Бұрнағы күні Ұлыбритания Біріккен Корольдігінде өткен референдум тұрғындардың басым бөлігі Еуроодақтан шыққанды қалайтынын көрсетті. Корольдіктегі 382 округтің басым бөлігі күн тәртібіне қойылған сұрақты қолдады. Атап айтқанда, британиялықтардың 51,9 пайызы одақтан шығуды қаласа, 48,1 пайызы қала беруге үн қосты. Былайша айтқанда, 17 410 742 адам ЕО-дан шығуға дауыс берсе, 16 141 241 адам бұрынғы қалпында қалуға үміт артқан.
Нәтиже белгілі болған бойда оны талдаушылар қатары көбейе түсті. Солардың алдыңғы қатарында жақында Лондонның мэрі болып сайланған Садик Хан елдің ЕО құрамынан шығатынына қарамастан, Ұлыбритания астанасының бұрынғысынша Еуропа жұрты үшін есігі ашық, «жайнаған қала болып қала беретінін» айтты. Осы күні таңертең бір топ адам Британияның ЕО-дан шығуын айрықша жақтаушылардың бірі, Лондонның бұрынғы мэрі Борис Джонсонның үйі алдына жиналып, оның референдум қорытындысына қандай реакция білдіретінін қадағалап тұрды. Алайда, Джонсон жұрт алдына шығып, ештеңе айта қоймады. Содан соң олар айғайлап, ысқырып, шулап кетіп қалды.
Мұның есесіне, АҚШ пен Еуроодаққа мүше елдер сең соққан балықтай болып естерінен танған кейіп танытты. Еуропалық Кеңес таңертең шұғыл жиын өткізді. Онда кеңес төрағасы Дональд Туск жағдай бұлай өзгеріп кеткенімен, Еуроодақтың болашағы болатынына сенетінін жеткізді. «Бізді өлтірген нәрсе бізді күшті де ете түседі», деп мәлімдеді ол ортағасырлық шешендердің сөз стилімен. Испания сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Гарсия-Маргальо 1713 жылдан бері теңіздің арғы жағындағы территория болып келе жатқан Ұлыбританияның ЕО-дан шығу жөнінде шешім қабылдауы арал-мемлекеттің болашағына қандай өзгерістер әкеледі, деді,
Ал АҚШ президенттігіне республикашылар атынан кандидат Дональд Трамп Ұлыбританияның ЕО-дан шығу жөнінде шешім жасап, керемет ұйғарымға келгенін атап өтті. Оның ойынша, бұл британиялықтарға «өз елдерін өздеріне қайтарып алуға көмектеседі». Оның пиғылына қарағанда, біртұтас күшті Еуропа АҚШ-қа еш керек емес, ыдырап әлсірегені ұтымды. Еуропарламенттің төрағасы Мартин Шульц кабинеттің Британиядағы референдум қорытындысын талқылау үшін сейсенбі күні бас қосатындарын айтты. Мұндай басқосуларды АҚШ, Германия және Франция басшылары да өткізгелі жатыр. Ал Ресей президенті Владимир Путин қалай болғанда да Британия халқының таңдауын қолдауға тура келетінін көлденең тартты.
Ұлыбританиядағы референдум қорытындысы алдымен Еуроодақтың іргесі сөгілуінің бірінші белгісі болса, екінші жағынан Корольдік құрамына кіретін басқа ұлттық құрылымдардың ортақ мемлекет аясынан шығып кетуге қайта талпыныс жасауларына мұрындық жасағалы тұрған сияқты. Мысалы, «үлкен Еуропаның» құрамында болуды қалаған Шотландия бұдан былай кіші Британияның аясында қала беруге ықыласты емес екендерін ашық айта бастады. Мұндай көңіл-күй толқыны Солтүстік Ирландия және Уэльс аумағын да шарпып жатыр. Олар да енді өз референдумдарын өткізбек әрекетке тәуекел ететін түрлері бар.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон болса, үш айдың ішінде қызметінен кететінін мәлімдеп үлгерді...
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»