сөзі: Тыныштық. Татулық. Бірлік. Бәрі – тарихтың тағылымынан туған сөздер. Бәрі – ежелгі бабалардан екшеліп жеткен нұсқаулар. Тыныштықтың қадірін білген бабалар: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» депті. Тату елдің төбесі көкке жететінін де олар бізге өсиет етіпті: «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген екен. Бірлік болмай, тірлік болмайтынына әбден көзі жеткен ғұламалар «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» депті. Осы үш ұлы сөздің ұлағатты мысалы тарихымыздан да табылады. 1643 жылы Орбұлақ шайқасында жаудың 50 мың қолын қазақтың татулығы мен бірлігі жарасқан 700 жауынгері оқпана қазып жеңіске жетсе, 1726 жылы қазақтың үш аймағынан бас қосқан билер мен батырлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыраған елге қорған болып, Ордабасыда бас біріктірді. Бас біріктірген жерде қазақ ешқашан жеңілген емес. 2016 жылы осы үш ұлы сөздің жүзеге асуы арқылы қазақтың жүзі жарқын. Ал жүз жыл бұрын, яғни 1916 жылы қазақ қандай күн кешіп еді? Елді ақ патша билеген бодан заман еді. Әрі тәуелсіздігі жоқ, әрі тыныштығы жоқ халық­тың қалай быт-шыт болғанын жүз жыл бойы ұмыта алмай келеміз. Жаркент және Вер­ный уезін жайлаған халық көтерілісі жал­пы Қазақстандағы, оның ішінде Жетісу өлкесіндегі ерекше қырғын тапқан көтеріліс болды. Ұлы Мұхтар Әуезовтің оған үлкен мән беріп, «Қилы заман» атты шы­ғар­ма жазуы, сол көтеріліс жайында Ілияс Жансүгіровтің егжей-тегжейлі, жан-жақты, деректер жинауы тегін емес еді. 1916 жылдың дүрбелеңі – ұрпақ ұмыт­пайтын қасірет. Кезінде «үйін жар­лығы» атанған патша бұйрығы бойынша, әскер­дің қара жұмысына мұсылмандар алына­тын болады. Алдын ала түсіндіру жұ­мысы жүргізілмегендіктен, ол жар­лық­­­ты қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнген халық­­тары үлкен үреймен қарсы алады. 1846 жылы Ұлы жүз қазақтары орыс патшалығына бағынып, Қапалда қол қойғанда, патша оларды әскерге алмай­мыз, тек салық төлетеміз деп уәде берген екен. Сол уәде жазылған қағаз­ды Тезек төре­нің кереге басына мақта­ныш­­пен іліп қойғанын Семенов-Тянь­шаньс­кий өз естелігінде жазады. Сол уәде­ні есті­ген, білетін Ұзақ Саурықов «үйін жар­лығын» естігенде, «Патша уәде­сі­­нен тай­ды, сон­дық­тан өтірік айтқан оның жар­лығын орын­дамаймыз», – деп қарсы­лық білдіреді. Қазақ­тардың әскерге алу мен әскердің қара жұмысына салуды ажырата қоймағанын Ұзақ батырдың әлгі сөзі-ақ айғақтайды. Патшаның «үйін жарлығы» Жетісу өлкесіне кешеуілдеп, шілде айында жете­ді. Қарқара көтерілісінің алғашқы қақ­тығысы 3 тамызда Верный уезіне қарасты Асы жайлауында, Серікбай Қанаев бас­қа­ратын Қызылбөрік болысында, Серік­бай­дың өзі Қарқараға кеткен кезде болады. «Қызылбөрік ісі» аталған бұл қақты­ғыс патша жарлығына мүлде қатысы жоқ жағдайда ушығады. Мұқаметжан Тыныш­­паевтың берген түсіндірмесіне қара­ған­да, бір әйелге қырындаған орыс офи­цер оған өзінің «мықтылығын» көр­сет­пек болып, болыс хатшысына: «Қара жұмысқа алынатындардың тізімін әкел!», – деп бұйырады. Оған орыс хатшысы: «Тізім жасалынған жоқ. Серікбай болыс: «Мен келгенше жасамаңдар, деп кеткен», – деген жауап қайырады. Оған ашу­лан­ған офицер мәселені түсіндірмек бол­ған бір топ ақсақалды қамап тастайды. Ат­ты-жаяулы қазақтар сол арада қаптап кете­ді де, қаумалаған жұрттың екпінінен қорық­қан офицер тапаншасын аспанға атып қала­ды. Оны қате түсінген нөкерлері сол ара­да екі қазақты атып тастайды. Топ ішін­де тұрған аңшы қазақ жігіті де бір орыс­ты атып жібереді. Ақырында он­шақ­ты нөкерлерін ертіп әписер ауылдан қашып шығады. Сол бетімен Алматыға барып жазалау отрядын жетектеп әкеледі. Мәселенің ақ-қарасын ақыл-парасатпен шеш­пей, тек ашу-ызаға билеткен патша ше­неу­ніктері орыс пен қазақтың ара­сын тек жалған намысқа шабудың нәтиже­сін­де, өшіруге келмейтіндей өртке айналдырып жібереді. Қарқараға Подборковтың (Ақжелке) орнына басшы болып келген ротмистр Кравченко қара жұмыстың қыр-сырын ұға алмай дүрліккен елді сабырға шақырудың орнына бір аптаның ішінде тізім жасап бересіңдер деген үзілді-кесілді бұйрық береді. Өздерін ел деп, адам деп санамай отырған Кравченконың қылығына ызаланған Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір батырлар: «Бала өлгенше, шал өлсін! Бала бермейміз!», деген батыл шешім жасайды. 1916 жылы майданның қара жұ­мысына барған, одан аман оралған, қайт­пай қалған да қазақтар бар. Менің туған ауылым Ақжазықтағы Әкпірәжі деген ата­мыз­­дың Қалиақпар деген інісі де кетіп, бірақ содан оралмапты. Оқтан өлді ме, аурудан өлді ме ешкім білмейді. Соған қарағанда, Ұзақ батырдың: «Бала өлген­ше, шал өлсін», дегені дұрыс та. Кравченко: «Бастаушы топты қамап тастасам, басшысыз қалған жұрт жуаси қояды», – деп қателеседі. Әубәкір Сол­­тан­­­­­баев­тың бауыры Жақыпберді 800 қол­ды 12 тамызда Қарқараға бас­тап әкеп тұт­қында жатқан бауырларын құт­қа­рып ал­мақ болады, оған сол арадан тағы 200 адам қосылады. Солай болғанын осы оқи­ға­­­ның басы-қасында болған Іргебай Дәлден­баев ақсақал (сазгер Бейбіт Дәлденбаев­тың атасы), өз естелігінде анық жазған. Алайда, фон Берг 5000 қазақ қатысты деп сотқа берген түсініктемесінде асыра көрсетеді. Қарқараға беттеген мың қаралы қолды хорунжий фон Берг пен Моргунов дегендердің отряды қоршап алып қыр­мақ болады. Соны дер кезінде байқап қал­ған қазақтар аз шығынмен зорға қашып құтылады. Қарқара көтерілісі деп жүр­ген негізгі қақтығыс сонымен бітеді. Елдің жаппай қарсылығынан қорық­қан Крав­ченко жәрмеңкені өртеп, өзі түн­делетіп Қарақолға (Пржевальск) қашып кетеді. Орыс пен қазақ арасында айта қоярлықтай атыс-шабыс болмайды. Бірақ наразылық білдірген қазақтар, қазақ болғанда да албан тайпасының адамдары Верный уезіне қарасты Асыда, Түрген­де, Жаркент уезіне қарасты Қырғыз­сай­да, Көміршіде, Жалаңашта, Талды­бұлақ­та, Нарынқолда жаппай атқа қона­ды. Сондықтан бұл көтерілісті Қарқара көтерілісі деп атау тар шеңберді қам­ти­ды, дұрысы – Албан көтерілісі деп айту. Олардың басын бірік­тірген – өлсек те, тірілсек те бірге боламыз деген бауыр­малдық. Мемлекеттік мұрағаттың 90-қорында 29 жастағы фон Берг хорунжийдің сотқа берген түсініктемесі бар. Соны оқыған адам Қарқара көтерілісінің қалай қырғын­ға ұшырағанын анық-қанық ұғады. Оның айтуынша, орыс омарташыларын қазақтар жәбірлеп, мал-мүлкін тартып алып, өз­дерін жазалап жатқандығын айтып, со­лар­­ды құтқаруға Кравченко отря­дын жұм­­сайды. Ол межеге түнгі 12-ден ас­қан­­да жетеді. Ызалы қазақтар, шынында, Башарин, Зуев деген орыстардың омар­­та­­сын қиратып, оларды қорқытып қоқан-лоқы жасаған екен, бірақ бәрі дін аман, ешбірі өлмеген. Алайда, 28 адамнан тұратын отрядты басқарған хорунжий осыған ызаланып, таңғы сағат 5-те қазақ ауылының 2 күзетшісін өлтіреді. Олардың айқайынан оянып кеткен ауыл адамының 50-ін тағы қылышпен шабады. Не үшін? Екі омарташыны қорқытқаны үшін және ол екі омарташының орыс болғаны үшін. Бергтің өз ауылында ұйықтап жатқан «көтерілісшілерге» ызаланғаны соншама, таңғы 8-де екінші қазақ ауылына шабуылдап, нәтижесінде 80 адамның өлі денесін санап, 12 адамды жаралап, «жеңіске» жетеді, қалғандарын да қыруы мүмкін бе еді, кім біледі, бірақ олар тауға қашып кетеді. Қашып кеткендер, сөз жоқ, бала-шаға, қатын-қалаш. Ал ауылдағы үй-үйді ақтарғанда, 1 ауылдан 5 мылтық, икон, орыс әйелдерінің көйлегі, ал 2 ауылдан 2 мылтық табылды деп жазады. Көріп отыр­сыз ғой, мылтықтар қарсы шыққан адам­дардың қолынан емес, үйінен табыла­ды. Сонда мылтығын үйіне тығып қойып, өздері орыс әскеріне қарсы шық­қан қан­дай батыр көтерілісшілер? Орыс иконын, орыс әйелінің көйлегін қазақтар не қылмақ? Және оларды қайдан алған? Башарин мен Зуевтің ауылындағы иконды әкеліп үйіне сақтайтындай не жағдайлары бар? Тіпті, солай болған күннің өзінде 2+50+80 адамды өлтіріп тастауға солар себеп бола ма? Бергтің 28 адамының бірде-бірі тіпті жарақат та алмайды. Жара­қат ала­тын­дай жағдай да жоқ екені аңға­ры­лып тұр. Міне, тәуелсіздігі жоқ, қорғай­тын мемлекеті, әскері, заңы жоқ қазақтың халі 1916 жылы осылай болған. Фон Бергтің ашуы 132 қазақты өлтірген соң да басылмай, жол-жөнекей тағы 4 қа­зақ­­ты атып тастайды. Не үшін жазалап, он­дай «ерлікке» неге құлшынғанын мен тү­сі­не де алмаймын, түсіндіре де алмаймын. Фон Бергтің одан әрі не жазғанын қараңыз. 1916 жылдың 12 тамызында таңғы сағат 10-да Сынтас жақтан ақ ту көтер­­ген 500-дей адам келе жатқаны көрі­не­ді. Ақ ту көтерді деген сөз – «біз бей­­біт адамбыз» дегені. Бірақ Берг оған еш мән бермейді. Оларды көтерілісшілерге санай­ды. Өйткені, олар орыс емес. Олар­ды қырып салмақ болып тұрғанында Кравченкодан: «Шабуылдама. Кері қайт!», – деген бұйрық жетіп үлгереді. Ол бұйрық Бергке онша ұнамайды. Сағат 12 кезінде ешбір бұйрықсыз тауға көтері­ліп, мал-мүлкімен Сырт жайлауына қа­рай көшіп бара жатқан қазақтардың қаша­тын жолын кесіп, әй-шәй жоқ ақ ту көтер­ген, ақбоз атқа мінген қазақты өзі атып салады. Аттан екі қолын ербеңдетіп құлап түскенін сүйсіне анықтап жазады. Кейін қараса, өлген адамның мойнында Александр ІІІ-тің алтын медалы бар, болыс кісі екен. Оның аты-жөнін де анықтап жатпайды. Неге ақ ту көтеріп келе жат­қанына мән де бермейді. Болысты атып тастағанын көрген жұрт тұс-тұсқа бейберекет қаша жөнеледі. Берг «батырдың» отряды «көтерілісшілерді» қуып жүріп қылышпен шапқылап өлтіреді. Бұл жолы ол қанша «көтерілісшіні» шауып өлтір­­генін санамайды. Себебі, сай-сайда қуалап өлтірген қатын-қалашты санап шығу оған артық еңбек еді. Бірақ ротмистр Кравченкоға 10 мың мал, 40 түйеге артқан мүлік, әр үйірі жүз бастан тұратын екі үйір жылқы және ақша әкелгенін анық жазады. Ақша әкелгеніне қарағанда, өлген адамның қойны-қонышын ақтарған ғой, әрине. Ақшаны ешкім алақанына ұстап жатып өлмейді ғой?! 13 тамыз күні отрядтың 25 казак бол­ға­нын Берг анықтап айтады. Оған бөтен 7 ерікті қосылады. Қарқара жақтан тағы ақ ту көтерген топ адам көрінеді. Келіссөзге шақырып, ақ ту көтерген топты тағы тым-тырақай қуалап, қылышпен шапқылайды, «стали их рубить» дейді масаттанып. Олар Қарақол жақтан сауда жасап келе жатқан дүнгендер екен, бекерден-бекер 300-і қырылады, 11-і ғана тұтқынға алынады, 200 сом ақша жиналады. «Көтерілісті басу­дың» батырлығы осындай. 14 тамыз күні Қарқара отряды Қара­қолға қарай аттанады, жолда 8 адам­ды жай­пайды (их уложили). Одан кейін 23 адамды тағы өлтіреді. 15 тамыз қарсы­ластар 50-ден астам адамынан өлідей айырылады. 18 тамыз күні 3 қырғыздың көзін жояды. Тағы 14 адамды өлтіреді. 20 тамызда тағы ақ ту көтерген қыр­ғыз­дарды қырады. Сонан соң тағы бір тобын жайратады, тек біреуі ғана қашып құты­лады. Енді Берг қанша адам өлтір­генін санамайды да. 25 тамыз күні ақ ту көтер­­ген дүнген «бүлікшілерінің» 300-ге тарта адамын қылышпен шауып өлтіреді, арық­қа, қораға тығылғандарын тауып алып шабады. 28 тамызда және оған қосылған 4 ерік­ті жол бойы 40 қырғызды өлтіреді. Олар 7 мың қырғызға қарсы шығып әуелі 24 адам­ды атып тастайды. Содан соңғы шат­қалға тығылған 7 мың қырғыздың 50-і ғана тұтқынға түседі де, қалғаны сол арада қырылады. Сайдың іші толған өлік болғандықтан қайтарда жота-жотамен ғана жүре алдық деп жазады Берг. Бұл жолы 12 адамнан айырылғанын айтады. Бұл – Жетісу әскерінің 1- жүздігінің коман­дирі 29 жастағы хорунжий фон Берг­тің ғана әрекеті. Ол мұның бәрін 1916 жыл­дың 26 қазанында Верный аймақтық сотының тергеушісіне берген жазба жауабында көрсеткен. Біз 1916 жылғы көтерілісті басуға кел­­ген бір ғана фон Бергтің әрекетін ат-үсті баяндадық. Ал мұндай жазалау­шы Жеті­су жерінде қанша болғанын есеп­теп, түгендеп жатпадық. Оның бәрі мем­лекет­тік мұрағатта сақтаулы. Жүз жыл бұрын өтіп кеткен жағдайды білу бізге не береді? Анау кінәлі, мынау кінәсіз деп баға бергеннен не ұтамыз? Бәрі өтті, кетті, енді оны ешкім түзете алмайды. Кезінде ондай қырғынды қолдан келсе болдырмау керек еді, қолдан келмеді. Өйткені, тәуелсіздігі жоқ халықпен би­леу­­ші елдің басшылары санаспады. Бізге бүгінгі керегі – өткеннен сабақ алу. Осы­дан келіп, бүгінгі тәуелсіздіктің құны мен бағасы анықталады. Бодан ел­дің бір Бергтен шеккен азабы осындай, ал Қар­қара көтерілісін басу үшін, Таш­кенттен, Алматыдан, Жаркенттен жазалау отрядтары келгенін білеміз. Олар­дың бірде-бірі татулыққа, бірлікке шақы­рып келген жоқ, тек басып-жаншуға келді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне көңіл аударайықшы: онда да Мәскеуден, Ново­сібірден, Қырғыздан тағы жазалаушы­лар келді. 1916 жылдың оқиғасына ішкі де, сыртқы да әрекеті айнымай ұқсайды. Бергтің күн-түн демей қыруынан қазақ­тар 1916 жылдың күзінде Қытаймен шек­арада аштықтан, панасыздық­тан жаппай қырылса, 1930 жылы зорлап колхоздас­тырудан да қазақтар дәл солай қырылды. Бәрі ұқсас. Себебі, тәуел­сіздіктің жоқтығы – қандай саясатпен алдасаң да ұқсас. Біз 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында тәуелсіздігімізді сақтап қалдық. 1723 жылмен 1758 жылға дейін 35 жылға созылған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңында да тәуелсіздігімізді сақ­тап қалып едік. Бірақ, әлсірегендіктен, ішкі алауыздықтан, бірліктің, татулықтың болмағандығынан ақыры тәуелді елге айналдық. Орбұлақтың, Ордабасының, Қалмаққырылғанның, Аңырақайдың, Ойрантөбенің ұлы жеңістері түпкі нәти­жеге қолымызды тиянақты түрде жеткізе алмады. Себебі, Бірлік, Татулық саясатын ұстанған басшыларымыз да, батырымыз да болмады. Батырлар батырлығын жасап өледі. Ал батырдың ерлігін саясат көре­ген­дігімен үйлестіре алатын басшы болмаған соң, бәрі бекер болады екен. Сондықтан нәтижеге жету жолында құрбан болған батырларымызды шын пиғылмен ардақтағымыз келсе, онда бүгінгі тәуелсіздігіміздің әр күнін қадір­леп өтуге тиіспіз. Өйте алмасақ, елсүйгіштігімізге сын. Бұл күнде тәуелсіздік қара күшпен сақталмайды.Тек біліммен, ақылмен, ішкі және сыртқы татулықпен, білгір саясатпен сақталады. Орбұлақтың, Ордабасының, Қалмаққырылғанның, Аңырақайдың, Ойрантөбенің тағы-тағылардың өтеуі –тек Татулық, Бірлік, Тыныштық! Оларды сақтау да ерлік. Жоғарыдағы фон Бергтің және мұра­ғатта сақталған басқалардың қылы­ғынан нені көруге болады? Ең басты көретініміз: патша шенеуніктері әу бастан-ақ дұрыс саясат ұстанбаған. Олар қазаққа деген өш­пенділік туғызуды ғана ойлаған. Сөйтіп, қазақтарды жаппай жамандаған. Ал жаппай жамандау – соғыс саясаты. Аямай жаман­даған адамдарды аямай қыруға болады деген сөз. Ақыры халықтар арасын­дағы татулық ойран болып, ол ақыры қазақтың аяусыз қырылуына әкеп соқты. Қорғансыз халықты орыс бір қорласа, қалмақтар тағы қорлады. Дәрменсіз жұрт көз алдында зорланған қызына, қорланған әйелі мен келініне ара түсе алмады. Ол аздай, орыс қаны төгілген Қарақол, Қарқара өңірі­нен орыс автономиясын құруға Жеті­су облысының әскери губернаторы М.А.Фольбаум бұйрық шығарды. Осындай қилы заманда патша үкіметі құлап, орнына Уақытша өкімет орнады. Қытайға қашқан қазақтарды уақытша өкімет (Керенский өкіметі) өз Отанына қайтарды. Қайта оралған қазақтар мен орыстар арасындағы атыс-шабыс тыйыла қоймай орыстар «екі аяқты киік атамыз» деп қазақтарды әр қалтарыста өлтіріп кете бастап еді, оны Кеңес өкіметі тоқтатты. Ол тарихты боямалауға, бұрмалауға қақымыз жоқ. Тек одан сабақ алуға тиіспіз. Тыныштық, татулық, бірлік сырттан да, іштен де бұзылады. Бұрын қазақты басқа жұрт казак пен қазақтың тектес екенін танытпау үшін, «қырғыз», өзгеден кем екенін көрсету үшін «варвар» – жабайы, мәдени өмірден алшақтығын таныту үшін «туземцы» – түзде өмір сүретін­дер деген сипатта айтқаны мысал болады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», дейтін Абайдың ой биіктігіне әр адам да, халық та әлі көтеріле алмай келеді. Ағайын арасының тыныштығын, тату­лығы мен бірлігін сақтай алмай жүр­ген адамдар ұлт тыныштығын ойлай ала ма? Тайпаның, рудың қамынан аса алмай жүрген адамдар мемлекеттің қамын қалай жейді? Ана жақтың адамы, мына жақтың адамы деп, бір қазақты алалап жүрген адамдардың мемлекетінің бірлігін ойлауға өресі жете ме? Тәуелсіздік алғалы 25 жыл өтсе де, не баласын, не немересін қазақ мектебіне бермей жүргендерге қазақ тілінің қадір-қасиетін қалай үйретуге болады? Өйт десең, зорлады дейді, бүйт десең, жеке басымның құқығы, өзім білемін дейді. Бір-бірін тыңдамайтын, мойындамайтын, соны тәуелсіздік санайтын жандарды мем­лекеттің билігінде ұстау оңай ма. Білуге ұмты­лу­дың орнына бүлдіру арқылы аяқ­тан шалғысы келетін адамдарға ауызбір­лік­тің елге де, оған да қажет екенін қалай ұқтыруға болады? Осының бәрін ушық­ты­рып алмай басқару қалай оңай болмақ? Бүгін біздің мемлекетте тыныштық бар, татулық пен бірлік бар. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бірақ қазақтың бәленбай пайызы әлі қазақ тілінде сөйлемейді. Оқымайтыны одан да көп. Өз атын қазақ тілінде жазып бере алмайтыны тіпті мол. Соған кім кінәлі? Қазақша мектеп ашылып жатыр. Алайда, Алматыдағы орыс мектептерінің жартысынан көбі – қазақ балалары. Рас, орыс тілінсіз, ағылшын тілінсіз біз болашақта әлемдік байланысқа шыға алмаймыз. Ол бірақ қазақ тілін білмей-ақ қой деген сөз емес қой?! Үш тілді де білуіміз керек. Бірақ ең әуелі өз тілімізді – қазақ тілін меңгеруіміз қажет. Қазақ тілін үйрену арқылы ғана, өзге тілді өз тілімізбен салыс­тыра отырып қана әлемдік байланысқа көтерілуіміз керек. Соның бәрі біздің ішкі татулығымыз бен бірлігіміздің арқасында ғана жүзеге асады. Менің өз ойым бойынша, қазақ балалары бастауыш мектепті өз ана тілінде оқығаны дұрыс. Сонда білімнің іргетасы өз тілінде қаланған бала өзге тілді оңай үйренеді. Өйткені, әр елдің тілін өз елінің тілімен салыстыра отырып үйренеді. Өйтпесе, өз тілінен гөрі өзге тілдің ықпалына ауып кетуі әбден мүмкін. Содан барып ондай баланың отансүйгіштігі, елсүйгіштігі күңгірт тарта бастайды. Тыныштық, татулық, бірлік бізге осы мәселелердің ең дұрыс, ең тиімді жолын таба білу үшін қажет. Туа қалған пікірталастар жаулық саналмай тілеулестік саналуы да татулығымыз бен тыныштығымызды бекіте түседі. 1916 жылы елдің тыныштығы татулығы мен бірлігі әуелі жоғарыдан – патшадан, сонан соң сырттан, яғни қазақты жабайы, надан санаған шенеуніктер тарапынан бұзылды. Оған қазақтың өз ішіндегі білім, түсінік дәрежесінің әрқилылығы да үстеме болды. Тәуелсіздіктің 25 жылында біз ты­ныш­­­тық пен татулықтың, бірлік­тің дос қызығатын, дұшпан қызғанатын­дай ірге­­тасын қалай білдік. Тек оған тоқ­мейіл­сі­мей, тынымсыз дамыту, ны­ғайту әрбірі­міз­дің азаматтық міндетіміз. Ашу-ызаға, кектенген, жеккөруге ерік берген адам ақылынан айырылған адам­мен бірдей. Бейкүнә әйелді зорлап, қасын­дағы балаларын қорлап, сонан соң өлтіріп кетуі; Тасашы деген жерде бір еркекті өлтіріп, сол күйі ағашқа іліп кетуі; киіз үйде жаңа босанып жатқан келіншекті жас нәрестесімен және қасында отырған енесі­мен қоса өртеп жіберуі мұның бәрін сабыр сақтаған адамның ісі деу – өте қиын. Сон­дықтан елдің ауызбірлігін, амандығын ойлаған адам ешқашан ашу-ызаға, кекке ерік бермеуі керек. Тек тыныштықты, бірлікті, татулықты сақтаған басшы ғана елдің бейбіт дамуына, білім алуына, мәде­ниетін өркендетуіне шексіз мүмкіндік жа­сай­­ды. 1916 жыл мен 2016 жылды салыс­­тыр­­­ған­да, біздің көзіміз осыған анық жетеді. Қазақта: «Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама» деген сөз бар. Бір қарағанда бәлендей айшықты сөз емес. Алайда, астарына мән беріп қарасаң, «Бір- біріңнің бас араздығыңа бола еліңнің тәуелсіздігін тәлкекке салма!» деген тәлім шығады. Біз ұстанатын басты бағдар – осы. Өмірде кім-кімге ренжімейді? Ауылдың, ауданның, облыстың әкімі, елдің сан түрлі министрі мен басшысы бар. Солардың бәрі бізді риза қылып жүрген жоқ. Бірі білімсіз, бірі мейірімсіз, тіпті мәдениетсізі де кездеседі. Олардың білмегендеріне өкпелеп, ғасырлар бойы төгілген тер мен шашылған қанның өтеуімен келген Тәуелсіздігімізді шайқалтуға қақымыз бар ма? Әр жағдайды кеңінен қарап, өткіншісіне бола бірлігімізді шайқалтпай, оған білімділікпен тежеу сала білгеніміз дұрыс. Азаматтық дегеніміз меніңше, сол. Жарты әлемді жаулап алған Шыңғыс хан тарихына қараңыз. Жалайыр, найман, керей, меркіт, қоңырат, татар, тағы басқа түрік тайпаларының басын қосып Шыңғыс хан құрған күшті мемлекеттің де түбіне сол бөліну жеткеніне тарих куә. Жаулап алған жерін төрт баласына бөліп берді. Төртке бөлінген елі ешқашан қайта бірікпеді, бірте-бірте бәрі ыдырады. Шыңғыс ханның айтулы немересі Бату құрған Алтын Орданы қараңыз. Еділ бойына, Қырым жеріне қаншама түркі қаласын салды. Өзбек ханның сыйлы қонағы болған арап саяхатшысы Ибн Баттутаның жазуынша «тезек» дейтін отын жағатын Алтын Орда халқының астанасы Сарай қаласының кө­шесі атпен жүргенде жарты күннен ас­там уақыт алатын ұзын екен. Царацин, яғ­ни мұсылман халқы тұратын Сарай қаласы­ның көлемі, кейінгі зерттеушілердің анық­тауын­ша, 35 шаршы шақырым (км) болған. Бұл сол кездегі әлем қалаларының ең ірі­сі­нің бірі деген сөз. Сондай үлкен аста­на­сы, Аштархан, Сарайшық секілді ірі-ірі қаласы, Қырымға дейін созылған ұлан-байтақ даласы болған сол Алтын Орда халқы бірлік пен татулықты сақтай алмағандықтан, өзі билеп отырған елге сіңіп, жойылып кетті. Керей хан мен Жәнібек бөлініп қазақ хандығын құрды. Бүкіл Еуропаға үрей туғызған Осман империясы да ыдырай-ыдырай, содан Түркия ғана қалды. Қарап отырсаң, бүлінудің бәрі бөліну­ден басталады екен. Ал әрбір бөліну өз кезінде қажеттіліктен туады. Өйткені, ұлан-байтақ жерді бөлмей басқару мүмкін емес. Демек, бәрінің де шегі бар. Мемлекеттің бірлігі бүлінсе, бара-бара бәрі бүлінеді. Сондықтан бірге болған ел ғана ортақ бақытқа қол жеткізеді. 1916 жылы жүздеп, мыңдап қырыл­ған қазақты әлем түгіл өз қазағы да естіп-білмеген, ал 2016 жылы бір адамның қастандықтан өлгенін бүкіл әлем біледі. Заман өзгерді, әлем өзгерді. Қазақ та әлемдік ой-санадан қалыспауы қажет. Біздің елде көп ұлт пен халықтың өкілдері тұрады. Сондықтан еліміздің тыныштығы мен татулығы, бірлігі тек қазақ пен қазақтың емес, сол ұлт өкілдерінің өзара татулығы мен түсіністігінен де тұрады. Бір халықты екінші халыққа айдап салу саясатының кесапатынан 1916 жылы фон Бергтің отрядындағы Айса деген тараншы қазақ ауылын аяусыз қырып-жоюға айрықша белсенділікпен қатысады. Ондай саясаттың қазаққа да, тараншыға да опа бермегенін бүгінгі ұрпақ тарихи тәліммен түсінуі тиіс. Ал түсінік өз-өзінен келе қалмайды. Оған жету үшін, білім, мәдениет қажет. Білім алу үшін, мәдениетке жету үшін, сөз жоқ, елдің тыныштығы, ауызбірлігі мен татулығы керек. Осының бәріне ой сап қарасаң, дұрыс саясат дегеннің бағасын біле түсесің. Соғыс, араздық орнаған жерде ағайындыққа, бауырмалдыққа орын жоқ екенін біз ешқашан естен шығармауымыз керек. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді қазақ. Сол сөздің шын­дығына қараңыз: жүз жыл бұрын, 1916 жылы, бір халықты екінші халық кемсітіп, «екі аяқ­ты киік» деп аңға теңесе, қазір, 2016 жылы, Қазақстанда тұратын барша жұрт Қазақ­стан халқы Ассамблеясының аясында отан­дас, жерлес болып, бір ша­ңы­рақ­тың ас­тын­да  өмір сүруде. Даму, іл­герілеу деген – осы. Кез келген мемлекет елді басқару ісін ыңғайлы жағдайға келтіру үшін, облысқа, штатқа, тағы басқаға бөледі. Бұл әкімдік бөлу. Олардың бағдарламасы, мақсаты, жоспары – бәрі ортақ, бәрі бір мүддеге бағынған. Ал бір мемлекетті руға, тайпаға бөлу өте қауіпті. Руға бірігу, тайпаға топтасу тарихтың белгілі кезеңінде ілгері­леу үрдісіне жатты, ал қазіргі кезеңде, бар­лық мүмкіндікті мемлекет мүддесіне жұ­мыл­дыру қажет жағдайда, руға немесе тай­паға бірігу халықтық мүддені ұсақ, жеке мүдделерге бөлшектеп жібереді. Сон­дық­тан зиянды. Бұл, философияның тілімен айт­қанда, бекерлеуді бекерлеу заңына жатады. Яғни, бір кезде тиімді болған жағдай енді тиімсіз, сондықтан ол бекерленуі тиіс. Нақтылап айтқанда – бір кезде бірігуге жатқан әрекет енді бөлінуге әкелетін болды. Яғни, ру, тайпаға бірігу мемлекеттің бірігуін тежейді, тіпті әлсіретеді. Ру-тайпаның бірігуін барлық мемлекет басынан кешкен. Ол – олар үшін өткен шақ. Біз де сөйтуге міндеттіміз. Оны жүзеге асыру – ең алдымен зиялы қауымның міндеті. Борышы десем де болады. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегенді бабаларымыз бекер айтпаған. Соны біз тезірек түсініп, тезірек қолға алсақ, солғұрлым мемлекетіміз тезірек нығаяды. Қазақ жеті атаға дейін бір-бірімен туыс, қыз алыспайды. Одан асқан соң бәрі бір елдің, бір ұлттың, бір мемлекеттің адамы. Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­­лі­сіне, оның ішінде Жетісудің ең шетін­дегі Қарқара көтерілісіне 100 жыл толып отыр. Оған қоса, Желтоқсан көтері­лісі­не – 30 жыл. Тәуелсіздікке қол жет­кіз­­­гені­мізге – 25 жыл. Бәрі – тарих­тың қа­­сиет­­­ті кезеңі. Соларды салыс­тыра, байы­­­­бы­на жете қарағанда, тәуелсіз­діктің құны мен бағасы айқындала түсе­ді. Пре­зи­­­­дент Н.Назарбаевтың неге «Ты­ныш­тық!Татулық! Бірлік!» деп жиі айта­ты­нын жан-тәнімізбен түсінетін боламыз. Ал түсі­­ністік бар жерде Татулық, Тыныштық, Бірлік міндетті түрде болады. Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АЛМАТЫ *1916 жыл эскиздері. Ә.Қастеев  картинасынан көшірме
Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше