Фристайл
Дмитрий БАРМАШОВ: АРМАНЫМ АҚИҚАТҚА АЙНАЛДЫ
Қазақстан фристайл құрамасының бас бапкері Виктор Лемешко сөзінде тұрды. Жаттықтырушы жарыс басталмай жатып-ақ жерлестеріміздің жеңіс тұғырына көтерілетініне сенімді екенін ашық мәлімдеген-ді. Әне-міне дегенше, «Табаған» спорттық кешенінде төрт елдің, яғни Қазақстан, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея фристайлшыларының қатар могул жарыстары аяқталды. Ерлер арасындағы да, қыздар арасындағы да Азиада алтыны – Қазақстанда! Осыған дейін де жеке могул сайысында Азиада алтынын таққан Юлия Галышева кезекті рет жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Жігіттер арасында Дмитрий Бармашов бас жүлдені иемденді. Күміс медальді де өзіміздің Юлия Родионова жеңіп алды.
Осыған дейін 31 қаңтарда жеке могулда қоланы қоржынына салған Азиада чемпионы Дмитрий Бармашов марапаттау салтанатынан кейін журналистерге берген қысқа сұхбатында өз жеңісін бапкері Вадим Соколовқа арнайтынын айтты.
– Азия ойындарында алтын жүлде алу менің арманым болған. Бапкерсіз оны жүзеге асыра алмаушы едім. Ауа райы бөгет болған жоқ.
Көзілдірігіме қар жабыса берді, бірақ оған назар аудармадым. Тек алтын жүлде туралы ойладым! – деді алтынды жігіт.
Спорттың аты – спорт қой. Күтпеген оқиғалар бола береді. Бастапқыда бапкерлер де, басқасы да қатар могулдың бас жүлдесін жеке могулда алдына жан салмаған Дмитрий Рейхерд алатынына сенген еді. Алайда, бастапқыда алда болған бұл жігітіміз шаңғы ақауына байланысты ширек финалдан шығып қалды.
Өкінішке қарай, 2008 жылы әлем кубогында алтын медальді жеңіп алған, 2009 жылы Әлем чемпионатына, 2006 жылы Олимпия ойындарына жекелей жарысқа қатысқан, Азиада-2011-де могул жарысында болып, жекелей есепте чемпион атанған қазақстандық фристайлшы Дмитрий Рейхердтің соңғы жарыс қорытындысына көңілі қош болмады. Ол іріктеу сынында небәрі бесінші орын алумен шектелді. Ширек финалды да жақсы бастай алған жоқ. Мәре сызығына бірінші болып жете алмады. Мамандар оның сәтсіздігін көңіл-күйінің онша болмағандығынан деп есептейді. Жабырқаулық пен іштей күйзелу осындай қателікке ұшырауына ықпал етті. Соның салдарынан қажетті мөлшерде ұпай жинақтай алмай, корейлік Чой Джае-Вудан қалып қойды.
Мына қызықты қараңыз! Дмитрий жеке жарыста алтын алуға дәл сөреден қозғаларда қоңырау соғылып, ұялы телефоннан шыққан әуен жігерленуге септескені жайлы сыр бөліскен болатын. Бұл жолы неге күйзелді екен?
Ал Азиаданың екі дүркін чемпионы Юлия Галышева қатар могулдағы бірінші сайыс аяқталысымен өз әсерімен бөлісіп:
– Әрине, бүгінгі жаңбыр қиындық тудырды, шаңғы дұрыс сырғанамай, тежеліп, трамплиннен секіруге жылдамдық жетпей жатты. Дегенмен, мен бірінші болдым.
Жеке могулда өнер көрсеткен спортшылардың мүмкіндіктері сарапқа салынғанда, негізгі тартыс Қазақстан мен Жапония арасында жүретіні болжанған. Бұл қазақстандық могул командасының жетекшісі Виктор Рейхердтің пікірі.
Алайда, күмісті иеленген Юлия Родионова құламағанда, жарыс нәтижесі басқаша болар еді. Ол тепе-теңдігін жоғалтып алды. Үшінші орында – жапондық Мики Ито.
Фристайл бойынша қол жеткізген қомақты табыстарды қорытындылай келе, сәрсенбі күні Қысқы Азия ойындарының Бас баспасөз орталығында баспасөз мәслихаты өтті. Оған Ұлттық фристайл және сноуборд федерациясының вице-президенті Елена Круглыхина мен могулшылар құрама командасының капитаны Виктор Рейхерд қатысты.
– Біздің могулшыларымыздың бағдарламалары әбден сынақтан өткен, сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ең бастысы, спортшыларымыздың психологиялық дайындығы өте жоғары, – деді ол өз сөзінде.
Елена Круглыхина болса Азиада ойындарынан кейін Ұлттық фристайл және сноуборд федерациясы жастар арасында спорттың осы түрін насихаттауды мықтап қолға алатынын айтты.
Көп жылдар бойы Қазақстанның фристайл құрамасының могул бойынша көшбасшы болып келген Алексей Банников Қазақстанда өтіп жатқан мұндай шара отандық фристайлдың дамуына түрткі болады деп үміттенді.
Қазіргі уақытта Банников ски-кроссу бойынша топтың бапкері, оның пікірінше бұл дисциплина Қазақстанда кең тарауы мүмкін.
– Қазір ски-кросс бүкіл әлем бойынша дамып жатыр. Ол тек Ванкувердегі Олимпиададан кейін ресми түрде олимпиадалық деп мойындалды, – дейді Алексей. – Ал Азия ойындарын өткізуге сұранысты біз оның алдында жіберіп қойғанбыз. Солай болса да, өкінішке қарай, Азиадада ски-кросс болған жоқ. Дегенмен біз осы дисциплинаны міндетті түрде дамытамыз.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.