ШЫҰ-ның мерейтойлық кеңесі оның халықаралық қоғамдастықта беделі өсіп, мәртебесі артып келе жатқанын айғақтап берді
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек саммитке ұйымның биылғы төрағасы Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сонымен қатар, ұйымға төрағалық еткен елдің арнайы шақырылған құрметті қонағы ретінде Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов, байқаушы мемлекеттер ретінде Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғани, Пәкістан Республикасының Президенті Мамнун Хусейн, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Моди, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Джавад Зариф, Моңғолия Президенті Цахиагийн Эльбэгдорж, ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов, ШЫҰ-ның Терроризмге қарсы өңірлік құрылымы атқарушы комитетінің директоры Евгений Сысоев қатысты.
Ауқымды жиынға қатысқан беделді қонақтардың арасында БҰҰ, ҰҚШҰ, ТМД, АСЕАН, АӨСШК ұйымдарының да өкілдері болды.
Осыдан 15 жыл бұрын құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы соңғы жылдар ішінде өңірлік деңгейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамыған көп салалы, жетекші ынтымақтастық ұйымдардың біріне айналды. Қазіргі таңда ол өзінің саяси-дипломатиялық сипатына сәйкес, тұрақты түрде нығайып келеді. ШЫҰ оған мүше мемлекеттермен ғана емес, әлемдегі БҰҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ секілді беделді ұйымдармен де арадағы өзара ықпалдастығын жандандыра отырып, өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мәселелерімен қатар, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды дамыту жайын да үнемі назарда ұстап отырады.
Әрине, ауқымды ұйым болғаннан кейін түрлі сипатта қиындықтар туындап, кедергілер де кездесуі мүмкін. Соған сәйкес, пікірталастар да орын алып жатады. Алайда, сарапшылар «қандай да бір қарама-қайшылықтарға негізделген пікірталастар орын алғанымен, серіктес елдің ұстанымдарына құрметпен қарай отырып, әр ел өзінің ұлттық көзқарасын қорғайтын болса, бұл да белгілі бір деңгейде ұйым қызметін тиімді үйлестіруге ықпал ететінін» алға тарта отырып, бұл өз кезегінде ШЫҰ аясында атқарылатын іс-шаралар ырғағының артуына сеп болатынын айтуда.
Өзбекстанда бас қосқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі алдымен шағын құрамда өтті. Жиынды ашқан ШЫҰ-ға төрағалық тізгінін ұстаған Өзбекстан Президенті Ислам Каримов ұйым жұмысын жандандыру бағытындағы стратегиялық тетік уақыт өткен сайын нығайып келе жатқанын, бұл өз кезегінде ШЫҰ беделінің артуына ықпал ететінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Өзбекстан мемлекеті ұйымға төрағалық ету кезінде ұйым аясында атқарылған іс-шаралардың нәтижелі болуына барынша күш салуға тырысқан.
ШЫҰ шеңберінде маңызды құжаттар әзірленді, Өзбекстанның ұйымға төрағалық етуі аясында өткізілетін негізгі жиын-басқосулардың мерзімдері белгіленді, Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ның толыққанды мүшесіне айналу үдерістеріне қатысты жұмыс жоспары бекіді. Жалпы, Өзбекстанның ұйымға төрағалығы кезінде 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бүгін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қарауына өте ауқымды әрі маңызды құжаттар тізімі ұсынылады. Бұл құжаттар – ұйымның барлық органы мен құрылымдарының, мәселен, Ұлттық үйлестірушілер, Үкімет басшылары, Сыртқы істер министрлері деңгейлеріндегі кеңестердің бірлескен күш-жігері мен олардың осы күнге дейін атқарған қыруар жұмыстарының нәтижесі. Бұған біздің елдеріміз сарапшыларының, министрліктерінің, түрлі ведомстволарының да жұмыстарын қосуға болады. Міне, осындай ортақ күш біріктірудің арқасында мемлекеттер басшыларына ШЫҰ-ның 15 жылдығына сәйкес келген Ташкент декларациясы, ұйымды 2025 жылға дейін дамыту стратегиясын жүзеге асыруды көздейтін жұмыс жоспары ұсынылатын болады. Бұл құжаттар ұйымның мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда басты бағыт-бағдар болып қана қоймай, оған сенімді саяси негіз қалары анық. Сонымен қатар, бұл құжаттар ұйымның халықаралық ұйымдардағы беделінің артуына да ықпал етері сөзсіз. Бүгін Үндістан мен Пәкістан ұйымның толыққанды мүшесі мәртебесін иеленулері үшін олардың негізгі міндеттері көрініс тапқан меморандумға қол қойылуы ұйым дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ. Жасыратыны жоқ, бұл құжаттарға қатысты келіссөз үдерістері өте күрделі сипатта өрбіді. Оны мойындауымыз керек. Сонымен, келіссөздердің нәтижесінде біз барлық қиындық пен кедергіден өтіп, кейбір қарама-қайшылықа толы көзқарастарымызды бір шетке ысырып қойып, ортақ пікірге келдік. Оған ШЫҰ-ның ортақ стратегиялық мақсат-міндеттерін басшылыққа алғанымыз ықпал етті, деді И.Каримов.
Бұдан кейін шағын құрамдағы отырыс кеңейтілген құрамда жалғасты. Өз сөзінде Өзбекстан Президенті 15 жыл бұрын құрылған ұйымның беделі күн өткен сайын артып келе жатқанын түрлі мысалдармен дәлелдей келе, ұйымның алдағы қызметінің де маңызды да нәтижелі болатынына сенім білдірді. Бұдан кейін ол сөзді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.
Қазақстан Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев алдымен жиынға қатысушыларды ұйымның 15 жылдық мерейтойымен құттықтады. Мемлекет басшылары кеңесінің биылғы отырысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарихындағы маңызды даталар тұрғысынан алғанда айрықша мәнге ие. 20 жыл бұрын Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары жаңа көпжақты өңірлік үнқатысу тетігін іске қосты, деді Н.Назарбаев. Бұл ретте, Қазақстан басшысы Шанхайда қол қойылған шекаралар аудандарында әскери саладағы сенімді нығайту туралы бірегей келісім «Шанхай үдерісінің» басталуына түрткі болғанын еске салды. 2001 жылы ШЫҰ-ны құру туралы декларацияның қабылдануы ХХІ ғасырдағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге жаңа әдістер іздеуде салыстырылып, тексерілген қадам болды. Біздің кездесуімізге қатысушылардың барлығын және қонақтарды ұйымымыздың 15 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіздер, деді Н.Назарбаев.
Бұдан кейінгі кезекте Елбасы Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимылы туралы мәлімдеме қабылдау қажеттігіне тоқталды.
Жаңа ахуал өңірлік, сонымен қатар, жаһандық ауқымдағы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда біздің ұйымның тиімділігін арттыруды талап етеді, деді Н.Назарбаев. Осы ретте Қазақстан Президенті бұл сын-қатерлерге ШЫҰ-ның дәлме-дәл жауабы 2016-2018 жылдарға арналған «зұлымдықтың үш күшімен» күрестегі ынтымақтастық бағдарламасын тиімді жүзеге асыру бола алатынын баса айтты. Біз ШЫҰ-ның халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдемесін әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз. Экстремизммен күрес бойынша ШЫҰ конвенциясын әзірлеп, қабылдау өзекті қадам болып көрінеді. Діни экстремизм бейбітшіліксүйгіш исламмен және басқа да діндермен теңестірілмеуі маңызды, деді Қазақстан басшысы.
Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың мамырында Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткізілген «Дін бейбітшілік үшін» атты жоғары деңгейдегі үнқатысуына бастамашылық жасап, Астанада «Діндер терроризмге қарсы» деп аталатын халықаралық конференция өткізгеніне тоқталды. Сонымен бірге, ол Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 2017-2020 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оның іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды жақтайтынын айтты. ШЫҰ мен Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының «Есірткіге қарсы біргеміз» бірлескен алдын алу акциясын өткізуді ұсынамыз, деді бұл орайда Қазақстан Президенті.
Кеңесте сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев Үндістан мен Пәкістанның ШЫҰ-ға қосылуы оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлінің жоғары екенін көрсететіндігін жеткізді. Үндістан мен Пәкістанның біздің ұйымға қосылуы ШЫҰ дамуының сапалы жаңа кезеңін паш етіп, оның халықаралық аренадағы беделі мен рөлін көрсетеді. Алдағы жылдары Иранның ШЫҰ қатарына қабылдануы да біздің өзара іс-қимылымызды кеңейте түсетін болады, деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қатарына жаңа елдердің қосылуы нәтижесінде ұйым Еуразия аумағының 65 пайыздан астамын, Жер шары халқының 45 пайызын және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 19 пайыздан астамын біріктіретіндігін айтты. Осыдан біраз уақыт бұрын мен Біріккен Еуразиялық экономикалық кеңістік құру бастамасын көтердім. Бұл ретте негізгі элемент Жібек жолының тарихы бағдарын жандандыру жолымен Еуразиялық желілік орталықтарын инфрақұрылымдық біріктіру болып саналады, деді Елбасы өзінің сөзінде.
Өзбекстанда өткен кеңес барысында Қазақстан басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен байқаушы елдерді біріктіретін Еуразиялық транзиттік-көлік хабын құру қажеттігін айтты. Қазақстан Президенті өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай тарапының «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасын байланыстыру ынтымақтастықтың ауқымды болуына жол ашатынын жеткізді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен байқаушы елдерді біріктіретін Еуразиялық транзиттік-көлік хабын құруды ұсынамын, деді Н.Назарбаев. Қазақстан басшысы, сонымен қатар, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай тарапының «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасын тамаша үйлестіретін «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіп кеткенін айтты.
Нұрсұлтан Әбішұлы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету ШЫҰ аясындағы Еркін сауда аймағын құру шарттарын қамтамасыз ететінін атап өтті. «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әлеуетін белсенді іске қосу дер мезгілінде жүргізіліп жатқанын айта келе: «Ол тәуелсіз заң жүйесі мен жеңілдікті салықтық режімі бар өңірлік қаржы-инвестициялық хабқа айналуы тиіс», деді. Сонымен бірге, өңірдегі макроэкономикалық дамуды ынталандыру үшін Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкінің мүмкіншіліктерін пайдаланудың маңызды екенін айтты. Сауда-экономикалық және қаржы-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету болашақта ШЫҰ аясында Еркін сауда аймағын құру үшін қажетті шарттарды қамтамасыз етеді, деді Н.Назарбаев бұл ретте.
Қазақстан басшысы егер Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланса, қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді. Өңірлік және халықаралық мәселелер тақырыбын қозғай келе, ШЫҰ-ның сыртқы шекарасы бойында шиеленіс ошақтарының сақталып отырғанын атап өтсем деймін. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Ауғанстандағы тұрақтылықты қолдау маңызды, деді Н.Назарбаев. Осы ретте ол Кабулдың жалпыұлттық үнқатысуды жолға қою және саяси реформа жүргізу бойынша шараларына қолдау білдіретіндігін баса айтты. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарттың қатысушысы ретінде Қазақстан КХДР-дің ядролық бағдарламасы бойынша алтыжақты келіссөзді жандандыруды қолдайды. Толықтай алғанда, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланатын болса, онда қауіпсіздікті нығайту мәселелерін белсенді ілгерілетуге ниетті, деді Қазақстан Президенті.
Сөзінің соңында Н.Назарбаев ШЫҰ-ның келесі саммиті 2017 жылдың маусым айында Астанада өтетініне тоқталды. Қазақстан өзіне жүктелген зор жауапкершілікті сезіне отырып, алдағы жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудің жоғары миссиясын өзіне қабылдайды. Біз осы жылдар ішінде өзбек тарапы атқарған ауқымды жұмыстарды жалғастыруға, ШЫҰ-ны дамыту мен нығайтуға өз үлесімізді қосуға, оның әлемдегі рөлі мен беделін арттыруға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті, осы орайда, Қазақстанның төрағалығы кезіндегі басымдықтар ретінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзиттік-көліктік әлеуетті арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелерін атады. Қорытынды шара 2017 жылдың 8-9 маусымында Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті болмақ, дей келе, Нұрсұлтан Әбішұлы жиынға қатысқан мемлекет басшылары мен қонақтарды келер жылы Қазақстанға келуге шақырды.
Қазақстан Президентінен кейін сөз алған Қытай Халық Республикасының Төрағасы
Си Цзиньпин өзара түсіністік пен сенімге құрылған ұйымның ғұмыры ұзақ болатынын, бұл ретте, ШЫҰ-ның беделі барған сайын өсіп келе жатқанын атап өтті. Заман жаһанданған сайын жаңа қауіп-қатерлердің өрістей түсетіні даусыз, сондықтан, ұйым аясындағы жұмыстарды одан әрі жүйелендіре түсіп, ортақ міндеттерді бірлесе шешудің жолдарын қарастыруды жалғастыра бергеніміз жөн, деді Қытай Төрағасы.
Қырғызстан Президенті
Алмазбек Атамбаев бірлескен күш-жігердің арқасында әлемді алаңдатқан терроризм мен экстремизм секілді «кері құбылыстарға» бірлесе төтеп берудің мезгіл өткен сайын өзектілене түскеніне тоқталды. Мұндай жағдайда ұйымға мүше елдер өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстарды ширата түсуі керек. ШЫҰ құрылған күннен бері оның аясында атқарылған жұмыстардың серпіні артқандығын айтқанымыз жөн. Алдағы уақытта біз тұрақтылық пен қауіпсіздік сынды өткір мәселелерден бөлек, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағыттағы іс-шараларды да нәтижелі түрде жалғастыра беретін боламыз деп ойлаймын, деді Қырғызстан Президенті.
Ресей Президенті
Владимир Путин 15 жылдың бедерінде ұйымның беделі де өскеніне, ал құзыретінің салмақтана түскеніне тоқталды. Бұл ұйымның өзара сенімділік пен түсіністік, тең құқылық секілді қағидаттарға негізделіп келе жатқандығы қуантады. Ұйымның әлем халқының 45 пайызға жуығын қамтып отырғаны көп нәрсені аңғартады. Бұған Үндістан мен Пәкістан елдерінің ұйымның толыққанды мүшесіне айналуына барынша ұмтылғаны дәлел бола алады, деді Ресей Президенті. Өз сөзінде ол, сондай-ақ, терроризмге қарсы құрылымның жаңа тетіктерін жүзеге асырудың қажеттілігін уақыт дәлелдей түскеніне тоқталды.
Тәжікстан Президенті
Эмомали Рахмон Шанхай ынтымақтастық ұйымына жаңа елдердің мүше болуы қызмет ету пішімінің жаңаша сипатқа ауысуына, бұл сәйкесінше, оның ықпалының артуына да сеп болатынын жеткізді. Ұйымның басты стратегиясы оның бүкіл кеңістігіндегі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауға негізделген. Қарулы қақтығыстар мен түрлі сипаттағы шиеленістердің, соғыс өртінің өршуі, терроризм мен экстремизмнің күш алуы жағдайында ШЫҰ-ның қызмет ету тетіктерін де нығайту қажеттігін уақыт дәлелдеп отыр. Ендеше, біз бұл бағытта бірлесе күш біріктіруді жалғастыруымыз керек. Бұған қоса, көлік-коммуникация саласының дамуы елдердің сауда-экономикалық бағытта дамуына ықпал етері анық. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселесі де жақсы жолға қойылған, деді Э.Рахмон.
Жиын аясында сөз алған Пәкістан Президенті
Мамнун Хусейн мен Үндістан Премьер-министрі
Нарендра Моди ұйымның толыққанды мүшесіне айналуына сенім артып, қолдау танытқандары үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, ұйымның Қазақстанда өтетін келесі саммитінде өз елдерінің ұйымның тең құқылы мүшесі болатынын, ШЫҰ-ның толыққанды мүшесіне айналу оның қызметін жандандыруға сеп болатынын атап көрсетті.
Ұйымның Терроризмге қарсы өңірлік құрылымы атқарушы комитетінің директоры
Евгений Сысоев ұйымның қауіпсіздік пен тұрақтылыққа негізделген стратегиясын жүзеге асыруға сәйкес, 2015 жылы ШЫҰ-ға мүше елдердің тиісті органдары жүргізген нәтижелі жұмыстардың арқасында террористік және экстремистік сипаттағы 167 қылмыстың алдын алу мүмкін болғанын жеткізді. Бұған қоса, 200-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 150 террористің көзі жойылды, олардың мыңға тарта жақтастары ұсталды, қолдан жасалған 200-ге тарта жарылғыш заттар мен 1500-ге жуық қару-жарақ тәркіленді, деді Е. Сысоев. Оның айтуынша, мұндай жұмыстардың жүзеге асырылуына өзара жедел ақпаратпен алмасу тетіктерінің жетілгені сеп болған.
Кеңес аясында, сондай-ақ, Беларусь, Моңғолия, Түрікменстан, Ауғанстан президенттері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де сөз сөйледі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ұйымның 15 жылдық мерейтойына сәйкес келген жиынының қорытындысында бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Мәселен, ШЫҰ-ның 15 жылдығына орай Ташкент декларациясы қабылданды. Сонымен қатар, ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру бойынша 2016-2020 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекіту туралы, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Үндістан Республикасының міндеттемелері жөніндегі меморандумға қол қою туралы, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Пәкістан Ислам Республикасының міндеттемелері жөніндегі меморандумға қол қою туралы, ШЫҰ-ның 2015 жылдың шілдесі мен 2016 жылдың маусымы кезеңіндегі қызметі туралы ұйымның бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы, Лаңкестікке қарсы өңірлік құрылымның 2015 жылғы қызметі туралы ШЫҰ-ның Лаңкестікке қарсы өңірлік құрылымы кеңесінің баяндамасын бекіту туралы, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізу мерзімі туралы ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің шешімдері, бұған қоса, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Үндістан Республикасының міндеттемелері туралы меморандум, ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Пәкістан Ислам Республикасының міндеттемелері туралы меморандум, Туризм саласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығын дамыту бағдарламасы бекітілді.
Сонымен қатар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы туралы ақпараттық хабарлама қабылданды.
* * *
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты, оның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттарын қарастырып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар жайттар жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді Қытай коммунистік партиясының құрылғанына 95 жыл толуымен құттықтады. Партияның көшбасшылығымен Қытай халқы бүгінгідей биіктерге жетіп, елді әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына қосу міндетін алға қойып отырғанын атап өтті.
Си Цзиньпин тәуелсіздік жылдары Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлемдік саяси үдерістерге белсене қатысып, егеменді даму мен әлеуметтік-экономикалық реформалар жолында елеулі табыстарға жеткенін атап өтті. Сондай-ақ, ҚХР Төрағасы Қазақстанның Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі бастамасына қолдау білдірді.
Әңгімелесу барысында тараптар көлік және коммуникация саласындағы екіжақты ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екеніне назар аударып, «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларының бір-бірін өзара толықтырып тұратынына тоқталып өтті. Сондай-ақ, екі ел аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін одан әрі нығайту және дамыту қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын жаңа сапалы деңгейге көтеріп, оның көлемін ұлғайтуға ниетті екендіктерін білдірді. Екі мемлекеттің көшбасшылары агроөнеркәсіп саласындағы ұзақ мерзімге арналған серіктестікті одан әрі нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық БАҚ өкілдері үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі отырысына қатысу қорытындысына арналған брифинг өткізді. Брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі отырысына қатысуының басты қорытындыларын атап өтті.
Бүгін ШЫҰ-ның маңызды, тарихи мәні бар саммиттерінің бірі өтті деп есептеймін. Қазақстан Қытаймен шекараға қатысты аумақтық мәселелерін шешіп жатқан бес республиканың қатарында ұйымды құрудың бастамашыларының бірі ретінде оның бастауында тұрды. Қазіргі басым бағытының бірі экономикалық ынтымақтастықты дамыту болып саналатын біздің ұйым экономикалық және саяси жағынан маңызды әлемдік ойыншыға айналды, деді Қазақстан басшысы.
Қазақстан Президенті саммит аясында Үндістан мен Пәкістанның ұйымға кіруі жөніндегі негізгі құжаттарға қол қойылғанын айтты. – Үндістан мен Пәкістанның қосылуының арқасында ұйым Еуразияның көп бөлігін, Жер шары тұрғындарының жартысына жуығын және әлем экономикасының 20%-ын қамтитын аса зор жаһандық құрылымға айналды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көлік-логистика бекеттері арқылы тоғысуы, елдеріміздің экономикалық шекараларының ашылуы және Ұлы Жібек жолының жаңғыртылуы Қазақстанға болашақта зор басымдықтар береді, деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Президент іс-шара аясында өткен екіжақты келіссөздердің негізгі нәтижелері туралы айтып өтті. – Біз бүгін ҚХР Төрағасымен кездесу кезінде елімізді индустрияландыруда маңызды рөл атқаратын 50-ден астам бірлескен кәсіпорын құру перспективаларын қарастырдық. Ауғанстан Президентімен келіссөздер барысында сол елдегі жағдай талқыланды. Бүгінде Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына қолдау көрсетуін жалғастыруда. Ауғанстанға 150 маман қайта оралып, олар таяуда жұмыс істей бастайды. Сонымен қатар, біз еліміздің жоғары оқу орындарына жыл сайын 50 адамнан қабылдап, Ауғанстан экономикасының қайта қалпына келуіне көмек көрсетудеміз, деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің келесі саммиті 2017 жылғы 8-9 маусымда Астанада өтетінін хабарлап, соңынан кеңес қорытындыларына қанағаттанатынын айтты және оның дер кезінде өтіп отырған аса маңызды шара екенін атап көрсетті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан» –
Ташкенттен
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ