25 Маусым, 2016

Мәңгілік Елдің мәдени құндылығы

3597 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
мангилик елЖаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жаңа адамы жасампаздық үлгілері мен үр­дістері өрісінде өсіп-жетілуі үшін та­рихи-тағылымдық мұраларымыз бен одан бастау алған бүгінгі рухани-мәдени, көркемдік-тәлімдік, зайырлы-зиятты мұраттарымызды орнықтыру – кешеден қазірге жалғасып, ертеңге ұласатын мәңгі міндет, мәнді тақырып. Ширек ғасырда ширақ ширығып, шымыр толысып, әлемдік қауымдастықтың әлпетіне шырай қосқан тәуелсіз Отанымыздың тізгінін ұстайтын ұрпақтың «бесігін түзетіп» (М.Әуезов), есігін күзетіп, ұшпаққа шығаратын ұлы ұлағат қағидатынан, бос­тан болған алғашқы алмағайып кезең­дерден бастап, Ұлт Жоспарын ұшанға ұзат­қан уақытқа дейін айныған емеспіз. Елбасымыз Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларынан туындаған еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, өркениеттік түлеу бағыттары, «Тарих толқынындағы» (Н.Назарбаев) кепиетті құндылықтарымызды түгендеу арқылы Мәңгілік Елдің отын маздату идея­сы, сондай-ақ, адамзатты жаппай қырып-жойып қана қоймай, ұзақ мерзімдік зардаптары генетикалық-мутанттық қасіретке ұшырататын атомдық-ядролық милитаризмге қарсы үндеген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі, зерделеп, зерттеп қарасақ, ұлттың қамын ойлаған, болашаққа бойлаған Тезистік Тұғырнамалар. Мұны «байырғы қазақ жерінде бір тағдыр және тарихи жады арқылы бай­ланысқан, Ұлы Дала елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырған Қазақстан аза­маттары» («Мәңгілік Ел – Патриоттық актісі») және ұрпақтары жүзеге асырады, кәдеге жаратады. Ендеше, жаңа Қазақ­станның жаңа адамы қалай өніп, қалай өсіп келеді? Өркениетті отыз елмен қанаттаса ша­ңырақ көтеретін ордамыздың керегесінің көгі мен уығының қаламы мықты ма? Рух семсе – болашаққа бастайтын үмітің мен сенімің сөнеді. «Мың өліп, мың тірілген қазақ» мұны ешқашан ұмытпаған. Тарих сабақтары санасын сәулелендірген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің тәуекел жылдарынан бастап Қазақстан халқының тұтастығы мен тұрақтылығын, берекелі бірлігін қамтамасыз ететін шаралар шоғырын бірінші кезекке қойып, Үкі­метке толайым тапсырмалар беріп, тарихи-рухани және мәдени тұғырымызды нығайтуға үлкен еңбек сіңірді. Осы бағытта мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қаржыландырылды, жүзеге асырылды. Нәтижесінде ширек ғасырдың беделінде әлемдік қауымдастық Қазақcтанды тү­бегейлі танып-біліп қана қоймай, әлеуетті әріптес санады, санасты. Мәдениет және спорт министрлігінің деректерін дәйектесек, саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды жинақтасақ, ақиқаттың ауылынан табылатынымыз рас. Бүгінде еліміз бойынша мемлекеттік мәдениет және өнер мекемелерінің жиыны республикалық 9 театр, 7 концерттік ұйым, 3 кітапхана, 6 музей, 9 тарихи-мәдени музей-қорықтар, 1 кинокомпания­ны қоса есептегенде, 7,6 мың нысанды құрайды. Сондай-ақ, облыстық мәдениет ұйымдарында 4,1 мың кітапхана, 3 мыңға жуық клуб үлгісіндегі мекеме, 228 музей, 52 театр, 22 кино көрсететін зал, 34 концерттік ұйым, 64 мәдени-демалыс саябағы және 3 цирк бар. Сықырлаған цифрлар статистикалық көрсеткіш емес, көпұлтты мемлекетіміздің мәдени-рухани өміріне қалтқысыз қызмет еткен, бейбітшілік пен ұлттық келісімді насихаттаған, әлемдік мәдениеттің озық өнегелерін танымдық тіршілігімізге кі­ріктірген, жаңа Қазақстанның жаңа адамы­ның бүтін болмысына тәрбиелік қуат берген тұтас генератор. Соның нәтижесінде өткен жылы елімізде және шет елдерде тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге, бүгінгі рухани тұрпатымыздың келісімін көрсетуге арналған 383 іс-шара өткізілді. Оған Қазақстан халқының жылнамасында жүрекпен жазылған Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдықтары мерейтойларының бү­кілхалықтық деңгейде аталып өтілгенін қосыңыз. Республикалық музейлер мен қорық-музейлер 383, оның ішінде 20 халықаралық көрме ұйымдастырды. Олардың 165-і бейнелеу, зергерлік және қолданбалы өнер туындыларына арналса, 218 көрмеге қорық-музейлер қорларындағы жәдігерлер қойылып, көрермендердің көзайымына айналды. ежелгі түркі жұртының мұрагері – қазақтың шежіресін танып-білуге септігін тигізетін құндылықтар көрмесімен қатар, министрлік ұйымдастырған «Тәуелсіздік тарихы» кітап көрмесі мен «Оқырман қауым – Ұлы Дала елінің болашағы» Халықаралық оқу Конгресінің жаңа адамның зердесін заманауи рухпен зерлегені кәміл. Заманауи демекші, ғаламдық технологиялардың үлгісімен 23000 құжаттың электрондық көшірмесі сандық форматқа ауыстырылып, Қазақтың ұлттық электрондық кітап­ханасына кірушілердің саны 65 мыңға жетті, сондай-ақ, аталған жүйені әлемнің 105 елінен 25000 оқырман виртуалды түрде пайдаланып отыр. Туған әдебиетіміз бен өнерімізге өл­шеусіз олжа салған, есімдері ер үстінен түспейтін қайраткерлерімізді ұлықтау – маңызды міндет қана емес, бүгінгі ұрпақтың арман-мұратын тұлғаға теңестіру ниетінен және олардың бойындағы шығармашылық талантын ашып, қанатқақты қарымына қолдау көрсету тілегінен туындаған шаралар тізбегі болса керек-ті. Әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің, саусағында көзі бар күйші Тәттімбет Қазанғапұлының, батыр, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің, театр өнерінің шоғыр жұлдыздарын шал­ғайына орап өсіріп шығарған ұстаз-режиссер Асқар Тоқпановтың мерейтойлары – сөзіміздің куәдүрі. Оның сыртында, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түрксой, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы және Еуразия экономикалық қауымдастығы елдерінде тұрақты өтіп тұратын мәдени іс-шараларға қатысқан отандық шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың есімдері әйгіленіп, өзіндік қолтаңбалары қалыптасты. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Қазақстанның мәдени апталығының өтуін және Мем­лекет басшысының шетелдік делегациялармен ресми кездесулері ауқымында Қазақстанның өнер шеберлерінің, сондай-ақ, музыка және хореография ұжымдарының қатысуымен 20-ға жуық концерттік іс-шаралар ұйымдастырылуын ұлт өнерінің халықаралық деңгейде трансформациялануы деп түсінуіміз керек, сол арқылы әлем Қазақстан халқының рухани қуатын бұрынғыдан да айқын тани түсті. Қазақ хандығының шежіресін шерткен, Тәуелсіздігіміздің жасампаздығын жырлаған, халықтар достығының дәстүрін дәріптеген жанрлық шығармалар мен авторларға моральдық және материалдық қолдау көрсетіліп, рухани айналымға енгізіліп келеді. Мысалы, Ә.Алпысбаевтың «Орбұлақ таңы», С.Әбдінұровтың «Керей-Жәнібек», Ж.Тұрсынбаевтың «Абылайдың ұлы ісі», Т.Рақымовтың «Әз-Жәнібек, Керей хан-кемеңгерлер», Ш.Қорғанбекованың «Ғасырлар куәсі» туындылары «Ең үздік музыкалық шығарма номинациясы», А.Жайымның «Мерекелік күй», Б.Дәлденбайдың «Көк ойнақ», В.Стригоцкийдің «Экспресс на ЭКСПО-2017» төлтумалары «Халық аспаптары және эстрада – симфониялық оркестріне жазылған ең үздік салтанатты шығарма» номинациясы, көрнекті жазушы Т.Нұрмағамбетовтің «Мұстафа Шоқай», белгілі қаламгер Ж.Әлмаштың «Шамда сөнген шырақ» драмалық дүниелері «Тарихқа тағзым» номинациясы бойынша «жүзден жүйрік шығып», еліміздің театрлары мен филармонияларының, концерттік бірлестіктерінің репертуарларына қосылса, М.Мұқанов пен А.Жамханның «Алатау» (гобелен) Х.Құрбановтың «Жібек жолындағы жұлдыздар» (жону), Ж.Үмбетовтің «Күл­тегін» (тері), М.Әмірхановтың «Сәулеттік кәдесый жиынтығы» (күміс, қола, кохалонг), А.Бапановтың «Тәңірге сапар» (гобелен), З.Штифманның «Қазақ халқының тарихы мен тұрмысы» (коллекция) қолданбалы сәндік өнер туындылары рухани игілігімізге айналды. Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсының жеңімпаздары Ә.Әб­дінұровтың «Оқжетпестің қиясында», С.Қа­лымовтың «Біз – Ұлы Дала елі», Р.Халық­бектің «Көкбөрінің тегі едік», «Қазақ Елі», Д.Құрамысовтың «Жетісуым – киелі мекенім», Ж.Кеңесовтің «Жас ұландар – қыраным» әндері тақырыптың тамырында түбі түгел ұлттың қанын ойнатқан, тәуелсіз еліміздің болашағына бойлатқан бояулы саздар панорамасын құрады. Театр және кино өнері де толысып-тұлғаланып келеді. Бір жылдың айналасында республикалық театрларда 40-қа жуық қойылым сахналанып, бір спектакль жаңа редакцияда ұсынылды. Астанада көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің халықтар достығын паш еткен «Бақыт құсы», Қызылордада талантты қаламгер Рақымжан Отарбаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын тергеген «Нарком Жүргенов» спектакльдерінің премьералары сәтті өтті, Шымкент қала­сында Қазақстан ұлттық-этникалық театр­ларының республикалық фестивалі болды. Сондай-ақ, республикалық және аймақтық прокатқа «Құнанбай», «Жол», «Теңіздің толуын күту», «А-ға оралу», «Елес аулау» және т.б. көркем фильмдері шықты. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ак­ционерлік қоғамы мемлекетіміздің шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесе отырып, Ресейде, Финляндияда, Румынияда, Беларусь пен Түрікменстанда «Қазақ киносының күндерін» өткізді. 5 көркем және 1 анимациялық фильм ха­лықаралық 8 фестивальге қатысты. Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаң­ғақ тал» фильмі Оңтүстік Кореяның Бусан қаласында «А» санатындағы ХХ халықаралық кинофестивальде алғаш көрсетіліп, «Жаңа ағым» секциясында бас жүлдені иеленді, одан кейін Варшавадағы халықаралық кинофестивальге ұсынылды. Осы мерзімде 8 толықметражды және 7 қысқаметражды, 27 деректі, 2 ани­мациялық фильм түсірілді. Қол жеткен табыстарды баянды ету, өнімдер сапасын арттыру мен жұмысты жүйелі жоспарлау үшін Қазақстан Республикасының Мә­дениет және спорт министрлігі кино ісінің әлемдік тәлімді тәжірибелерін ескере отырып, «Қазақфильм» АҚ-тың қызметін жаңғырту бойынша тұжырымдаманың жобасы әзірленуде. Тарихи-мәдени мұраларымызды қас­терлеу, сақтау және бастапқы қалпына келтіру шаралары да министрлік тарапынан қағажу қалған емес. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық тарих және мәдениет ескерткіштеріне реставрациялау және консервациялау жұмыстары жүргізілді. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Рес­публикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңына сәйкес, өңірлердегі тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау аймағының шекараларын белгілеу ұсыныстары жер­гілікті әкімдіктер тарапынан қолдау тауып жатыр. Мысалы, Шиелі ауданы аумағындағы Қаратау жотасында 472,3 гектар жерді алып жатқан «Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешенінің» (б.э.д. ХVIII-ІІІ ғасырлар) кө­лемі 85,7 гектар қорғау аймағының және көлемі 122,8 гектар қорғалатын табиғи ланд­шафтының шекаралары Қызылорда облыс­тық мәслихатының шешімімен бекітілді. Тәуелсіз еліміздің мәдениеті мен өне­рін дамытуда көркемдік кеңестердің атқаратын міндеттері зор. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған көркемдік кеңестер театр, музыка, цирк, хореография өнерінің, киноөндірістің, әдебиет және кітап шығару ісінің, археология, көркемсурет, дизайн, сәулет, кітапхана мен музей саласының іскерлік бағыттары мен зәру мәселелерін талқылап, құзыретті мекемелерге ұсыныстар енгізді. Кеңестердің құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктердің, шығармашылық одақтардың өкілдері бар. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желі­лерде әралуан пікір туғызған Астана қа­­­­­ла­­­сындағы «Ғашықтар» саябағында орналасқан «Бақытым менің» мүсіні бойынша кеңес мүшелері оң көзқарастарын білдірді. Оның ландшафтық безендіру және саябақтық сәндік-мүсіндік композиция екендігі, автордың шығармашылық шешімінің астарында дау-дамайға айналдыратындай әбестік нышандарының жоқтығы, қайта жан тазалығы мен тән сұлулығының табиғи үйлесім тауып тұратындығы айтылып, мүсінді бүгінгі қалпында қалдыруға ұйғарым жасалды. Музыка өнері жөніндегі көркемдік кеңесте Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының дәстүрлі ұлттық өнерді дамытудағы рөлі, қазіргі таңдағы айтыс сайысының өзекті мәселелері, «Қазақстан» және «Хабар» телеарналарының әуендік және ойын-сауықтық бағдарламалары жайлы сөз қозғалды. Мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков, дәстүрлі әнші Қ.Байбосынов, Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Тілеухан, жырау А.Алматов, ақындар Ж.Ерман, Ә.Беркенова, А.Әлтаев «Шоу-айтысқа» айтыс ақын­дарын немесе бұрын-соңды айтысқа қатысқан, суырыпсалмалық қабілеті бар өнер иелерін қатыстыру, «бөтен сөзбен сөз арасын бүлдіретін» (Абай) сайқы-мазақ, арзан күлкіге жол бермеу, «қолдан ақын жасау» синдромына тыйым салу мәселесін көтеріп, дәстүрлі ұлттық өнерді насихаттау мақсатында музыкалық, ойын-са­уықтық бағдарламалардың көркемдік және эстетикалық сапасын арттыруға және ұлттық өнерді дәріптейтін тұрақты бағ­дарламаларды ұйымдастыруға байланыс­ты ойларын ортаға салды. Міне, уақыт кеңістігінде мешін жылы өрмегінің жүзі ауып барады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Тұжырымдамасы мен «Мәңгілік Ел» – Патриоттық актісін жүзеге асыруға жұмылған Қазақстан жұрты дағдарысқа қарсы шараларды еңсеріп, «Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан-ұрпаққа аманат етуге» (Мәңгілік Ел – Патриоттық актісі) ниет байласып, құлшына қарекет жасау­да. Кейбіреулер теологиялық тұрғыдан жіктеп, астральдық ұшқары ұғымға таңғысы келетін Мәңгілік Ел идеясы – Жер мәңгілік тұрса, Адамзат ұрпағы мәңгілік өмір сүрсе, қазақ халқы да мәңгіліктің көшіне ілеседі деген ұғымды білдірсе керек-ті. Ендеше, тарихи мұраларымыз бен ру­хани-мәдени құндылықтарымыздың бірлігі, мемлекеттік тіліміздің өміршеңдігі мен ортақтығы таңдаған жолымыздан айнымауға және өзімізді жалпақ жаһанға паш етуге мүмкіндік береді. Мұхтар ӘБДІКӘРІМОВ, Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Астана